10 мамырдан бастап Ашғабат көшесінде азаматтардың жеке көлікпен жүруіне тыйым салынды. Билік жұртқа қалада қоғамдық көлікпен жүруді ұсынды. Ашғабаттың кей көшесі жабылды. Онда тек үкімет көлігі жүре алады.
АВТОБУСҚА СЫЙМАЙ, ОРЫНҒА ТАЛАСҚАН ЖОЛАУШЫ
Биліктің бұл бастамасы Ашғабат қаласының 140 жылдығын атап өту шараларының бірі саналады. Түркіменстандағы бұқаралық ақпарат құралдары ел астанасының халқы билік науқанын қолдағанын хабарлады.
Жұрттың көбі экологияға пайдасы тигенімен, дұрыс жоспарланбаған билік науқанының кесірінен күнделікті тірлігіне кедергі көбейгеніне наразы.
Жекеменшік автокөлікпен жүруге тыйым салынғандықтан, қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушы күрт көбейді. Бірақ қала көшесінде қызмет көрсететін қоғамдық көлік саны бұрынғыдай: қосымша автобус немесе шағын автобус шықпады.
Ашғабаттың қоғамдық көлік жүйесінде тек автобус пен шағын автобус бар. Қазір жолаушыларды толтырып алып кетуге тырысатын қоғамдық көлікпен жүру жүйке жұқартатын машақатқа айналғанға ұқсайды.
Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык радиосы) Ашғабаттағы тілшілерінің хабарлауынша, автобусқа симай, орынға таласқан жолаушылар бір-бірімен сөзге келіп, тәжікелесіп қалады. Әсіресе таңертеңгілік және кешкі қарбалас уақытта қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр ондаған мың жолаушы осы проблемаға тап болады.
Азаттық тілшілері сөйлескен бірнеше адам автобусқа сыймай, жұмысқа кешігіп қалғанын айтты. Олар биліктен сескеніп, аты-жөнін атамауды өтінді.
Жұрт жұмысқа жаяу немесе велосипедпен бара алады. Бірақ қалада велосипед жолы да көп емес.
Халқының көбі ислам дінін ұстанатын Түркіменстанда биыл мұсылман жамағат отыз күн ораза тұтатын Рамазан айында ауа райы 30 градус ыстық болып, жұмысқа бірнеше километр жаяу бару да қиындық туғызған.
Ашғабат халқы қоғамдық көлікпен жүруге сұраныс көбейген соң такси қызметінің бағасы шарықтап шыға келгеніне де шағымданды.
Азаттық сөйлескен жергілікті бір адам 30-аудандағы үйінен Optom Bazaar сауда үйіне дейін 15 минут жүріп баратын такси көрсеткен қызметіне әдетте 4 доллар алатынын айтты.
– Бірақ науқанның алғашқы күні [10 мамырда] дәл сол бағыт бойынша такси бағасы 14 долларға жетті, – деді ол.
"ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ НАУҚАСҚА БАРА АЛМАДЫ"
"Көгалдандыру науқаны" медициналық жедел жәрдем қызметі көлігінің жұмысына да кедергі келтірді. Науқан кезінде жедел жәрдем көлігінің еркін жүріп-тұруына рұқсат берілген я берілмегені де түсініксіз.
Азаттық тілшілері анықтағандай, жедел жәрдем шақырған науқастарға қызметкерлер бара алмайтынын айтып, оның орнына жақын маңдағы медицина мекемесіне баруды ұсынған. Осындай жағдайдың кесірінен диабетпен ауыратын бір науқас сол күйі медициналық көмек ала алмаған.
Кей жағдайда науқастарға жедел жәрдем тек демалыс күндері сағат 20:00-дан кейін жұмыс істейтіні айтылған.
Қоғамдық көлік жетіспегендіктен дәрігерге алдын ала жоспарланған уақытта бара алмай қалған науқастар да бар.
Шенеуніктер науқастардың "жасыл желек" науқаны аяқталғанға дейін дәрігерге қаралуды кейінге қалдырғанын айтқаннан кейін, 11 мамырда неврология орталығы бос тұрған деп хабарлайды Азатлык.
Кафе, мейрамхана иелері тауар жеткізетін көлік болмағандықтан бизнесі тоқтап қалғанын айтады. Халық науқан жайлы алдын ала ескертпеген, тұрғындар мен кәсіпорындардың дайындалуына мұрсат бермеген, дер кезінде және нақты ақпарат таратпаған билікке наразы.
Ашғабатты "көгалдандыру" науқаны 25 мамырда аяқталады. Сол күні қала күнін тойлау басталмақ.
Азаттықтың Түркімен қызметінің материалы бойынша дайындалды.
ПІКІРЛЕР