Accessibility links

Қоғамдық ұйымдар "Көше партиясына" тыйым салынуына реакция білдірді


"Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысын құрушылар парақша таратып жүр. Нұр-Сұлтан, 18 ақпан 2020 жыл.
"Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысын құрушылар парақша таратып жүр. Нұр-Сұлтан, 18 ақпан 2020 жыл.

20 мамырда бірнеше қоғамдық ұйым Нұр-Сұлтан сотының “Көше партиясына” тыйым салу туралы шешімін сынап, айыптады. Олар мұны "саяси алаңды тазарту" мақсатында жасалған билік әрекеті деп бағалады.

19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы соты тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын.

Жақында ғана ресми түрде тіркелген Qaharman адам құқығын қорғау қоры және тіркелмеген "405" қозғалысы сәрсенбі күні жариялаған бірлескен мәлімдемесінде партияның қызметіне тыйым салу туралы сот шешімін "саясиланған" шешім деп бағалап, оның күшін жоюды талап етті.

"Qaharman және "405" құқық қорғаушылары "Көше партиясының" Телеграмдағы чаты ашылған уақыт - 2020 жыл ақпан айынан бастап ұйымның қызметін бақылады. Чатта Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі ең маңызды мәселелер, адам құқығы, саяси қудалаулар, саяси тұтқындар мәселесі талқыланды. Бұл жазба әзірленіп жатқан шақта чатта 177 492 адам болды" делінген хабарламада.

Мәлімдеме авторлары "Көше партиясының" ашық әрі бейбіт әрекет еткенін де атап өткен.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына шығарылған шешім сияқты бұл жолы да сот шешімі жарияланбады. 2019 жылы 14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған" делінген мәлімдемеде.

Тіркелмеген Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы 20 мамыр күнгі мәлімдемесінде партияның қызметіне тыйым салу туралы сот шешімін "саяси алаңды тазалау мақсатында" жасалып отырған әрекет деп бағалаған.

"Oyan, Qazaqstan қозғалысы және Көше партиясының көзқарастары әртүрлі, бірақ олардың құқықтары мен бостандықтары бірдей. Барлығымыздың өз пікірімізді айтуға, бейбіт митингіге шығуға, сайлауға қатысуға, билікті ауыстыруға, жүйені реформалауға құқығымыз болуы керек" делінген мәлімдемеде.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов
19 мамыр кешкісін тікелей эфирде "тіркелмеген, тіркелуге өтініш бермеген "Көше партиясы" қозғалысының жетекшілерін сотқа шақырмай, ешқандай айып тақпай, қызметіне тыйым салды" деп сот шешімін сынады. Оның сөзіне қарағанда "Көше партиясы" қозғалысы жұртты митингіге шақырмаған, тек мессенджерлерде чат құрып, талаптарын айтқан.

2018 жылы көктемде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салған бас прокуратура қозғалыс жетекшісі Мұхтар Әблязов "Қазақстан сотынан қашып, Қазақстан Конституциясының күшпен конституциялық құрылым құруды насихаттауға тыйым салатын талабын бұзып, шетелде заңға қайшы әрекетін жалғастырып жатыр" деп мәлімдеген болатын.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соттың ҚДТ қозғалысын экстремистік деп таныған үкім халықаралық талаптарға сай келмейді деп санайды. Ал ҚДТ жетекшісі Әблязов та бұл сот шешімнің саяси астары бар деп есептейді.

"Көше партиясы" қозғалысы 2020 жылы ақпанда құрылғандарын жариялаған. Қозғалыс мүшелері "Көше партиясын" ешкім қаржыландырмайтынын айтқан. Бірақ "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысының мүшелері Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" осыған дейінгі қарсылық акцияларында, түрлі шараларына қатысқан және сотпен "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен жазаланған.

Видео: ҚДТ жақтастары құрған "Көше партиясы" қозғалысы қандай ұйым? (19 ақпан 2020 жыл).

ҚДТ жақтастары құрған "Көше партиясы" қозғалысы қандай ұйым?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG