Accessibility links

"Қашықтан қалай оқымақ?" Жүздеген мың оқушыда компьютер мен интернет жоқ


Үйден оқып жатқан оқушыларға арналған тапсырмалар. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Амангелді ауылы. 30 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Үйден оқып жатқан оқушыларға арналған тапсырмалар. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Амангелді ауылы. 30 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Пандемияға байланысты қашықтан білім алуы тиіс оқушылардың көбі бірінші тоқсанға дайын емес. Шенеуніктер компьютерге мұқтаж шәкірт саны жайлы әртүрлі дерек келтіреді. Ата-ана мен балаларда техника, интернетсіз қалай оқуға болады деген сауал мазалайды.

КОМПЬЮТЕР ТАПШЫЛЫҒЫНАН КӨШБАСШЫ ӨҢІР

Орал қаласының қараусыз қалған нысандар мен зауыт-фабрикалардың бұрынғы ғимараттары көп кездесетін шеткері бөлігінде орналасқан ескі жатақхананың тар бөлмесінде анасы мен қызы – Юлия мен Вероника тұрып жатыр. Вероника бірнеше күннен кейін бірінші сыныпқа "барады". Коронавирус эпидемиясына байланысты жылда өтетін алғашқы қоңырау биыл болмайды. Оқу 2 қыркүйек күні қашықтан оқу форматында басталады.

Юлия қызын қалай оқытатынын білмейді. Олардың не компьютері, не жалдамалы бөлмеге қойылған интернет-модемі жоқ.

– Ақшасыз қалдық. Мектепке, бөлменің пәтерақысын төлеуге жинаған бар ақша күйеуімнің картасында болатын. Ол киімдерін жинап, ұшты-күйлі жоғалды. Бізді бір тиынсыз тастап кетті, – дейді жағдайын жылап тұрып айтқан Юлия (ол аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді – ред.). Юлияның құрсағында жеті айлық шарана бар, бірақ қызы мен өзін асырау үшін әлі жұмыс істеп жүр.

– Әзірге үлкен кешеннің асханасында істеп жүрмін, еңбекақыны күнделікті төлейді. Бұл ақша тамағымыз бен оқу құралдарын алуға ғана жетеді. Бірақ компьютер сатып алуға жетпейді, әрине, – дейді ол.

Орал қаласында тұратын Юлия мен Вероника ас ішетін шағын үстелдің басында отыр. Бірінші сыныпқа баратын бала 1 қыркүйектен бастап оқуды жалғыз бөлмедегі осы үстелде отырып оқымақ.
Орал қаласында тұратын Юлия мен Вероника ас ішетін шағын үстелдің басында отыр. Бірінші сыныпқа баратын бала 1 қыркүйектен бастап оқуды жалғыз бөлмедегі осы үстелде отырып оқымақ.

Юлияның сөзінше, оқу жылы басталмай тұрып жергілікті мектеп қашықтан оқуға қажет техникаға мұқтаж отбасылардың тізімін жасаған.

– Бізден [мессенджердегі] ортақ чатта "Кімде компьютер жоқ?" деп сұрады. Мен үйімде компьютер жоғын, оны сатып алуды жағдайымыз көтермейтінін жаздым. Әзірге компьютер берілетіні я берілмейтіні туралы ештеңе айтпады, – дейді Юлия.

Батыс Қазақстан облысы компьютері жоқ оқушылар саны жөнінен Қазақстанда бойынша бірінші орында тұр. Білім және ғылым министрлігінің 20 тамыздағы дерегіне сәйкес, өңірдегі оқушылардың 64 пайызында, яғни 68 мың шәкіртте компьютер жоқ. Ал облыстық білім басқармасының Азаттыққа берген дерегінде басқадай жазылған: өңірдегі 111 мың оқушының 61 мыңына қашықтан оқу үшін компьютер керек.

Батыс Қазақстан облыстық жемқорлыққа қарсы күрес қызметі биылғы тамыз айында жаңа оқу жылына ноутбук сатып алуға бөлінген 6,5 миллион теңгенің жымқырылғанын хабарлады. Тергеу дерегінше, ақшаны облыстағы аудандардың біріндегі білім бөлімінің қызметкерлері 2020 жылы мамырда қымқырған. Іс туралы толық мәлімет жоқ: жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеу әлі жалғасып жатыр деп түсіндірді.

"Волонтеры солнечного Уральска" қозғалысының жетекшісі, бірнеше жылдан бері аз қамтылған жерлестеріне жәрдемдесіп келе жатқан Ғалия Бекқожиева қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындауға көмектесіп жүр. Ол көмекке мұқтаж отбасылар өте көп екенін, бәріне бірдей қол үшін беру мүмкін емесін айтады.

– Бәріне көмектесуге ресурс пен физикалық мүмкіндік жетпейді, – дейді ол.

Аз қамтылған отбасыларды аралап жүрген еріктілер олардың кейбіреуіне оқуға жарамсыз компьютер берілгенін байқаған.

Бекқожиева бұл туралы Instagram парақшасына "Көпбалалы үш отбасыға үйдегі телефонсыз интернетке қосылмайтын компьютерлер берген. Мұндай ескі компьютерлер Wi-Fi желісіне қосылмайды. Телефон арқылы кіру мүмкін емес деп, көп адамға ноутбук сатып алыңыздар деген кеңес берілді" деп жазды.

Биыл бірінші сыныпқа баратын Вероника қағаз-қаламы мен мектеп берген оқу құралдарын анасы екеуі тұратын жатақхананың жалғыз бөлмесіндегі терезенің алдына жинап қойған.
Биыл бірінші сыныпқа баратын Вероника қағаз-қаламы мен мектеп берген оқу құралдарын анасы екеуі тұратын жатақхананың жалғыз бөлмесіндегі терезенің алдына жинап қойған.

Облыстық білім басқармасы қолда бар компьютердің бәрі бірдей министрлік талабына сәйкес келмейтінін мойындайды. Шенеуніктердің айтуынша, "қажет техника сатып алу жүріп жатыр". Облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 653 миллион теңге бөлінген.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі "Қазақстан үкіметі резервінен алынған қаржы есебінен 14970 компьютер сатып алуға 2 318,4 млн теңге бөлінді. Қазір келісімшарттар жасалып жатыр" деп мәлімдеді.

Бұл компьютерлер оқушының қолына қашан тиетіні, ұсыныстың сұранысты қанағаттандыруға жететіні не жетпейтіні әзірге белгісіз.

"НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?" ДЕГЕН СҰРАҚҚА ЖАУАП ЖОҚ

Бұл жалғыз Батыс Қазақстан облысында ғана кездесетін жайт емес. Қазақстандағы 3,3 миллион оқушының басым бөлігі қашықтан оқуға қажет компьютерге зәру. 24 мұғалімнің компьютері жоқ, екі мың ұстаз интернетке қосылмаған. Өткен аптада Нұр-Сұлтанда білім және ғылым министрінің орынбасары Рүстем Биғари мен цифрлық даму министрінің орынбасары Азамат Батырқожаның қатысуымен өткен кездесуде осындай дерек келтірілді. Биліктегі "Нұр Отан" партиясы бақылау комитетінің (қазақстандық шенеуніктердің көбі осы комитетке мүше) жиынында аз қамтылған отбасындағы балалар мен жетім балаларға қанша компьютер қажет екені жайлы үкімет пен министрлік екі түрлі дерек ұсынғаны белгілі болды. Премьер-министр Асқар Мамин 500 мың компьютер керек десе, білім министрі 20 тамызда дәл осы деректі 450 мың деп көрсеткен. "Нұр Отан" жиынында оқу жылы басталғанға дейін компьютерге мұқтаж оқушылардың тек 2 пайызы ғана қажет техника алатыны айтылды.

Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. Көрнекі сурет.
Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. Көрнекі сурет.

Биліктің бақылауындағы ақпарат құралдары "Нұр Отанның" атынан мәжіліске сайланған депутат, партиялық бақылау комитетінің басшысы Павел Казанцевтің партия жиынында қойған "1 қыркүйекте компьютерге қолы жетпеген аз қамтылған, көпбалалы отбасылар қайтеді?" деген сұрағын жариялады.

Депутаттың сұрағына жауап табылмаған сияқты. Казанцев жергілікті орындардағы партия жұмысына жауаптылар мемлекеттік органдардың бұл мәселені шешудегі "бейқамдығына" байланысты реакция білдіріп, қажет шаралар қабылдауы керегін ескертті.

Қазақстанда шенеуніктердің "бейқамдығы" туралы жоғары мінберден жақында ғана айтыла бастады. Шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус инфекциясы өршіген тұста дәріханалардың алды ұзын-сонар кезектен арылмай, лық толы ауруханаларға науқас адамды қабылдамай қойған жайттар болғанын айтып, бұған "бейқам" әкімдерді кінәлаған. Тоқаевтың өңір әкімдеріне қарата айтқан сынына қарамастан, олардың ешбірі қызметінен кеткен жоқ.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 21 шілдеде мектеп оқушыларының биылғы жаңа оқу жылында кемінде бірінші тоқсанды қашықтан оқитынын хабарлаған. Министр тек шалғай өңірдегі шағын білім мекемелерінде ғана оқу мектепте өтеді деп айтты. Ата-аналар балаларды "аз оқушы сыятын кезекші сыныптарда оқытуға" келісетіні жөнінде өтініш берсе, бастауыш сынып оқушылары мектепке бара алады. Бірақ олар мектепте барлық сабақты емес, сауат ашу, математика, ана тілі сияқты пәндерді ғана оқиды.

Қазақстандық оқушылар елдегі төтенше жағдай режимі мен карантин шараларына байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанын да қашықтан оқыған. Ата-аналар мен мұғалімдер интернет байланысының нашарлығын, техникалық құрал-жабдық тапшылығын айтып, білім жүйесінің мұндай форматтағы оқуға дайын болмағанына шағынған. Министрлік жаңа оқу жылына дейін сол баяғы мәселелердің негізгі бөлігі шешілмегенін мойындап отыр.

Биыл күзде техникалық қиындықтарға қаржы мәселесі де қосылады: жүздеген мың қазақстандық коронавирус инфекциясына байланысты екі рет енгізілген карантин кезінде кәсіпорындар жұмысының тоқтауына байланысты едәуір табысынан айырылып, кей адам мүлде жұмыссыз қалған.

Биыл қызы мектепке баратын Юлия жергілікті қорлардың бірінен көмек сұрағанын айтады. Ол қазір Вероникаға киім сатып әпере алмай отыр. Бірінші сынып оқушысының 1 қыркүйекке жинаған заттарының ішінде бірнеше дәптер мен қызғылт түсті үлкен рюкзак қана бар.

– Бұрын-соңды ешқашан көмек сұраған емеспін. Көмекті қалай сұрау керегін де білмеймін. Маған қорға хабарласуға кеңес берді. Олар біз туралы деректерді жазып алды, әзірге ешқандай көмек болған жоқ, – дейді Юлия.

Биыл Орал қаласындағы мектепке бірінші сыныпқа баратын Верониканың мектепке жинаған заттары — бір рюкзак пен бірнеше дәптер ғана.
Биыл Орал қаласындағы мектепке бірінші сыныпқа баратын Верониканың мектепке жинаған заттары — бір рюкзак пен бірнеше дәптер ғана.

Бүкіләлемдік банктің биыл шілде айында жариялаған Қазақстан туралы есебінде пандемия кезінде білімге баршаның бірдей қол жеткізе алмауы елдегі адам капиталының дамуына кері әсер етеді деп жазылған. Қазір дұрыс білім алуға мүмкіндігі болмаған жас қазақстандықтар болашақта табысының біраз бөлігінен айырылуы мүмкін. Банк сарапшылары Covid-19 пандемиясының білімге тигізген кесірінің ел экономикасына салдары алдағы ондаған жыл бойы сезілетінін айтады.

"Телефонды кредитке алдық". Қашықтан оқу қарсаңында ата-ана алаңдаулы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:47 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG