Accessibility links

"Отставкаға кетпеймін". Министр Бекетаев адвокаттардың талабына жауап берді


Әділет министрі Марат Бекетаев.
Әділет министрі Марат Бекетаев.

Әділет министрі Марат Бекетаев даулы заң жобасына қатысты өзінің отставкасын талап еткен адвокаттар мен заңгерлердің талабын кері қайтарды.

— Отставкаға кетпеймін, — деді Бекетаев 26 наурыз күнгі брифингте.

43 жастағы Марат Бекетаев әділет министрлігі ұсынған заң жобасына қарсылық білдірген адвокаттардың сынымен келіспейтінін жеткізді. "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заңға енетін түзетулер мемлекеттің заңгерлерді бақылауын күшейтеді дейді адвокаттар. Ал министр заң жобасының негізгі мақсаты – адвокаттар мен заңгерлердің мүддесін қорғау дейді.

— Әрбір Қазақстан азаматының сапалы құқықтық көмек алуға конституциялық құқығы бар. Бұл заң жобасы құқықтық көмектің сапасын жақсартатын механизмдерді ұсынады. Мәселе өзін-өзі реттеуді дамыту жөнінде болып отыр. Дамыған елдердің тәжірибесі өзін-өзі реттеу жүйесінің тиімді екенін көрсетіп отыр. Бұл құқықтық көмектің сапасын арттырады. Нақтылап айтсақ – адвокаттар маман болмай тұрып әділет органдарында емтихан тапсырады. Дамыған елдерде емтиханды адвокаттар алқасы базасында тапсырады. Олар икемді әрі жылдам жұмыс істейді. Адвокаттар алқасы қоғамның қажеттілігіне реакция білдіреді. Қазақстан да соған ұмтылып келеді. Менің пікірімше, қазір адвокаттар алқасы мұндай емтихан өткізуге дайын емес, Бірінші кезекте, материалдық-техникалық базасы жоқ және мұндай мәселелерді шешетін мамандар да тапшы, — деді Бекетаев.

2016 жылдан бері министр қызметін атқаратын Бекетаевтың айтуынша, заң жобасы адвокаттарды оқытып, олардың білімін үнемі арттырып отыруға бағытталған.

Қазақстандық адвокаттар, заңгерлер мен нотариустар әділет министрлігі ұсынған түзетулерге қарсы. Қазір құжат парламентте жатыр. Заңгерлердің пікірінше, жоба қабылданып кетсе, билік адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қызметін тұтастай бақылауына алады. Олардың лицензиясын қалаған кезде тартып алып, қызметінен шеттете алады.

Заң жобасы заңгерлерді "Ұлттық ақпараттық технология" холдингісі жасап шығарған – "Е-Заң көмегі" платформасына қосуды да қарастырады. Адвокаттар өздерін айына 3600 теңге төлеуге міндеттейтініне қарсы. Бұған қоса, әрбір заңгер ай сайын республикалық адвокаттар алқасына 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2917 теңге) жарна төлеп отыруы керек.

Әділет министрлігі ұсынған өзгерістерге пікірін білдірген адвокат Айман Омарова "бұл заңгерлерді тәуелсіздіктен айырудың алғашқы қадамы" деп санайды.

— Бұл енді сіздің үйіңізге бөтен біреу келіп, ісіңізге араласып, жөндеу жүргізумен пара-пар. "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң бар және сол жерде адвокатура – өзін-өзі реттейтін тәуелсіз ұйым деп нақты жазылған, — деді Омарова.

Адвокаттар мен заңгерлер, нотариустар Алматыда 13 наурызда түзетулерге қарсылық білдіріп, митинг өткізбекші болған. Әкімдік акция өткізуге рұқсат берген, бірақ ұйымдастырушылар қаланың коронавирус жөнінен "қызыл аймаққа" кіргенін айтып, оны соңғы сәтте шегеруге мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG