АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі елдегі құқық қорғаушы және азаматтық ұйымдардың қысымға ұшырауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Елшілік бұл жөнінде Twitter парақшасында: "Қазақстан үкіметінің парламент сайлауы алдында құқық қорғаушы және азаматтық үкіметтік емес ұйымдарға салық шағымдарын түсіріп, жабамыз деп қорқытқаны жайлы хабарлар бізді алаңдатады. Тәуелсіз дауыстар – ашық қоғамның ажырамас бөлігі" деп жазды.
30 қарашада Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері шұғыл онлайн-брифинг өткізіп, салық органдары тарапынан негізсіз тексеріс болып жатқанын мәлімдеген.
Ұйымдардың мәлімдемесінде "кейінгі бірнеше аптада азаматтық қоғамның бірқатар тәуелсіз коммерциялық емес мекемелері мен құқық қорғау ұйымдары салық органдарының "шабуылына" ұшырады. Біздің ойымызша, олардың артында ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті) тұр. Елдің әр аймағындағы салық органдары ұйымдарға салық есептілігінің 017.00 және 018.00 формаларын толтырудағы қателіктерді сылтауратып, ескерту хаттарын жолдаған. Бұл форма – барлығы шетелдік көздерден қаржы алу мерзімі мен оның жұмсалуына қатысты есеп. Салық органдарының ескертуі салықтан жалтару, қаржыны заңсыз және мақсатсыз жұмсау жөнінде емес, форманы толтыруға қатысты болып жатыр" деп жазылған.
Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары әлем елдерін осыған орай Нұр-Сұлтанға қысым жасауға үндеген. Олардың 3 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде Қазақстанның салық органдары оннан астам жергілікті үкіметтік емес ұйымға айыппұл салып, қаржы есебінде жіберген "қателіктері" үшін оларды "жабамыз" деп қорқытқаны жазылған. Мәлімдеме авторлары салық органдары қуғындауды тоқтатып, ескерту қағаздарын қайтып алуы тиіс деген.
ПІКІРЛЕР