Accessibility links

Түркіменстан басшысы алғаш рет коронавирус туралы айтты


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жұрттың көзінше алғаш рет коронавирус сөзін айтты.

"Коронавирус әлемде өршіп жатыр және мұнай-газға бай Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына кері ықпалын тигізіп жатыр" деді 3 сәуірде түркімен басшысы.

Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, Бердімұхамедов коронавирустың таралуына жол бермеу қажеттігін айтқан. Алайда Түркіменстандағы коронавирус ахуалы туралы ештеңе айтпаған.

Постсоветтік авторитарлық республика пандемияға байланысты "үнсіздік танытып келеді". Билік елдегі коронавирус ахуалына байланысты бірде-бір рет мәлімдеме жасаған жоқ. Осылайша халықаралық қауымдастықтың күдігін ұлғайтқан.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының хабарлауынша, пандемия туралы ақпараттың жаппай таралуынан сескенген билік коронавирус сөзін айтудан қашқақтайды.

"Көшелерде коронавирус сөзін айтуға тыйым салып, ресми құжаттар мен БАҚ-та жазуға тыйым салған Түркіменстан үкіметі азаматтардың басын қауіп-қатерге тігіп отыр" деді штаб-пәтері Парижде шоғырланған сөз бостандығын қорғау жөніндегі ұйым.

Билік 1 сәуірден бастап қызмет көрсету орталықтарын, сауда орындарын, наубайханаларды жаба бастаған. Мектепте оқушылардың көктемгі демалыс уақыты созылған. Көшеде мамандар жұрттың дене қызуын өлшей бастаған. Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөздері елде коронавирус жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп келе жатқанын, бірақ билік хабарламай отырғанын айтады.

Халықаралық нарықта шикізат құнының арзандауына байланысты Түркіменстан экономикасы қиындыққа ұшырады.

Орталық Азия аймағында Тәжікстанда да билік коронавирус барын жоққа шығарып келеді.

Оқи отырыңыз: Тәжікстан билігі "коронавирус жоқ" дейді, сыншылар күмән келтіреді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG