Accessibility links

Әлия Назарбаева және Швейцариядағы суицид. Орталық Азияға "дендеп енген" Қытай


 Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және оның қызы Әлия Назарбаева Қазақстан халқының бірлігі күні этномәдени орталықтардың көрмесін аралап жүр. Алматы, 1 мамыр, 2012 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және оның қызы Әлия Назарбаева Қазақстан халқының бірлігі күні этномәдени орталықтардың көрмесін аралап жүр. Алматы, 1 мамыр, 2012 жыл.

Швейцариялық газет Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия басқаратын компанияның қатысы бар деген қайғылы оқиғаның егжей-тегжейін баяндады. Бұған қоса, басылымдар АҚШ бастаған Батыстың Қазақстан сияқты елдерде "еркіндікті дамытуға атсалысуы керектігін", ал осы уақытта Қытайдың Орталық Азияға "дендеп еніп жатқанын" сөз етті.

ШВЕЙЦАРИЯДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА ӘЛИЯ НАЗАРБАЕВАНЫҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Неміс тілінде шығатын швейцариялық Tages-Anzeiger басылымы "Қазақстандағы ең ықпалды адамның" елдегі бизнес-мекемесімен байланысты қайғылы оқиға туралы жазды. Басылымның ақпараты бойынша, 65 жастағы кардиолог дәрігер қарызы үшін сатуға шығарылған өз үйіне бекініп, суицид жасаған. Ол Цюрих қаласының және осы аттас көлдің жағасындағы орманды жота – Цюрихбергте орналасқан үйін өртеп жіберген. Швейцария соты оны қарызын өтемегені үшін осы үйінен күштеп шығармақ болыпты. Газеттің мәліметі бойынша, марқұмға қарыз бергендердің арасында Kerfuffle AG атты медициналық технология компаниясы болған, дәрігердің үйін арестке қойғызған да – солар. Tages-Anzeiger журналистерінің айтуынша, бұл компанияның директорлар кеңесінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия 2016 жылдан бері тұр.

Газет 41 жастағы Назарбаевамен байланысуға тырысып көрген, бірақ онысынан нәтиже болмапты. Бұдан соң тілші компания директорлар кеңесінің және бір мүшесі – ирландиялық заңгер Томас Джон Галлахерден дәрігердің өліміне қатысты пікір сұраған. Ол "бұл бойынша ештеңе айта алмаймын" деген. LinkedIn желісіндегі профилінде Галлахер "өте ауқатты адамдардың" ақшасын басқару арқылы табыс табатынын жазған. Журналистердің жазуынша, сондай "ауқаттылардың" бірі Әлия Назарбаева болуы керек. Оның әкесі Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамасан, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесін басқарып, биліктің біраз тетігін қолында ұстап отыр, оған өмір бойына "елбасы" титулы қоса берілген.

Қазақстандағы экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы Әлия Назарбаева Астана экономикалық форумында. Нұр-Сұлтан. 16 мамыр, 2019 жыл.
Қазақстандағы экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы Әлия Назарбаева Астана экономикалық форумында. Нұр-Сұлтан. 16 мамыр, 2019 жыл.

"[Назарбаев] ел басқарған 29 жыл ішінде оның отбасы үлкен дәулет жинады" деген Tages-Anzeiger Назарбаевтар әулетінің Еуропа мен АҚШ-та жалпы құны 785 миллион долларға жететін қымбат үйлері туралы Азаттық радиосының зерттеуіне сілтеме жасайды.

Бұған қоса газет 1990 жылдардың соңында Швейцарияда болған Қазақстанға қатысты дауды еске түсіреді. Сол жолы АҚШ құқық қорғаушылары Қазақстанның саяси басшылығына пара ретінде беріледі деген миллиондаған сома бұғатталған. "Қазақгейт" деген атпен белгілі болған бұл даудан соң 115 миллион швейцар франкі Қазақстанға қайтып, қайырымдылықпен айналысатын арнайы қордың шотына жіберілген.

Швейцар басылымы Назарбаев отбасының қатысы болған басқа да дауларды еске түсіреді. Газет Ұлыбританиядағы жалпы құны 80 миллион доллар болатын зәулім үйлер мен пәтер "шыққан тегі белгісіз байлық ордерімен" бұғатталғанына назар салады. Бұл мүліктің соңғы қожайыны Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев болып шыққан. Журналист олардың британ сотында өз мүлкін қорғап қалғанын айтады.

"Қазақстандық басылымдардың жазуынша, Швейцариядағы мектеп-интернатта оқыған Дариғаның сіңлісі Әлия жайлы жақында өз елінде жағымсыз мақалалар жарық көрді. Болжам бойынша, ол Қазақстанда экологиялық салық жинайтын жекенменшік компанияны басқарады. Қазақстан фермерлері "ақша Әлия Назарбаеваның қалтасына түседі" деп мұндай алымға қарсы шықты" деп жазады газет. Сондай-ақ басылым президент қызының фильм түсірумен айналысатынын және өзін қайырымды адам етіп көрсететін айтады. Газет Назарбаеваның "қаһармандық танытқан" адамдарды марапаттайтын Adam Bol Awards сыйлығын тағайындағанын еске салады.

Утилизациялық алымның артында Әлия Назарбаеваға тиесілі болған компания тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

"БАТЫС ЕЛДЕРІ ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬТЕ САЯСИ ЕРКІНДІКТІ ДАМЫТУЫ КЕРЕК"

Батыс елдері постсоветтік кеңістікте Ресей мен Украинаға көбірек көңіл бөледі. Аймақтың дамуына септесу үшін олар орта деңгейдегі елдерге назар салуы керек. АҚШ әсіресе Беларусь пен Қазақстанда саяси еркіндікті арттыруға күш салғаны жөн. АҚШ-тың Қазақстандағы және Грузиядағы елшісі қызметтерін атқарған, қазір коммерциялық емес RAND корпорациясының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортни мен экономикалық сарапшы Говард Шатцтың америкалық The National Interest басылымында жарық көрген сараптамалық мақаласында осындай тұжырым жасалады.

Авторлардың айтуынша, Батыс СССР-дан бөлініп шыққан бұл елдердің дамуына және әлем экономикасына кірігуіне түрлі деңгейде көмектесіп келеді. "Батыс әсіресе сыңаржақ елдерге көбірек көңіл бөліп, адамдардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізетін басты реформаларды батылырақ қолдағаны жөн болар еді" деп жазады олар.

Совет одағының Еуропа бөлігіндегі елдер анағұрлым көп жетістікке жетті, ал Азия жағы біраз артта қалып қойды. Мәселен Балтық елдерінің коммунистік режимнен шыққан соң қарқынды дамуына себеп болған нәрсе – олар 1940 жылдарға дейін "өзін өзі басқару дәстүрі қалыптасқан тәуелсіз мемлекет болды, ал Орталық Азия тәуелсіздік алар кезде де артта болатын".

Посткеңестік елдердің саяси және экономикалық даму деңгейін түрлі көрсеткіштер, соның ішінде демократия, жемқорлық, заң үстемдігі, экономикалық еркіндік, бәсеке, адам капиталы, адам дамуы, халық денсаулығы сияқты түрлі индикаторлар бойынша бағалаған авторлар бұрынғы СССР елдерін үш топқа бөліп қарастырады.

Жоғары дамыған елдер қатарында Балтық елдері тұр. Экономикалық, саяси және әлеуметтік өлшемдер бойынша Латвия, Литва, Эстония әрдайым алда келеді.

Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан – ең артта қалған елдер. Авторлардың ойынша, бұл елдерде демократия деңгейі төмен, жемқорлық тамыр жайған, экономикалық еркіндік аз, ал халықтың денсаулығы нашар. Түркіменстанда жан басына шаққанда табыс жоғары, бірақ "бұл тек табиғи газ экспортының арқасы", ал Қырғызстанда саяси еркіндік пен жемқорлық өлшемдерінен басқа көрсеткіш төмен".

Ал орта деңгейдегі елдер арасында Армения, Грузия, Молдова, Украина сияқты демократия мен саяси еркіндік саласында біраз ілгерілеген елдердің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі Балтық елдері ЖІӨ-сінің ширегіндей, ары кетсе үштен бір бөлігіндей ғана. "Олар басқарудағы артықшылықтарды өнімділікті арттырып, өсімге айналдыра алмай отыр" деп жазады авторлар.

Ал экономикасы мұнай-газ саудасына тәуелді елдерге сарапшылар "petrostates" деп ат қояды. Энергетиканың және біршама экономикалық реформаның арқасында Қазақстан мен Ресей Дүниежүзілік банктің анықтамасы бойынша табысы ортадан жоғары елдер қатарына кірді" деген авторлар "постсоветтік кеңістікте энергетиканың өркендеуге жол аша алмағанын, бірақ оған аздап септескенін" айтады. Freedom House халықаралық ұйымы мұнай-газ саудасына тәуелді төрт елді де (Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан) "еркін емес елдер" қатарына қосқан.

"Постсоветтік кеңістікте Батыс держава болғаны және жаушыл ұстанымы үшін – Ресейге, оның үлкен агрессиясының құрбаны болғаны үшін – Украинаға саяси және әскери қуатын бағыттап отыр. Алайда, даму тұрғысынан алғанда Батыс орташа деңгейдегі елдерге, соның ішінде реформаны қолға алғандарға көңіл бөлсе, нәтижесі көп болар еді" деген авторлар бұл елдердің түрлі салада "тепе-теңдікпен" дамуына жағдай жасалуы керек деп санайды. "Яғни Беларусь пен Қазақстанда – саяси еркіндікті, Қырғызстан мен Украинада – экономикалық реформаны, Грузия мен Украинада заң үстемдігін ілгерілетуге күш салған дұрыс дейді сарапшылар.

Бұрынғы СССР-дың бұлайша барлық салаларды бір деңгейде дамытуы Батысқа да пайдалы болады деп жазады The National Interest.

"ҚЫТАЙДЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ДЕНДЕП ЕНУІНЕ КЕДЕРГІ БАЙҚАЛМАЙДЫ"

Батыста Орталық Азиямен интеграцияны күшейту тақырыбы көбіне теория жүзінде талқыланып жатқан болса, Қытай әлдеқашан сөзден іске көшкенге ұқсайды. Дамушы елдерге көп назар салатын bne IntelliNews басылымындағы сараптамаға сенсек, өткен аптадағы Қытай мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі символдық мәні зор басқосу болған.

Тарихи Жібек жолының басталар тұсы – Орталық Қытайдың Сиань қаласында болған кездесуде бұл елдің сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азиядағы әріптестеріне "инвестиция мен жаңа бастамалардың сан түрін" ұсынды.

"Бұл кездесу Пекиннің Орталық Азиямен әріптестікке қатысты ұстанымының жаңа кезеңі басталғанын айғақтайды. Ол Ресейдің не ойлайтынына бас қатырмастан, сенімді әрекетке көшті" деп жазады автор.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин (оң жақта) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алып тұр. Пекин, 11 қыркүйек, 2019 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин (оң жақта) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алып тұр. Пекин, 11 қыркүйек, 2019 жыл.

Оның айтуынша, қазір Қытайдың Орталық Азиядағы "ставкасы жоғары", оған екі себеп бар. "Біріншіден, әлем елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына ашулы, ондағы мәжбүрлеп еңбекке жегу, лагерьге қамау және мешіттерді қирату туралы жаңалықтар Пекиннің имиджіне нұқсан келтіріп, мұсылман әлемінің наразылығын туғызып жатыр. Екіншіден, Қытай қазір "Белдеу мен жол" бастамасын (BRI - Қытайдың әлемнің 70-ке жуық елін, Еуразия мен Африка құрлығын қамтитын аса ірі инфрақұрылым жобасы – Ред.) қорғауы керек. BRI Еуразияның кіндігіндегі тұрақтылыққа тәуелді. Сондықтан, Қытай Ауғанстаннан келуі мүмкін қауіпті сейілтуге тырысып жатыр" деп жазады автор. Оның жазуынша, Қытай бұл үшін Тәжікстанда пост ашып, Қытай мен Ауғанстан арасындағы Вахан дәлізін қорғайтын "тау бригадасын" жаттықтырып жатыр.

Автордың айтуынша, "Орталық Азияда теңдессіз экономикалық салмаққа ие" Қытай АҚШ-тың Тәжікстанда я Өзбекстанда әскери база ашу талпынысына "ашуланып", аймақтағы басты ойыншылармен, соның ішінде Ресеймен санаспастан, бір мезетте бес елге қатысты күн тәртібін анықтады. Бұл жаңа формат "Орталық Азияның ең маңызды аймақтық форумына айналуы мүмкін", ал құрамына Қытай мен Ресей қоса кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымы "терең дағдарыста".

"Сианьда Қытай археология мен ауыл шаруашылығынан бастап, денсаулық, білім, сауда, энергетика және транспорт сияқты түрлі салаларда ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бірнеше жаңа жоба ұсынды. Әр жобаның артында келісім бар, аймақтағы әр келісімнің соңы Қытаймен бұрынғыдан да қатты жақындасуға апарады".

"Халықтың [Қытай жобаларын] қолдай қоюы екіталай, азаматтық қоғамның қарсылығын да есептен шығаруға болмайды. Десе де, Қытайдың Орталық Азияға дендеп енуіне кедергі жасайтын қандай да бір құрылымдық кедергі байқалмайды" деп қорытады авторлар.

"ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫЛЫҚ ҮКІМЕТКЕ ҚАРСЫЛЫҚ"

13 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойғаны белгілі. Осы оқиғаға тоқталған америкалық Diplomat басылымы Қазақстан үкіметі халықтың жаппай қарсылығынан соң жерге қатысты "саясатын өзгерткенін", мұның бұл елде "сирек кездесетін" құбылыс екенін ескертеді. Халықтың наразылығына түрткі болған бір себеп – синофобия (Қытайдың саяси, экономикалық, демографиялық ықпалынан қорқу).

Алматыдағы наразылық жиынында Қытайға қарсы плакат ұстап тұрған адам. 31 қашан, 2020 жыл.
Алматыдағы наразылық жиынында Қытайға қарсы плакат ұстап тұрған адам. 31 қашан, 2020 жыл.

"Қазақстанда синофобия элитаның ойы мен қоғамның көңіл-күйі арасындағы әсіресе жерге қатысты үйлеспеушілікті көрсетеді" деп жазған автор сарапшы Пол Бартлеттің "Қазақстан билігінің басты проблемасы – Қытаймен қарым-қатынасқа қатысты ұстанымын қоғамға жеткізе алмай отырғаны" деген пікірін келтіреді.

Автордың айтуынша, Қазақстандағы Қытайға қарсы наразылық көбінесе үкіметке қарсы сипатқа ие, "өйткені олардың арасында ішкі байланыс бар деген пікір кең тараған. Қытайлық компаниялар шынымен де Орталық Азия елдерінің институционалдық әлсіз жақтарын пайдалануға ұмтылуы мүмкін, ал бұл елдердің халқы үкімет ел мүддесін қорғауға қабілетсіз деп қобалжиды".

Дегенмен, Қазақстан қоғамының мемлекеттік саясатты өзгерту "мүмкіндігі шектеулі". Автордың айтуынша, халық жер саясаты бойынша "жеңіске жеткенімен", Қытайдың Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзу саясатына қарсы наразылық "дәл сондай нәтиже бермеді". Осы тұста автор Шыңжаңда қамалған не із-түзсіз кеткен туыстарына араша сұрап, жүз күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығы алдында пикет жасаған адамдарды Қазақстан полициясының ұстағанына тоқталады.

"Нұр-Сұлтан аймақта адам құқықтарын жаппай бұзып жатыр деп Пекинді ешқашан ашық айыптамай, Шыңжаң мәселесінде аса сақ қимылдап келеді" деп жазады Diplomat.

"ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТАН ӨТІП КЕТКЕН" ТЕМІРЛАН

Eurasianet Алматы полициясы "жалған ақпарат таратты" деп айып тағып, үстінен іс қозғаған Instagram-дағы Qaznews24 сатиралық парақшасының иесі Темірлан Еңсебектің ісіне назар аударды.

Пародиялық посттар "шындыққа жанаспайтыны анық болғанымен, олардың мемлекеттік риторика мен шынайы жағдай арасындағы үлкен айырманы анық көрсетуі билікті ашуландырса керек" деп топшылайды автор.

Qaznews24 "парламент мүшелерінің қылмысы үшін жазаны сайлаушылар өтейтін болды", "парламент депутаттары міндетті табыс декларациясы туралы заңның күшін жойды", "2021 жылы Қазақстандағы номинал жалақы 683 432 теңге (1600 доллар) болмақ" деген сияқты тақырыптармен посттар жариялап келген.

Жалақы туралы "ақпараттағы" цифр "мұнайға бай елден күтуге болатын сомамен салыстырғанда анағұрлым аз болғанымен, бұл цифр шындықтан алыстығы сондай, бұл тым абсурд әрі жалған ақпарат екені анық байқалады. Ол ол ма, жұрттың көбі ұлттық статистика бюросы жыл сайын беретін цифрдың өзі тым ұлғайтылған деп санайды" деп жазады Eurasianet.

Карикатурашы Мұрат Ділмановтың айтуынша, "билік өзін сынайтындардың үнін өшіру үшін қолданып келген жауыр болған әдісті" Еңсебекке қарсы да пайдаланған.

"Қызыл сызықтан өтіп кеткен кез келген адамды ерте ме, кеш пе қорқытады, не оның аузын жабады. Тек билік рұқсат еткен әдіспен ғана әзілдей аласыз" дейді ол.

Автор Темірлан Еңсебектің "қылмысын әшкерелеуші" ең ауыр пост – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы қалжың жазылған пост болуы мүмкін деп топшылайды. Qaznews24 "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай статусын берді" деген "ақпарат" жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG