30 қарашада Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері шұғыл онлайн-брифинг өткізіп, салық органдары тарапынан негізсіз тексеріс болып жатқанын мәлімдеді.
Ұйымдардың мәлімдемесінде "кейінгі бірнеше аптада азаматтық қоғамның бірқатар тәуелсіз коммерциялық емес мекемелері мен құқық қорғау ұйымдары салық органдарының "шабуылына" ұшырады. Біздің ойымызша, олардың артында ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті) тұр. Елдің әр аймағындағы салық органдары ұйымдарға салық есептілігінің 017.00 және 018.00 формаларын толтырудағы қателіктерді сылтауратып, ескерту хаттарын жолдаған. Бұл форма – барлығы шетелдік көздерден қаржы алу мерзімі мен оның жұмсалуына қатысты есеп. Салық органдарының ескертуі салықтан жалтару, қаржыны заңсыз және мақсатсыз жұмсау жөнінде емес, форманы толтыруға қатысты болып жатыр" деп жазылған.
Мәлімдеменің толық нұсқасы Қазақстандағы адам құқығы бюроның ресми сайтында жарияланған. Мәлімдемеге "Еркіндік Қанаты", "Халықаралық құқықтық бастама", "MediaNet" халықаралық журналистика орталығы, "Құқықтық медиа орталық" ұйымдары, "Эхо", "Кадір қасиет", Қазақстандағы адам құқығы бюросы қол қойған.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері мұндай қысым бұрын да болғанын, құқықтарын сотта қорғауға дайын екенін айтты.
– 2016 жылы Жер митингілері кезінде біздің ұйым бақылау жүргізген. Сол кезде ҰҚК, арнайы қызмет, прокуратура, салық орғандары осылай келіп тексерген. Бізге 1,5 миллион теңге айыппұл салды. Осының бәрі бір жарым жылға созылды. Қазір тағып отырған айыптары да негізсіз деп ойлаймыз, себебі процедуралық қателіктер көп, соларды көрсетеміз, - деді "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының сарапшысы Амангелді Шорманбаев.
2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған парламент сайлауын бақылауды көздейтін "Еркіндік қанаты" ұйымы да салық комитетінен Салық заңын бұзғаны жайлы ескерту алған.
"Құқықтық медиа орталықтың" директоры Диана Окремова бюрократиялық қателік үшін жаза өте қатаң екенін айтады.
- Бізде жол ережесін бұзып, адам өміріне қауіп төндіргені үшін 40 АЕК (111 120 теңге), ал құжатты уақытында өткізбегені үшін 100 АЕК (277 800 теңге) айыппұл салады. Зардап шегіп отырған ұйымдар Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Олар тіркелген, жұмысы жұртқа жария. Билік іздемейтін жерден қауіп іздеп жатыр. Бүгін жиналып отырған ұйымдардың барлығы құқық қорғаумен я бюджет ашықтығымен байланысты жұмыс жасайды. Сондықтан сайлау алдында, ашықтық туралы айтып жатқанда, мұндай ұйымдар қолдан ұйымдастырылған себеп бойынша зардап шексе өкінішті болмақ, - деді ол.
Кейбір ұйымдардың өкілдері салық органдарының ескертуінде ескі – 2018 жылғы деректер көрсетілгенін айтты.
Брифингте "Қадыр-қасиет" қоғамдық ұйымы Нұр-Сұлтандағы арнайы ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсіргені айтылды. Сот 2 желтоқсанға жоспарланған.
Қазақстанның салық органдары үкіметтік емес ұйымдардың мәлімдемесіне қатысты ешқандай пікір білдірмеді.
ПІКІРЛЕР