Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) жаппай тексеру мен олардың жұмысын тоқтату "себебін" түсіндірді. Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген комитет жетекшісі "мұндай жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп отырады" деді.
- ҮЕҰ - бұл коммерциялық емес ұйымдар, табыс табуды көздемейді, акционерлер арасында табыс бөлісу жоқ. Бірақ салық кодексінде олардың шет мемлекет пен шетел ұйымдарынан ақша мен мүлік алғаны, оларды қалай жұмсағаны жайлы есеп беруге міндеттелгені жазылған. Сол себепті есеп берудің арнайы формасы да қарастырылған. Бұл тексеру емес, камералық бақылау. Егер есеп уақытында өткізілмесе немесе бұрмаланған дерекпен толтырылса, бұл әкімшілік өндіріс қозғауға негіз береді... Мұнда мәселені екі қырынан қарастыру керек. Заңбұзушылықты анықтаған адам мен әкімшілік айыппұл салатын адам. Лауазымды тұлғалар заңдар мен кодекстерге бағынуға міндетті. Нақты жағдайда Әкімшілік кодекс айыппұл мен ұйымның жұмысын тоқтатуды қарастырады. Яғни, олардың ескертумен шектелуіне мүмкіндіктері жоқ, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Комитет жетекшісінің айтуынша, 2018 жылы мұндай "заңбұзушылық үшін" - 4 үкіметтік емес ұйым, 2019 жылы - 6 ұйым, 2020 жылы 16 ұйым жазаланған. Ол бойынша шағы түсіру мерзімі 3-5 жылды құрайды. Дегенмен Сұлтанғазиев заңның нақты баптарын атай алмай, әріптестерінен көмек сұрады.
Бұған дейін әкімшілік айыппұл салынған ҮЕҰ өкілдері салық органдарының уәждерін тыңдамай, "техникалық қателерді" түзесе де ескермей отырғанына шағымданған. Комитет жетекшісі бұған байланысты "бұл жерде заң бұзу құрамы жеткілікті дәрежеде анық" деді.
Бұған дейін Қазақстанның салық органдары адам құқығын қорғайтын тәуелсіз бірнеше ұйымның жұмысын үш айға тоқтатып, бірнешеуіне айыппұл салған. Қазір тағы бірнеше ұйымның ісі қаралып жатыр. Салық органдары олардың "қаржы бойынша есеп беру құжаттарынан қателік кеткенін" айтып, "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Әкімшілік кодекстің 460-1 бап 2-бөлігі) деп айыптаған. Ал тәуелсіз ұйымдар тағылған айыппен келіспей, істердің саясиланғанын айтып отыр. Өткен аптада үкіметтік емес ұйымның бірнеше өкілі "кез келген бұлыңғыр техникалық қателікке бола ірі көлемде айыппұл салып, ұйымның жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекстің шикілігін" сынаған еді.
Үкіметтік емес ұйым өкілдері салық органдарының шешімін апелляцияға беретінін айтқан. Олар тексерісті қысым түрі ретінде бағалаған.
1 ақпанда қазақстандық Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы апеолляциялық шағымды қараған судьяның "бірде-бір заңды аргумент келтірмей" өтінішті қанағаттандырудан бас тартқанын айтты.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары оқиғаны "бірлескен шабуыл" деп атады. Бірқатар ұйымдар үкіметтік емес ұйымдарды "қудалау мен оларға қысым көрсету кампаниясын" айыптап, Нұр-Сұлтанды қаржылық есеп беру ережелерін асыра пайдаланбауға және қысымды тоқтатуға шақырған. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессияшыл шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.
3 ақпанда халықаралық ұйымдардың реакциясына түсініктеме берген Марат Сұлтанғазиев "дамыған елдерде айыппұл көлемі бұдан да зор" дегенмен "ол жақта үкіметтік емес ұйымдар жабылып жатыр ма?" деген сұрақты жауапсыз қалдырды.
Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 26 қаңтарда "үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тоқтату" елдің "халықаралық беделіне нұқсан келтіреді" деп айтқан.
ПІКІРЛЕР