Accessibility links

Тегін жұмыс күші. Түркіменстан билігі жұпыны киінгендерді ұстап, фермаға жіберіп жатыр


Кейінгі жылдары жұмыссыздық көбейіп, азық-түлік қымбаттағаннан және мемлекеттік қолдау болмағаннан Түркіменстан халқының көбі кедейлік шегіне жеткен (көрнекі сурет)
Кейінгі жылдары жұмыссыздық көбейіп, азық-түлік қымбаттағаннан және мемлекеттік қолдау болмағаннан Түркіменстан халқының көбі кедейлік шегіне жеткен (көрнекі сурет)

Түркіменстанның оңтүстік-шығысында полиция салдыр-салақ, ескі киінген адамдарды жаппай ұстай бастады. Билік өкілдері ұсталғандардың кейбірін мемлекеттік фермаларға тегін жұмыс істеуге жіберген.

Куәгерлердің айтуынша, полиция оларды тіленші я үйсіз-күйсіз адам деп ойлап, көшеден ұстап алып кетеді.

Азаттықтың Түркімен қызметіне полициядағы ақпарат көзінің хабарлауынша, билік өкілдері ұсталғандардың кейбірін мемлекеттік фермаларға тегін жұмыс істеуге жіберген.

Мары уәлаятының бірнеше қаласында азаматтарды ұстау наурыздың ортасында басталған. Полиция ірілі-ұсақты қалаларды қаңғыбастар мен қайыршылардан тазартуға бағытталған бейресми науқан аясында жұртты ұстап жатыр.

Мары уәлаятының орталығында көшедегі жүргіншілер полиция ұстап жатқан зауыт қызметкерін құтқарып қалған.

Полиция күштеп көлікке салғалы жатқан адам "Қаңғыбас емеспін, жаңасын алуға жағдайым болмаған соң ескі киім киіп жүрмін" деген.

Бұл көрініске куә болған азаматтар полиция ұстаған адамның жұмыс орны бар екенін, жақында жұмысқа шығатынын айтып, оны босатып алған.

Мары қаласындағы полиция қызметкерінің айтуынша, жақында облыстық ішкі істер департаментінің басшысы офицерлерге қала көшелерін қайыршы, қаңғыбастардан тазартуға бұйрық берген.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген офицер осы операция аясында қаңғыбастарды ғана емес, жұпыны киінгендерді де ұстау тапсырылғанын растады.

Полиция қаңғыбастар мен қайыршыларды. қалдық тамақ пен азын-аулақ табыс табу үшін ауылдан қалаға келген адамдарды ұстауға көшкен.
Полиция қаңғыбастар мен қайыршыларды. қалдық тамақ пен азын-аулақ табыс табу үшін ауылдан қалаға келген адамдарды ұстауға көшкен.

Ол ұсталған бірнеше адамды Мары билігі "тегін жұмыс күші ретінде" фермаларға жібергенін айтты, ал денсаулығы жарайтындары ауылшаруашылық жұмыстарына іріктелмек.

Азаттықтың Түркімен қызметі офицердің айтқанын растайтын ресми дерекке қол жеткізе алмады. Өйткені елді қатаң бақылауда ұстайтын Түркіменстан билігі мемлекеттік ақпарат құралдарынан басқа медиа өкілдеріне пікір бермейді.

Азаматтарды көшеден ұстап әкетуге қатысты шағым болған соң, Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері Марыдағы Огужан көшесінде орналасқан полиция бөлімшесіне барды. Жақында полиция ұстап әкеткен азаматтардың отбасы мүшелері де осында жиналды.

Полиция қызметкерлері жиналған халыққа "туыстарының жұпыны киімі үшін" ұсталғанын айтқан.

"ЕШТЕҢЕДЕН ҚОРЫҚПАЙМЫН"

Полиция бөлімшесіне келген бір әйел жұмыстан үйге қайтып келе жатқан кезде базарда ұсталған күйеуін босатуды талап етті.

Оның айтуынша, күйеуі тауар артып, оны тасумен айналысады. Базардағы жұмысшылар жұмыс киімін кимейді, жүк көлігінен тауар түсіріп, жеміс пен көкөніс қабын тасыған кезде үсті-басы шаң болатындықтан, көбіне ескі киіммен жүреді.

Күйеуін іздеп келген әйелдің полиция қызметкерлерімен әңгімесі айқайға ұласты. Халық биліктің қырына ілігіп, қудалауға ұшыраудан қорқып, шенеуніктерге қарсы келе бермейтін авторитар мемлекетте бұл – сирек құбылыс.

Полиция қызметкерлері әйелге "билік өкілдерімен дауласуын қоймаса, жұмысынан айырылатынын" ескерткен.

Бірақ су және кәріз жүйесі аймақтық мекемесінде жұмыс істейтін әйел алған бетінен қайтпайтынын және ештеңеден қорықпайтынын айтты.

Кейін ол Азаттық тілшісіне полиция қызметкерлері күйеуін босатуға уәде бергенін айтты.

Ол жұмыстан шығып қалудан қорықпайтынын, өйткені жалақысы тамақ пен киім сияқты қарапайым қажеттікті өтеуге жетпейтінін, жұмыс беруші ай сайынғы жалақыдан салық пен өзге де жарналардан бөлек, мемлекеттік жобаларға да ақша ұстап қалатынын айтты.

Мысалы, жақында басшылық өкілдері мемлекет салып жатқан үйлердің құрылысына ақша аудару керегін ескерткен.

Түркіменстанда мұндай мемлекеттік төлемдер қалыпты саналады. Кей мемлекеттік қызметкер мемлекеттік қонақүйге жолдама сатып алуға немесе мектеп жөндеуге ақша аударуға міндеттеледі.

"Балаларымның тамағына ақша жетпейді. [Жөндеуге жағдай болмағандықтан] үйіміз құлайын деп тұр. Мемлекеттік жобаларға неге ақша аударуым керек?" дейді ол.

КЕДЕЙЛЕРДІ "КӨЗДЕН ТАСА" ҰСТАУ

Жұмыссыздықтың өршуі, бағаның өсуі және мемлекеттік қолдаудың жоқтығынан кейінгі жылдары Түркіменстан халқының көбі тақыр кедейге айналған.

Түркіменстанның үлкен қалаларында қоқыс жәшігінен тамақ іздеп жүрген әйелдер мен балаларды көру қалыпты құбылысқа айналған.

Авторитар басшы Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын Түркіменстан үкіметі азаматтардың шағымын елеусіз қалдырып, наразылық барын ресми түрде мойындамай келеді.

Оның орнына полиция кедей, қаңғыбас кісілерді, жұмыссыздық жайлаған елде ауылдан қалаға азын-аулақ табыс тауып, қалдық тамақ теруге келген адамдарды ұстауға жұмылдырылған.

Түркіменстанның тәуелсіздік күні құрметіне Ашғабаттың орталық көшесінде парад болып жатыр. 27 қыркүйек, 2018 жыл.
Түркіменстанның тәуелсіздік күні құрметіне Ашғабаттың орталық көшесінде парад болып жатыр. 27 қыркүйек, 2018 жыл.

Ашғабадта халықаралық шаралар мен шетелден жоғары шенді тұлғалар келерде көшені қаңғыбас, кедейлерден тазарту науқаны жүреді.

Астанада ғимараттағы жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азиада ойындары өткен 2017 жылы полиция нашар киінген, үсті-басы лас адамдарды ұстап әкеткен.

Спорт шарасы қарсаңында билік өңірлерден келген жүздеген жұмысшы мигрантты үйіне қайтарған. Полиция отрядына қаңғыбас ит-мысықтың көзін жою тапсырылған.

Түркіменстан үкіметі тәуелсіздік күні, жаңа жыл, астық жинау сияқты мерекелерде немесе басқа да атаулы даталарда қымбат концерт, мерекелік шара мен ұлттық спорт жарыстарын өткізеді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция қаңғыбастарды жинап, оларды ауылдағы қарттар үйі сияқты мемлекеттік мекемелерге жібереді.

Оларға мереке біткен соң ғана қалаға кіруге рұқсат беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG