Батыстың киім-кешек шығаратын брендтері Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандардың күшін пайдаланып өндірген мақталарын өздеріне сатып жатыр деп алаңдайды. Биыл АҚШ, Еуропа, Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымына байланысты санкция салған соң брендтер де Шыңжаңда өсірілген мақтаға бойкот жариялауды ойластыра бастаған. Пекин де қарап отырған жоқ.
ПЕКИННІҢ БАТЫС БРЕНДТЕРІМЕН ШАЙҚАСЫ
Қытайдың кеден бас басқармасы 3 маусымда батыстағы сексеннен аса брендтің тіккен киімі, аяқ-киімі, ойыншығы, тіс щеткасы мен басқа да заттары "бала өміріне қауіпті" деп айып тақты. Кеден басқармасы Nike, H&M, Zara, Ralph Lauren, Gap, Uniqlo және GAP киімдерінде "химиялық зиян қоспа мен бояғыш" бар дейді.
Пекин даниялық LEGO ойыншығын да "балаға зиян" деп айыптады. Қытайдың кеден органы "зиянды заттар 2020 жылдың маусымы мен 2021 жылдың мамыры кезінде жүргізілген тексеріс кезінде анықталды" дейді.
Батыс басылымдарының жазуынша, кеден басқармасының тізімі жарияланған соң Қытайда әлеуметтік желіде брендтерді жаппай сынау басталған.
Жыл басында Қытай әншілері мен шоу-бизнес өкілдері шетелдік брендтермен серіктестікті тоқтатқан еді. Олар шетелдік брендтерді даттап, Қытай брендтерін мақтаған, жұртты елде тігілген киімдерді алуға шақырған.
Мемлекеттік телеарналар кадрда қандай да бір адам шетелдік киім киіп тұрса, ондағы брендтердің эмблемасын жауып тастайды. Бұған қоса, Пекин шетелдік бірнеше брендтің сайтын бұғаттады, Қытайдан онлайн тапсырыс қабылдай алмайтындай қылды. Осыдан соң кей брендтер Қытайдағы дүкенін жабуға мәжбүр болды. Ал батыс брендтерінің ашық тұрған дүкеніне таксимен бару қиын, себебі олардың мекенжайы онлайн карталарда көрсетілмейді.
Қытай басында H&M, Zara және Nike брендтеріне көп шүйліккен. Кейін бұл қатарға Adidas, Puma, Burberry, Converse және басқа да брендер қосылды.
2020 жылы желтоқсанда халықаралық Newlines институты арнайы зерттеу қорытындысын жариялап, Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп мақта өндіруге жіберіп жатыр деп мәлімдеген. Британиялық ВВС сайты да Шыңжаңдағы жұрттың мәжбүрлі түрде мақта теріп жатқанын жазған.
1.4 миллиард халқы бар Қытай – батыс брендтері үшін тұтынушысы көп нарық. Reuters дерегінше, швециялық H&M үшін Қытай табыс бойынша төртінші орында. Бұл брендтің Қытайда 505 дүкені бар және былтырғы табысы – 9,75 млрд швед кронын құраған (11 млрд доллардан астам). Ал Adidas 2020 жылғы 18,4 млрд еуро табысының 4,3 млрд еуросы Қытайдан түскен.
Шыңжаң мақтасына бойкот жариялау туралы сөз шыққалы H&M, Nike, Adidas, Inditex брендетінің акциясы бірнеше пайызға азайып кетті. Қазір Шыңжаңдағы жағдайға байланысты бұл брендтер екі оттың арасында қалды. Олар Шыңжаңдағы жағдайды сынауды жалғастыра берсе, Қытайдағы табысын жоғалтпақ. Ал Қытайды қолдаса Батыстағы тұтынушылар мен құқық қорғаушылардың қаһарына ұшырайды.
Қытаймен текетірес ушыққан тұста, биыл наурызда H&M компаниясы арнайы мәлімдеме жасап, "Біз Қытайдағы клиенттеріміздің, әріптестеріміздің және іскерлік серіктестеріміздің сенімін қайтаруға тырысамыз" деген. Пекин бұл мәлімдемені "екінші сортты пресс-релиз" деп сынап, компаниядан тікелей кешірім сұрауды талап етті.
Батыс брендтерімен тартыс күшейгенде кореялық FILA мен жапониялық Muji брендтері Шыңжаңның мақталарын пайдалана беретінін мәлімдеді.
Еуропа одағының Қытайдағы сауда палатасының басшысы Йорг Вуттке Bloomberg сайтына берген пікірінде брендтер Қытай мен батыстың тартысының басылғанын күткеннен басқа "амалы жоқ" деп санайды.
"Қиын жағдай. Себебі былтыр Қытай нарығы талай компанияны құтқарып қалды. Бір жағынан, саяси қысым да өршіп тұр. Әсіресе Шыңжаң тақырыбына келгенде компаниялардың істер амалы жоқ" дейді ол.
Наурызды Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин Пекиндегі брифингте "Қытай кейбір шетелдіктерге біздің күрішті жеп алып, қытайлық мискиді (кесеге ұқсас ыдыс – ред.) сындыруға мүмкіндік бермейді" деген еді. Оның бұл сөзі Пекин өзін сынайтын, бірақ Қытай нарығынан пайда тапқысы келетін компанияларға төзбейді дегенді меңзейді.
Шыңжаң – мақта өндіру бойынша әлемде жетекші орын алатын өңірлердің бірі. Бұл аймақ көптеген батыс компаниясын шикізатпен қамтамасыз етеді.
БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда арнайы лагерьлер ашып, онда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды ұстап отыр. Пекин бұл лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды, ал Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп сипаттайды.
ҚЫТАЙДЫҢ ШОУ-БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КҮРЕСІ
Қытай билігі өзіне ұнамайтын саяси тұлғалармен кездескен және түрлі саяси оқиғалар жайлы пікір білдірген әншілерге де цензура қолданады.
Өткен аптада Қытайда америкалық "Friends: The Reunion" шоуы көрсетіле бастаған. Бірақ Қытайдағы көрермен шоуға қонаққа келген америкалық Lady Gaga (Леди Гага), канадалық Джастин Вибер, оңтүстік кореялық BTS тобын таппай қалды. Оларды шоудан қиып тастаған.
Пекин бұл әншілер "Қытайды қорлаған" деп санайды. К-поп жанрындағы танымал BTS тобының мүшесі REM былтыр "1950-53 жылы Корей соғысы Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың ортақ мұңы және жүрек ауруы" деген еді. Корей соғысында Солтүстік Кореяны қолдаған Қытай бұл сөзге шамданып қалды. BTS тобының Қытайда фанаты көп. Қытайлық Weibo желісінде К-поп тобына бес миллионнан астам қолданушы жазылған.
Ал Lady Gaga 2016 жылы Тибет буддашыларының рухани көсемі Далай Ламамен кездескен еді. Қытай шетелге қашып кеткен Далай Ламаны Тибет сепаратизмінің басшысы деп санайды. Бұған дейін Далай Ламамен кездескен әлемдік бірнеше жұлдыздың Қытайда жоспарланған концерті өтпей қалған еді. 2016 жылы америкалық әнші Селена Гомес Далай Ламамен кездескен соң Гуанжоу мен Шанхайдағы концерті өтпеді. 2015 жылы америкалық Maroon 5 тобының Шанхайдағы концерті де болмай қалды. Концерт алдында топ мүшелерінің бірі Далай Ламамен жолыққан еді.
Канадалық әнші Джастин Вибер 2014 жылы Токиодағы Ясукуни храмына барғаны үшін Қытайдың "қара тізіміне" енген. Жапония бұл храм ел үшін және император үшін жанын пида еткен барлық жауынгерге арналған деп санайды. 20-ғасырдың алғашқы жартысында Жапония жаулап алып, біршама уақыт өзіне бағынышты қылған Қытай мен Корея "Ясукуни храмы – жапон басқыншылығының символы" деп санайды.
Қытайда америкалық ситкомдардың (шағын комедиялар) біразына тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР