Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртау" комбинатында апат болып, екі адам ауруханаға түсті


"АрселорМиттал Темиртау" комбинатының цехы маңында жүрген жұмысшылар.
"АрселорМиттал Темиртау" комбинатының цехы маңында жүрген жұмысшылар.

25 мамырда Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының металлургиялық комбинатына қарасты цехтардың бірінде апат болды. Денесін үшінші және төртінші дәрежедегі күйік шалған екі жұмысшы реанимация бөліміне түсті, жағдайы ауыр.

—Конвертер цехында балқытылған шойын төгіліп, 20 шарты метр жерге жайылған. Соның нәтижесінде екі адамның денесі күйіп, ауруханаға түсті, – деді Азаттыққа Қарағанды облысының төтенше жағдай департаментінің өкілдері.

Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметінен түсініктеме сұраған. Олар ресми сайтында жариялаған шағын ақпаратты берді. Баспасөз қызметі өндірістің тоқтағанын-тоқтамағанын айтпады.

"Оттегі-конвертер цехының миксер бөлімінде кранды көтерген кезде шойын таситын шөміш құлады. 1984 жылғы машинист 2,3 дәрежедегі күйік алды (денесінің 20 пайызы күйген). 1994 жылғы машинист 3,4 дәрежедегі күйік алды (денесінің 70 пайызы күйген). Зардап шеккендердің жағдайы ауыр. Реанимация шараларынан кейін зардап шеккендер Қарағанды қаласындағы күйікті емдеу орталығына жеткізілді" делінген компания сайтындағы хабарламада.

Билік апатты "топтық қайғылы оқиға" деп атап, оны зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

Теміртаудағы металлургия комбинатында алғаш рет авария болып отырған жоқ. 2018 жылы онда ірі апат болып, төрт жұмысшы зардап шеккен. Ол кезде технологиялық құбыр жүйесі істен шығып, құбырлардың бір бөлігі кәсіпорын аумағына құлаған. Кезектен оралған жұмысшылар жан-жаққа қашуға мәжбүр болған. Комбинатта апаттың болғаны алыстан көрінді. Кейбір қолданушылар комбинат төбесінен көтерілген жалынды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салды. Төтенше жағдай жөніндегі комитет "үш құбыр желісі бұзылып, конвертер цехының қабырғасы бүлінді, газ құбыры бүлініп, жалындап от жанды" деді. Комбинат апаттан кейін толық жұмыс істей алмады, қайта іске қосылуы үшін бірнеше ай керек болды.

Төтенше жағдайдан кейін мәжіліс депутаты Альберт Рау Қазақстан премьер-министріне сұрау жіберіп, металлургия комбинаты жағдайының нашарлап кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Депутаттың пікірінше, "кәсіпорынның өнеркәсіптік базасын жаңартуға қажетті дәрежеде ақша бөлінбегендіктен" жағдайы нашарлаған болуы мүмкін.

Биыл наурыз айында қаланың жартысынан астамын жылумен қамтамасыз ететін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты жылу электр орталығында дәнекерлеу жұмыстары кезінде өрт шығып, екі жұмысшының денесін күйік шалған. Біреуі опат болған. Сол кезде жергілікті билік оқиғаны "топтық қайғылы оқиға" деп атаған.

Теміртау - шамамен 180 мың тұрғыны бар Қарағанды облысындағы моноқала. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған металлургиялық комбинат СССР құлағаннан кейін үндістандық миллиардер Лакшми Миттал басқаратын компанияның меншігіне өткен. "АрселорМиттал Теміртау" қаладағы бірқатар инфрақұрылым мен Қарағанды облысындағы ірі бірнеше шахтаға иелік етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG