Accessibility links

"Полицияға бағынбаған" алматылық Болат Имашевке сот ескерту берді


Сотқа келіп тұрған Алматы тұрғыны Болат Имашев. Алматы, 30 қыркүйек 2019 жыл.
Сотқа келіп тұрған Алматы тұрғыны Болат Имашев. Алматы, 30 қыркүйек 2019 жыл.

«Митинг кезінде полицияға бағынбады» деп айыпталған Алматы тұрғыны Болат Имашевті судья ескертумен босатты.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында алматылық Болат Имашевтің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша сот процесі өтті.

21 қыркүйекті рұқсат етілмеген митинг кезінде «полиция талабына бағынбай, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 667-бабын бұзды» деп айыптаған прокурор Болат Имашевті 5 тәулікке қамауға алуды сұраған. Болат Имашевқа адвокат мемлекет тарапынан берілген.

50 жастағы Болат Имашев қыркүйектің 21-іне наразылық шарасына келгенін растағанымен полицияға талабына бағынбайтындай әрекет жасамағанын айтты.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабына («Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») қайшы әрекеттер бойынша "ескерту жасалады немесе 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады, не бес тәулiкке дейiнгі әкiмшiлiк қамаққа алынады" деп көрсетілген.

Осы баппен үш күн бұрын, яғни 27 қыркүйекте Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Болат Смағұловты төрт тәулікке қамау туралы шешім шығарған еді. Оны да 21 қыркүйектегі митинг кезінде "полицияға бағынбады" деп айыптаған.

21 қыркүйекте полиция Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы белгілеген «митингі орындарында» ресми дерек бойынша шамамен 100 адамды ұстаған. «Рұқсат етілмеген митингіге қатысқан» адамдардың көбі бірнеше сағаттан соң босатылған. Оннан астам адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге күш қолданғаны хабарланған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG