Армения мен Әзербайжан арасында дауға айналған Таулы Қарабақ аймағында екі тарап әскерінің қақтығысы төртінші күнге ұласты. Халықаралық қауымдастық екі елді атысты тоқтатуға шақырып жатыр.
Екі жақ та 30 қыркүйекте Таулы Қарабақ маңында бір-біріне бірнеше рет шабуыл жасалғанын хабарлады. Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс анклав шекарасынан асып, басқа аумақтарды да шарпыды.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі 30 қыркүйекте "кескілескен шайқас жалғасып жатыр" деп мәлімдеді. Ал Армения қорғаныс министрлігінің өкілі Шушан Степанян Facebook парақшасында "Таулы Қарабақта қазір артиллериялық атыс әлі жүріп жатыр" деп жазды.
27 қыркүйекте басталған атыстан ондаған адам қаза тапты. Жараланғандар да бар. 29 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі екі елді әскери қақтығысқа жол бергені үшін айыптады. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутьеррес екі елді қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздер жүргізуге шақырды.
Бірақ Әзербайжан мен Армения келіссөз жүргізуден бас тартып, жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптап отыр.
"Армения премьер-министрі Қарабақты Арменияның бір бөлшегі деп ашық айтты. Мұндай жағдайда қандай келіссөз туралы айтуға болады?" деді Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ресейлік "Россия 1" арнасына.
Ал Армения премьері Никол Пашинян өз кезегінде "Әзербайжан Таулы Қарабаққа және Арменияға қарсы агрессиясын тоқтатуы тиіс. Бұл – біздің елімізге төнген зор қауіп" деді.
Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған.
Екі ел 1994 жылдан бері бірнеше рет жанжалдасты. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобы, Франция, АҚШ және Ресейдің араласуымен қол қойған халықаралық келісім нәтиже бермеді.
27 қыркүйектегі жанжалға не түрткі болғаны белгісіз. Екі ел тікұшақ, дрон, танк және артиллерия шығарып, атыса бастады. Баку мен Ереван бір-бірін "Таулы Қарабақтан тыс жатқан жерлерге шабуыл жасады" деп айыптайды.
Бұл – Армения мен Әзербайжан арасындағы 2016 жылдан бері болып жатқан ең ірі қақтығыс. Жанжал Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа және әлемдік нарыққа газ бен мұнай шығаратын құбырларға қауіп төндіріп тұр. Екі ел арасындағы жанжалға Ресей мен Түркия да назар аударып отыр.
Таулы Қарабақтағы сепаратистердің сөзінше, төрт күнде 84 солдаты қаза тапқан. Әзербайжан 12 бейбіт тұрғынның өлімін хабарлады. Баку қақтығыстан қанша әскери қайтыс болғанын айтпай отыр. Бірақ Армения "Әзербайжанның 400 солдатын өлтіргенін" хабарлаған.
Human Rights Watch (HRW) ұйымы 30 қыркүйекте Таулы Қарабақта қақтығысып жатқан әскерилерді бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамауды талап етті.
"Барлық тарап бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау халықаралық гуманитарлық заңдарға қарсы келетінін, бұл қылмыс екенін есте сақтауы тиіс" деді Нью-Йоркте орналасқан ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
29 қыркүйекте Армения өзінің әскери ұшағын Түркияның әскери ұшағы атып түсіргенін, ұшқыш қаза тапқанын хабарлады. Әзербайжан мен Анкара мұны жоққа шығарды.
Пашинян ВВС арнасына берген сұхбатында Түркияны "әскери қақтығысқа араласты" деп айыптап, түріктің әскерилері жанжалға қатысып отыр деді. Армения премьерінің сөзін жеке тексеру мүмкін болмады.
Бұған дейін Түркия президентінің баспасөз хатшысы Фахреттин Алтун "Әзербайжанға оккупацияланған жерін қайтаруға және олардың құқығын халықаралық заңға сай қорғауға атсалысады" деген еді.
Ресей мен Батыс елдері екі тарапты қақтығысты тоқтатып, келіссөзді бастауға шақырды.
29 қыркүйекте Пашинян Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, постсоветтік қауіпсіздік туралы келісім аясында көрсетілуі тиіс көмекті сұрамайтынын айтқан.
"Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы қолдаса да, қолдамаса да өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етеді" деді ол.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Ресей екі елге де қару сатады және Арменияда әскери базасы бар.
ПІКІРЛЕР