Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) - 2006 жылы Дрю Салливан (Drew Sullivan) мен Пол Рад (Paul Radu) құрған халықаралық журналистік зерттеу жобасы. Әлемде 90 миллионнан астам оқырманы бар бұл жоба осы кезге дейін 100-ге жуық журналистік зерттеу жариялаған. Олардың арасында Орталық Азиядағы постсоветтік елдердегі жемқорлық туралы да зерттеулер бар. 2019 жылы желтоқсанның 27-і күні OCCRP-Tajikistan және Ольга Гейннің атынан Тәжікстан туралы кезекті зерттеу жарияланған. Азаттық оның мазмұнымен таныстырады.
Өткен жылы мамырда Душанбеде қаржы, салық және кеден қызметкерлерімен өткізген жиында Тәжікстан президенті жемқорлықтың кесірі туралы айтып, шенеуніктердің кейбірін сөкті.
Оның сөзінше, республика (Орталық Азиядағы ең кедей мемлекет) шетелден келетін декларация толтырылмаған контрабандалық тауарға көз жұма қарайтын "принципсіз" шенеуніктердің кесірінен үнемі бюджет тапшылығына тап болады.
"Бюджетті қалай толтырамыз? Қайда қарап отырмыз? Миллион, миллиардтаған ақша қазынаға түспей кетіп жатыр" деп ашуланды Эмомали Рахмон.
"Тәжікстанды 27 жылдан бері үздіксіз басқарып отырған президент Рахмон бюджет тапшылығы үшін шенеуніктерді сөгіп, ұрса алады, алайда, OCCRP танысқан құжаттарға қарағанда, президент заңды орындауды талап еткен бұл сөзін өз жақын-жуығына айтып отырмағанға ұқсайды" деп жазады зерттеу авторлары.
2019 жылғы наурызда президент жарлығымен тәжікстандық үш компания (екеуі президент отбасымен байланысты) шетелден мейрамханалар мен сауықтыру кешендерін қайта жөндеу жұмыстарына қажетті әртүрлі құрылыс материалдары мен заттарын әкелгенде төлейтін кедендік баж алымы мен қосымша құн салығынан босатылған.
Аталған компанияларға шетелден мыңдаған тонна арматура, әжетхана қондырғылары мен он мың шаршы метрден астам еденге төсейтін тақтайшаны салық төлемей ел аумағына әкелуге рұқсат берілген. Шілде айында жөндеу жұмыстарын аяқтауға қажетті шетелден әкелінген тауарлардың жаңа тізімін, соның ішінде жихаз және қарағай материалдарын салықтан босату туралы қосымша жарлық шықты. Өзге компаниялар шетелден мұндай тауарлар әкелген кезде кеден салығын төлеуге міндетті.
OCCRP өткен жылы президент Рахмонның жеті қызының бірінің жұбайы Шамсулло Сахибовтың коммерциялық мүддесі туралы көлемді зерттеуін жариялаған. Журналистер Сахибов отбасылық байланыстың арқасында қалай байығаны, бақылауындағы "Фароз" конгломератын Тәжікстанның түрлі саласында үстемдік орнатқан компанияға айналдырып, бәсекелестерін қалай тұқыртқаны туралы тәптіштеп жазған еді.
Енді OCCRP Сахибовтардың отбасылық кланы жақында салық жеңілдігіне болған тағы екі компанияға иелік ететінін, олардың қазір "курорт активтерін" қайта жаңғыртып жатқанын анықтаған. Рахмон қол қойған қаулыдан президенттің өз туысына "ерекше" қарайтынын байқауға болады деп жазады зерттеу авторлары.
СОВЕТ ТҰСЫНДА САЛЫНҒАН НЫСАННЫҢ ЖАҢА ИЕСІ
Минералды су көздері және емдік қасиеті бар балшығымен Орталық Азияға белгілі "Зумрад" емдеу-сауықтыру кешені 1970 жылдары Тәжікстанның солтүстігінде, Қырғызстан және Өзбекстанмен шекара аймағындағы табиғаты көрікті жерде – Исфар өзені жағасында салынған.
Қазіргі кезде бұл емдеу-сауықтыру және демалыс кешені бір мезгілде 500 адамды қабылдай алады. Бұл жерде жатып емделу үшін тәулігіне 11 доллардан 25 долларға дейін ақша төлеуге тура келеді. Тәжікстанда орташа еңбекақы 135 доллар екенін ескерсек, "Зумрад" кешенінде демалып, емделуді ел тұрғындарының көбінің қалтасы көтермейтіні анық.
2015 жылы сәуірде үкімет "Зумрад" кешенін жекешелендіру туралы жоспарын жариялап, санаторийдің құнын 1,1 миллион долларға жуық ақшаға бағалаған. Сол жылы қыркүйектің соңына қарай "Сомон-Сугд" компаниясы кешеннің акциясын шамамен 950 мың долларға, ал оның төңірегіндегі 600 гектар ауыл шаруашылығы жерін 91 мың долларға сатып алған. "Сомон-Сугд" компаниясының бенефициар меншік иелері – президент Рахмонның екі қайынағасы, ал компанияны президенттің күйеу баласының бауыры Нарзулло Сахибов басқарады.
2014 жылдан бастап Нарзулло Сахибов — Тәжікстандағы бір ведомство басшысының орынбасары. Коррупцияға қарсы заң бойынша, ондай қызмет атқаратын шенеунікке коммерциялық актив иеленуіне тыйым салынған.
Қазір "Зумрад" курортында көлемді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы наурызда және шілдеде қабылданған жарлықтарға сәйкес, кәсіпорын шетелден әкелген құрылыс және әрлеу материалдарына салық төлеуден босатылған.
Бай тарихы бар тағы бір емдеу-сауықтыру орны – "Шамбари" курортын 2016 жылы маусымда 395 мың доллар төлеп сатып алған "Рухафзо-2015" компаниясының да Тәжікстан президенті отбасымен байланысы бар.
1950 жылдары Гиссар қаласындағы белестерде салынған бұл курортқа ел астанасы Душанбеден автокөлікпен 45 минутта жетуге болады. Мұнда асқазан-ішек жолы дертін, қимыл-тірек аппараты мен жүйке жүйесінің тамыр ауруларын минералды сумен емдейді. 500 бөлмесі бар кешен бір мезгілде мың адамға дейін қабылдай алады. Сатылған кезде құны қанша болғаны белгісіз.
Нысанның жаңа меншік иесі саналатын "Рухафзо-2015" компаниясының құрылтайшылары қатарында президенттің күйеу баласының тағы бір бауыры Зайнулло Сахибов пен "Самох" компаниясы болған. "Самох" компаниясының қожайыны кім екені белгісіз, бірақ 2016 жылы ол Сахибовпен бірге тағы бір заңды тұлға - "Фарахноз-1" компаниясын құрған.
"Зумрад" сияқты "Рухафзо-2015" компаниясы да былтыр наурыз және шілде айларында қабылданған президент жарлығымен "Шамбари" курортын жаңғырту шеттен әкелген құрылыс және әрлеу материалдарына кеден салығын төлеуден босатылған. "Шамбари" курортында қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
БАҚ жаңалықтары мен курорт қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, президент Рахмонның үлкен қызының күйеуі Махмадзоир Сахибов жөндеу жұмыстарының барысымен танысу үшін "Зумрад" пен "Шамбари" курорттарына жиі келеді. Президенттің ресми сайтындағы фотосуреттерде Махмадзоир Сахибовтың қайын атасына "Зумрад" курортын көрсетіп жатқаны бейнеленген.
Президент жарлығымен салықтан босатылған үшінші компания "Дарио-2015" деп аталады. Бұл компанияның президент отбасына қатысы бар-жоғы белгісіз. Қазір осы компания Тәжікстан президенті туып-өскен Данғара ауданында 11 қабаттық мейманхана салып жатыр. 2016 жылы болашақ ғимараттың алғашқы тасын қалау рәсіміне президенттің өзі қатысқан.
ОТБАСЛЫҚ КОММЕРЦИЯ
Тәжікстан экономикасының әр саласында президенттің туған-туыстарының үлесі барын құжаттар растайды. Президенттің ықпалды күйеу баласы Шамсулло Сахибов басқаратын "Фароз" холдинг компаниясы көптеген салада жұмыс істейді және бәсекелестеріне қарағанда артықшылыққа ие.
Мысалы, 2015 жылы "Фароз" Тәжікстандағы жалғыз тау шаңғысы базасын салуға жерді тым арзан бағамен сатып алған. Бір жылдан кейін курорттың ашылу рәсіміне қатысқан президент Рахмон күйеу баласының есімін атамай, осы жобаны іске асырған "патриот бизнесменге" алғыс айтқан. 2018 жылы Тәжікстан үкіметі туризм саласына, соның ішінде тау шаңғысы курортына салық жеңілдігін белгілеу туралы құжаттарды мақұлдады.
2016 жылдың басында "Фароз" автокөлік жүргізушісін дайындайтын мектептерге елеулі инвестиция салды, содан кейін билік "оқу сапасы нашар" екенін алға тартып, автокөлік мектептерінің үштен екіге жуығын жауып тастады. Қалған автокөлік мектептеріне "Фароз" компаниясына тиесілі автодромды пайдалануды міндеттеді.
Бұдан бөлек, елде ас әзірлегенде және дәстүрлі медицинада пайдаланылатын ферула өсімдігінің шайыры – асафетидті жинау, өңдеу және шетелге сату құқығына Тәжікстанда тек қана "Фароз" компаниясы және оған байланысы бар құрылым ғана ие. Кедейлердің көпшілігі осынау жабайы өсімдіктің шайырын жинап, оны шетелге сатып, содан түскен табысқа күнелтетін, бірақ 2008 жылы президент жарлық шығарып, халыққа асафетид жинауға тыйым салған.
Өткен жылы тамыздың соңында Тәжікстан үкіметі мен Кеден қызметіне хатында "Фароз" компаниясының бас директоры Азамат Косимов "қаржы қиындығына" байланысты компания тарату жоспары жайлы хабардар еткен. Бірақ кей сарапшылар шындығында түрлі жағымсыз ақпарат айтылып жүрген компанияны таратып емес, қайта құрылымдап жатқанға ұқсайды деп санайды.
"Қазір Рахмон отбасының мүшелері екі емдеу-сауықтыру курортын да ("Зумрад" пен "Шамбари") өзінікі деп атауға құқылы деп санауға болады" деп жазады зерттеу авторлары. Бұл екі курорт олардың иелігіндегі онсыз да көп коммерциялық мүліктің (кеден терминалдары, банк жүйесінде, өндіріс және өзге салалардағы үлестері, оған қоса тау шаңғысы курорты, автомектептер, дәрілік өсімдіктерді жинау мен өңдеу) қатарын толықтырды.
Сонымен бірге, әрине, президенттің туыстары "дер кезінде" салық жеңілдігін беру туралы жарлық шығарған үкіметке де алғыс айтуына болады, енді ол курорттарды қайта жаңғырту қалтаға артық салмақ салмайды дейді журналистік зерттеу авторлары.
ПІКІРЛЕР