Accessibility links

Манат бір аптада 20 пайыз құнсызданған Түркіменстанда ұзын сонар кезек көбейді


Азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. Түркіменстан. Архив.
Азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. Түркіменстан. Архив.

Түркіменстанның онсыз да әлсіз валютасы одан әрі құнсызданып жатыр. Елде азық-түлік қымбаттады. Кей жерлерде халық қоқыстан тамақ іздеуге мәжбүр. Ал билік экономикалық мәселелерді шешудің орнына, жылқы мен иттің "сұлулық сайысын" өткізіп әлек. Үкіметтің мәселені мойындамауы неге алып келді?

1 сәуірде Түркіменстан валютасы құнсызданып, "қара базарда" 1 доллардың құны 40 манатқа жетті. Бұл мемлекетте бірнеше жыл бұрын бекітілген ресми бағамнан 11 есе жоғары. 2015 жылы қаңтарда үкімет 1 доллардың бағамын 2,85 манаттан 3,5 манатқа көтеріп, содан бері өзгертпеген.

Азаттықтың түркімен қызметінің хабарлауынша, манаттың әлсіреуі Түркіменстандағы ауыр экономикалық жағдаймен тұспа-тұс келген.

26 наурызда ғана түркімен "қара базарында" 1 доллар 33-33,5 манатқа бағаланған. Яғни бар-жоғы бір апта ішінде ұлттық валюта 20 пайызға құнсызданған.

"Қара базарда" ақша сату заңсыз саналатын Түркіменстанда үкімет шектеулері кейінгі жылдары шетелдік валютаны сатып алуды қиындатып жіберді.

ТАБИҒИ РЕСУРСҚА БАЙ, БІРАҚ...

Халық саны 6 миллионнан асатын Түркіменстан - табиғи газға бай мемлекет. Газ қоры жөнінен әлем бойынша төртінші орында тұр. Бірақ ақпарат құралдарында елде азық-түлік тапшылығы бар екені, экономикалық тоқырау болып жатқаны жиі айтылады.

Үкіметтің ресми дерегінше, мемлекеттегі орташа жалақы – 1200-1400 манат (ресми курс бойынша 350-400 доллар). Бұл – Орталық Азия бойынша Қазақстаннан кейінгі ең жоғары жалақы. Бірақ үкіметтің дерегі шындыққа жанаспайды, өйткені ол жалған бағаммен есептелген. Шын мәнінде Түркіменстан аймақтағы ең кедей мемлекеттерді бірі саналады.

БАҒАНЫҢ ШАРЫҚТАУЫ

Түркіменстанның мемлекеттік дүкендерінде негізгі азық-түлік субсидияланған бағамен сатылады. Бұл баға бірталай жыл өзгермей келген. Бірақ 25 ақпанда мемлекеттік дүкендерде қант бағасы күрт өсіп, бір келісі 7 манаттан 9 манатқа дейін көтерілді. Май бағасы 13 манаттан 19 манатқа, тауық етінің бір келісі 10 манаттан 16 манатқа жетті.

Түркімендер бағаның себепсіз өсуіне үйреніп қалған, бірақ мемлекеттік дүкендердегі қымбатшылық оларға соққы болып тиді. Ал кейінгі апталардағы девальвация жағдайды бұдан әрі ушықтырды.

23 наурызда Turkmen.news сайты Мары ауданында бір келі сиыр етінің бағасы 75 манатқа, Түркіменабадта 70 манатқа жеткенін хабарлады. Елдің батысындағы Балқан провинциясында сиыр етінің бағасы – 65 манат, Дашоғұзда – 55-60 манат.

1 ақпанда Turkmen.news сайты Ашғабадтағы екі базарда картоптың таусылып қалғанын хабарлаған еді. Бірақ мемлекет бекіткен 15-17 манат (келісіне) емес, 25 манат төлеуге дайын болсаңыз, саудагерлер картопты тығып сатуға дайын болған.

12 қаңтардан бастап Мары уәлаятындағы мемлекеттік дүкендер тұрғындарға нан сатпас бұрын олардан отбасында қанша адам бар екенін көрсететін құжат талап етіп жатыр. Оны алу үшін адамдар жергілікті әкімшілікке жүгінуі керек. Ал шенеуніктер азаматтардан құжат бермес бұрын коммуналдық қызмет ақысын толық төлеуді талап етеді.

Қаңтардың соңында Лебап уәлаятында мемлекеттік дүкендер отбасындағы бір адамға 2 наннан ғана беретін болған.

Лебаптағы азық-түлік дүкені алдындағы кезек.
Лебаптағы азық-түлік дүкені алдындағы кезек.

Азаттықтың Түркімен қызметі сәуірдің басында Ашғабадтағы мемлекеттік дүкендерде ұн таусылғанын, нанның кейде бар, кейде жоқ екенін жазды. Ал Мары уәлаятында мемлекеттік дүкендерде 3 апта бойы нан сатылмаған.

ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕК

Соңғы жылдары мемлекеттік дүкендердің алдында ұзын-сонар кезек көп болады. Әсіресе, нан сататын дүкендердің алдында адам көп. Коммерциялық дүкендерден тауар алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындар дүкен ашылардан бірнеше сағат бұрын кезек алып, қажетті азық-түлікті белгіленген бағамен алып үлгеруге тырысады.

Мемлекетте азық-түлік үшін ғана емес, банкоматтар алдында да жұрт кезекке жиі тұрады.

Мемлекеттік дүкендерде азық-түліктің бір адамға шектеулі мөлшерде берілетіні сияқты, банкоматтан ақша алу мөлшері де қатаң шектелген.

Түркімен билігі біраз жыл бұрын жаппай қолма-қол ақшасыз сауда жасауды енгізуге тырысты. Бірақ дүкен мен базардың көбінде әлі күнге дейін банк картасымен төлем жасауға арналған аппарат жоқ.

2015 жылға дейін Түркіменстанда ешқандай тауарға кезекке тұру болмайтын. Ал қазіргі жағдай Түркіменстан билігінің алаңдаушылығын туғызып отыр. Полиция көбіне кезектегі адамдарды таратуға тырысып, тұрғындарды жиналмауға шақырады.

Мемлекеттің ресми өкілдері ешқашан жұмыссыздық туралы мәлімет бермейді. Бірақ кей сарапшылар экономикалық мәселе басталмай тұрып-ақ жұмыссыздық 50 пайыз болғанын айтады. Ал кейінгі жылдары экономика тіпті әлсіреді, демек жұмыссыздық деңгейі одан да жоғары болуы мүмкін.

ҚОҚЫС АҚТАРЫП КҮН КӨРЕТІНДЕР ДЕ БАР

Кей адамдардың кедей болғаны соншалық, олар қоқыс арасынан тамақ немесе сатуға болатын пластик пен қағаз іздеуге мәжбүр. Мұндай жағдайды екі-үш жыл бұрын елестетудің өзі қиын болатын.

Қаңтар айында Азаттықтың Түркімен қызметі Мары ауданында қоқыс ақтарып жүрген әйелдер мен балалардың көбейіп кеткенін жазды. Кейбірі қоқыс төккендерді тоқтатып, "ішінде кәдеге жарайтын нәрсе бар ма?" деп сұрауға дағдыланған.

Қоқыс ақтарып жүрген әйел. Түркіменстан, 2019 жыл.
Қоқыс ақтарып жүрген әйел. Түркіменстан, 2019 жыл.

Наурыз айында полиция Мары қаласында қоқыс ақтаратын адамдардың нөпірін тоқтата алмайтынын мойындап, оларға "дәріс" оқығаны хабарланды. Кейін оларды суретке түсіріп, жеке мәліметтерін жазып алған. Кейбіріне "көзге түсіп қалмау үшін" жол жөндейтін жұмысшы киімін киюге "кеңес берген".

Елде су құйылған шелек пен шүберек ұстап, жол бойында көлік терезесін жуып жүрген бала да көбейген. Тілшілер мектеп жасына дейінгі балалардан неліктен мектепке бармайтынын сұрағанда, олар балабақшаға да бармағанын, мектепке жіберуге отбасының шамасы жетпейтінін айтқан.

12 жастағы қыз күнде көк базарға барып, қайыр сұрайтынын айтқан. Өткен аптада оны полиция базардан қуып шығып, анасына ұрысқан.

"Олар [анамызға] "енді көрсек, кәмелетке толмағандарға арналған түрмеге қамаймыз" деді. Ал [анам] "Түрмеге қамаса, қамасын, ол жерде әйтеуір тамақ береді ғой" деп айтты" дейді қыз.

"КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛМЕГЕН МЕМЛЕКЕТ"

Бүкіл әлемге тараған коронавирус Түркіменстанның экономикасына ғана кері әсер еткен көрінеді. Ел билігі мемлекетте бірде-бір адамнан коронавирус анықталмағанын мәлімдеді.

Түркіменстан президенті Бүкіләлемдік денсаулық күнін осылай атап өтті. 28 наурыз 2021 жыл.
Түркіменстан президенті Бүкіләлемдік денсаулық күнін осылай атап өтті. 28 наурыз 2021 жыл.

Жақында Covid-ке қарсы екпе науқаны басталды. Дегенмен, үкімет жалпы халықты коронавирустан қорғау үшін нақты жоспар ұсынбады.

Елде науқастар саны артса да, медицина қызметкерлері үндеместен өз жұмысын істеп жүр. Кей медицина қызметкері қиын әрі ұзақ жұмыс үшін және коронавирус симптомдары бар науқастар туралы тіс жармағаны үшін өтемақы алудан үмітті. Бірақ мұның орнына 2021 жылдың басында олардың жалақысы 20 пайызға төмендеді.

Экономикалық қиындық басталғалы авторитар президент Гурбангулы Бердімұхамедов және оның үкіметі саясатын еш өзгертпеді. Олар мемлекеттің экономикасы дамып жатқанын айтып, еш маңызы жоқ нәрселерге назар аударып келеді.

Мысалы, Бердімұхамедов кейінгі апталарда жылқы және алабай иттердің "сұлулық сайысына" дайындықты тексеріп жүр. Мемлекеттік қызметкерлер уақыты мен жалақысын сарп етіп, сәуірдің соңына жоспарланған конкурстарға баруға міндеттелген.

"ҚҰНСЫЗ" СЫЙЛЫҚ

Президент жыл сайын 8 наурызда әйелдерге қаржылай сыйлық береді. Сарапшылар осы сыйлықтың көлеміне қарап-ақ "қара базардағы" манаттың жағдайын көруге болатынын айтады.

2015 жылы Бердімұхамедов мемлекеттегі әр әйелге 40 манаттан (ресми бағам бойынша 11,50 доллар) берген. Бұл "қара базарда" 10 долларға тең еді. 2016 жылы 40 манат 8 долларға, 2017 жылы небәрі 6 долларға бағаланды. Ал тағы бір жылдан кейін тек 3 доллар тұратын болды.

2019 жылы президент халықаралық әйелдер күніне берілетін сыйлық көлемін ұғайтып, 60 манат беретінін айтты. Бұл ресми бағам бойынша 17 долларға, "қара базардағы" бағам бойынша небәрі 3,5 долларға тең. Ал былтыр бұл 60 манаттың құны "қара базарда" 3 доллар болды. Биыл 2 доллар шамасында болған "сыйлық" наурыздың соңында 1,50 долларға түсті.

2020 жылдың қазан айында үкімет ең төменгі айлық жалақыны 957 манатқа дейін көтерді. Бұл "қара базардағы" бағам бойынша 24 доллар болды. Ал ресми түрде 1400 манат алатындардың жалақысы 35 долларға тең. Бұл Түркіменстанның Орталық Азиядағы ең кедей елдердің бірі екенін көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG