Accessibility links

"Тіпті дәретханаға да жібермейді". Орталық алаңда белсенділердің қоршауда тұрғанына 7 сағаттан асты


Орталық алаңда арнайы жасақ қоршауында тұрған белсенділер. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Орталық алаңда арнайы жасақ қоршауында тұрған белсенділер. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматыда "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастама топ пен Oyan, Qazaqstan белсенділерінің орталық алаңда арнайы жасақ қоршауында тұрғанына 6-7 сағаттан асты. Белсенділерді тіпті дәретханаға да жібермей жатыр деп шағымданды қоршауда қалғандардың туыстары.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сағат 18:30-дағы жағдай бойынша 20-25 адамнан құралған екі топ Сәтбаев көшесінің екі жағында қоршауда тұр. Арнайы жасақ ол жаққа ешкімді жібермейді, қоршаудан да ешкімді шығармайды. Оқиға орнында 40-50 шақты полицей жүр. Маңайда он шақты автозак тізіліп тұр.

Қолданушылардың бірі Facebook желісінде қоршауда тұрғандардың арасында аяғы ауыр әйел барын жазды. Жедел жәрдем көлігі оған медициналық көмек көрсету үшін алып кеткен. Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева әлеуметтік желіде "әкімдіктегілер бізді бір-бірлеп босатамыз деп шарт қойды, бірақ біз бәрімізді бір мезгілде босатсын деп талап етіп тұрмыз. Бізге құқық қорғаушыларды жібермейді. Біз үсіп қалғандықтан жедел жәрдем көлігін шақырды" деп жазды. Кейінірек Жәпішева өзі мен тағы бір белсендіні жәдел жәрдем көлігімен алып кеткенін хабарлады. Бұдан соң Oyan, Qazaqstan қозғалысы өкілдерінің қоршаудан шыққаны хабарланды. Бірақ Алматы уақытымен 19:00-дегі жағдай бойынша "Демпартия" өкілдері әлі босап шықпаған.

Белсенді Жанболат Мамайдың әйелі Инга Имандай Facebook желісінде халықаралық ұйымдар мен ақпарат құралдарынан көмек сұрады.

"Демпартия" өкілдері мәжіліс және мәслихат сайлау өтіп жатқан күні күндіз орталық алаңға келіп, жұртты сайлауға бойкот жариялауға үндеген еді. Назарбаевтың биліктен тұтас кетуін талап еткен топты күндізгі сағат 11.30-12 кезінде арнайы жасақ қоршап алып, жылжытпай қойған еді. Артынша отыз шақты адам ұсталған. "Демпартия" тобына қосылмақ болған Oyan, Qazaqstan белсенділері де көп кешікпей "тұтылған". Содан бері 6-7 сағат өтті. Алматыда қазір минус 2-5 градусты көрсетіп тұр. Көптеген қолданушылар Facebook-та белсенділерге жанашырлық танытып, жағдайларына алаңдады.

Видео: "Назарбаев билігі кетсін!" Алматыда полиция сайлауға наразыларды күштеп ұстады (10 қаңтар 2021 жыл).

"Назарбаев билігі кетсін!" Алматыда полиция сайлауға наразыларды күштеп ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

10 қаңтарда Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Оралда полиция наразылыққа шыққандарды ұстаған.

  • Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз болады деп болжайды.
  • Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды. Ол қазір өкілеті күшейген Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етеді, саяси алаңда басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын басқарады. Қазіргі парламентте оның партиясынан бөлек ("Нұр Отан"), тағы екі билікшіл партия - "Ақ жол" мен "Қазақстан халықтық партиясы" (бұрынғы Қазақстан коммунистік халықтық партиясы) бар. Соңғы екеуінің әрқайсысы парламентте жеті мандатқа ие. Қазір сайлауға билікшіл тағы екі партия қатысып жатыр: "Ауыл" мен "Адал". Ресми тіркелген Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы сайлауға бойкот жариялаған.
  • ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG