Accessibility links

Коммерциялық банк қосымшаларына Covid-пен ауырғандар дерегі бар Ashyq жүйесі енгізіліп жатыр


Мекемеге кіргісі келген адам оның сыртындағы QR-кодты Ashyq қосымшасы бар смартфонына түсіруі керек.
Мекемеге кіргісі келген адам оның сыртындағы QR-кодты Ashyq қосымшасы бар смартфонына түсіруі керек.

Қазақстандықтар түрлі банк операцияларына пайдаланатын Kaspi.kz қосымшасына Covid-пен ауыратындар мен олармен байланыста болғандарды анықтайтын Ashyq жүйесі енгізілді. Бұл жөнінде Азаттыққа ақпарат, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

Мекеме баспасөз қызметінің хабарлауынша, азаматтар "көп платформада қолдана алу үшін" бұл жүйе коммерциялық мекеменің қосымшасына да кіріктірілген.

— Автокөлік рәсімдеу сияқты мемлекеттік қызметтерді банктер мен ұйымдардың кең таралған қосымшаларына көшіріп жатырмыз. Сондықтан, кей адамдар үшін Kaspi.kz арқылы кіруге ыңғайлы болар. Біріншіден, таңдау мүмкіндігін береміз: біреуге Ashyq қосымшасынан кірген ыңғайлы шығар, енді біреу банк қосымшасының белсенді қолданушысы болса, сол арқылы кірген қолайлы болар. Екіншіден, Ashyq қосымшасында олқылықтар болса, қолданушының балама мүмкіндіктері бар, — деді министрліктің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов.

Оның айтуынша, Kaspi.kz-тен кейін бұл жүйе Halyk Bank қосымшасына да енгізілуі мүмкін. Министрлік өкілі Ashyq-ты өз қосымшасына интеграциялаған банктер "клиенттер туралы қандай да бір ақпаратты ала алмайды" деп сендірді.

— Ashyq қосымшасы ЖСН-іңізді ғана біледі, ал Kaspi.kz-ке ЖСН-іңіз онсыз да белгілі. Банкте сіз туралы барлық ақпарат бар, олар жеке мәліметтеріңізді де біледі. Офертаға қол қойғанда жеке мәліметтеріңізді пайдалануға келісім бересіз. Бұл жағдайда Ashyq-тан [коронавирустың бар-жоғы туралы] ПТР-тест нәтижелері беріледі. Ashyq-та бұдан басқа мәлімет жоқ, — деді Төлегенов.

Мұнымен қоса, Ashyq жүйесі Aitu платформасында да жұмыс істейді. Мамырда қосымшада ақау шыққан кезде Ashyq ол жерге де орнатылған. Aitu-дың қолданушы келісімінде оған тіркелген адамның компаниядан және үшінші тараптан жарнама алуға келісетіні айтылған. Министрлік "ешкімнің жеке мәліметі жарнама мақсатында қолданылмайтынын" және платформаның иесі – BTS Digital "қолданушы келісіміне өзгеріс енгізетінін" айтқан.

Қолданушының мәліметі көрінетін Ashyq қосымшасы мұның алдында да көп сынға ұшыраған. Мамырдың басында iPhone қолданушылары AppStore-дан Ashyq қосымшасын жүктей алмады. Әзірлеуші абоненттік төлемді Apple ережелеріне сай жасамағандықтан, оның аккаунты уақытша бұғатталған.

Қосымшада коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың дерегі әлі күнге көрсетілмейді. 3 маусымдағы брифингте цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин екпе алғандар келесі аптадан бастап "жасылмен" көрсетіледі деп уәде берді.

  • Kaspi — Қазақстандағы аса ірі қаржылық-техникалық компания, оның екі акционері биыл сәуірде Forbes-тың миллиардерлер тізіміне енген. Былтыр қазанда Kaspi Лондон қор биржасына акцияларын шығарып, оның негізін қалаушылар Владимир Ким (дәулеті 3,3 миллиард доллар) және Михаил Ломтадзе (3,2 миллиард) елдің ең бай кәсіпкерлері қатарына қосылды. Қарашада америкалық Forbes "Kaspi.kz-ті шағын стартаптан қаржы технологиясы алпауытына" айналдыруға Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қатысы болуы мүмкін деген болжам айтты. Сатыбалды 2018 жылы компания акционерлерінің қатарынан шыққан, бірақ Forbes сарапшылары бұл жай формалды әрекет болды, Назарбаев туысы әлі де компанияға иелік етіп отыр деп санайды.
  • Қазақстан нарығының 32 пайызын бақылайтын Halyk Bank-ті "АЛМЭКС" компаниясы арқылы Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бақылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG