Accessibility links

Украина Ираннан өтемақы талап етеді


"Борисполь" әуежайында ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алу мемориалына гүл қойып жатқан Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 9 қаңтар 2020 жыл.
"Борисполь" әуежайында ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алу мемориалына гүл қойып жатқан Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 9 қаңтар 2020 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский 11 қаңтарда Тегеран кінәсін толық мойындап, апатты мұқият зерттеп, өтемақы төлеуі тиіс деді.

"Иран апатты толық әрі ашық зерттейді, кінәлілерді жауапқа тартып, мәйіттерді қайтарады, өтемақы төлеп, дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде кешірім сұрайды деп күтеміз" деп жазды Зеленский Телеграм-арнасында.

Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо Оттава Тегераннан болған оқиғаның толық әрі мұқият зерттелуін талап етеді деп мәлімдеді. Ұшақ апатынан Канаданың 57 азаматы қаза болған (Басында 63 канадалық болған деп айтылған).

11 қаңтарда таңертең Иран қарулы күштерінің бас штабы Тегеран әуежайы маңында украиналық ұшақты ирандық әскерилер қателесіп атып түсірді деп мәлімдеді. Олар ұшақ Ислам революциясы сақшылар корпусының "құпия әскери орталығына" қарай бағыт алғандықтан әскерилердің оны "жау нысаны" деп ойлап қалғанын айтты.

Иран президенті Хасан Роухани Twitter желісінде оқиғаны "ұлы трагедия және кешірілмейтін қателік" деп атады. "Өкінішке қарай, әскерилер жүргізген ішкі зерттеуге сәйкес, қателесіп жіберілген зымырандар ұшақ апатына себеп болған, 176 кінәсіз адам ажал құшты" деп жазды. Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зариф оқиға "АҚШ авантюризмінен туындаған дағдарыс кезінде" болды деп жазды.

Иран үкіметі бұған дейін батыс жетекшілері мен сарапшыларының "ұшақты ирандық зымыран атып түсірген болуы мүмкін" деген мәлімдемесін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Иран украиналық ұшақты әскерилердің "қателесіп" атып түсіргенін мойындады

Бастапқыда ұшақ "техникалық ақауға байланысты" құлады деп айтылды, алайда зымыран шабуылы болғаны туралы видеожазбалар болғандықтан бұл болжамға күмән пайда болды.

Ұшақ апатының алдында бірнеше сағат бұрын Иран АҚШ-тың Ирактағы екі әскери базасын зымыранмен атқылаған. Ислам революциясы корпусы бұл шабуылды генерал Касем Сүлейманидің өліміне жауап деп мәлімдеді.

"Украинаның халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі ұшақ Тегераннан Киевке ұшқан. Ұшақта Канаданың - 57, Иранның - 82, Ауғанстанның - 4, Германияның - 3, Ұлыбританияның - 3, Украинаның - 11 азаматы болған. 176 адамның барлығы қаза болды.

ВИДЕО: Иранда украиналық ұшақ құлады (8 қаңтар 2020 жыл).

"Адамдардың денесі шашылып жатты". Иранда Украина ұшағы апатқа ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG