Accessibility links

Ұрсып алып, кешірді. Президент Рахмон сынаған кеденші


Тәжжікстан кеден қызметінің бұрынғы лауазымды қызметкері Шахбоз Раджабзода. Тәжікстан телеарнасы видеосынан скриншот.
Тәжжікстан кеден қызметінің бұрынғы лауазымды қызметкері Шахбоз Раджабзода. Тәжікстан телеарнасы видеосынан скриншот.

Президент Эмомали Рахмон авторитарлық әдіспен басқаратын Тәжікстанда азаматтардың барлығы заң алдында бірдей дегенге түрмеге қамалған ондаған оппозиция қайраткері мен елден кетуге мәжбүр болған билік оппоненттері келісе қоймайды.

Тәжікстанда заң бұзды деген күдікке ілінгендерге шара қолдануға келгенде "ала қойды бөле қырқу" байқалады дейді бақылаушылар.

Шілденің 30-ы күні тәжікстандық журналистер елдің жемқорлыққа қарсы агенттігінің басшысы Сулайман Султонзадеге кеден қызметінің бұрынғы шенеунігі, кеденде қызмет атқарған 20 айдың ішінде Душанбеден үш пәтер мен қымбат автокөлік сатып алып атышулы болған 32 жастағы Шахбоз Раджабзодаға қарсы тергеу басталды ма деген сұрақ қойды.

Султонзода Раджабзоданың үстінен ешкімнен арыз-өтініш түспегендіктен және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оны кешіргеннен кейін бұрынғы кеден қызметкеріне қарсы тергеу ісі қозғалмағанын айтты.

Шахбоз Раджабзоданың дүние-мүлікті қалай жиғаны осыдан аз уақыт бұрын президент Рахмон оны сынағаннан кейін көптің аузынан түспейтін болған. Мамырдың 10-ы күні Тәжікстанның қаржы, салық және кеден қызметкерлерімен өткізген жиында Рахмон залда отырған Раджабзоданы орнынан тұрғызып, қанша үйі мен көлігі барын сұраған еді.

Кеден қызметкерінің жауабын күтпестен президент оны жұрттың көзінше сөкті.

"Кінәң басыңдағы шашыңнан да көп. Қай жерде істесең де үнемі сені жұмыстан шығарады. Ал бұл жұмысқа сені қалай қабылдағаны ақылға қонбайды" деді Рахмон зілді дауыспен.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қаржы, салық және кеден қызметкерлерімен жиында сөйлеп тұр. Душанбе, 10 мамыр 2019 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қаржы, салық және кеден қызметкерлерімен жиында сөйлеп тұр. Душанбе, 10 мамыр 2019 жыл.

Бұдан соң залды көзімен шолып шыққан Рахмон: "Ол ешкімге бағынбайды, тіпті амандаспайды" деді. Ол тағы да Раджабзодаға қарап:

"Сен не, көктен түстің бе? Кінәсізбісің? Кемшілігің жоқ па?" деп шүйлікті.

Рахмон Раджабзодаға жұмыстан кету туралы өтініш жазуды бұйырып, оны жиын өтіп жатқан залдан қуып жіберді. Бұған қоса ол бұрынғы кеден қызметкерінен келген ықтимал зиянды өндіріп алуды тапсырды.

Бірақ, іле-шала президенттің сөзінен Раджабзоданы кешіргені байқалды. "Сенің жас екеніңді ескердім, әйтпегенде кемінде 15 жылға түрмеге отырар едің!" деген Рахмон.

Кей ақпараттарға қарағанда, кеденде бір жыл сегіз ай қызмет атқарған кезде Шахбоз Раджабзода Еуропаға 16 рет барған. Кеден қызметінің ішкі қауіпсіздік бөліміне лейтенант шенінде жұмысқа кірген ол жарты жылдан кейін полковникке дейін көтерілген.

Бір қызығы, Раджабзодамен байланысы бар бір де бір жайт тексерілмей қалды. Алайда, билік өзіне адалдарға жұмсақтық танытатын Тәжікстанда бұған таңғалуға да болмас.

Раджабзода көктен түскен жоқ, бірақ жоғарыға көтерілу жолын ең төменнен бастамағаны да рас.

Ол - Тәжікстан ұлттық медициналық орталығында істейтін белгілі кардиологтың ұлы. Шахбоз Раджабзода кезінде жүргізуші болып істеп, бір дөкей адамның балаларын күн сайын үй мен мектеп арасына көлікпен тасыған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмон.

Ол дөкей адам — президент Эмомали Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмон. Озода қазір Тәжікстан президенті әкімшілігін басқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG