Accessibility links

Қытай консулдығы алдында пикет өткізген 2 адамға айыппұл салынды, бірнешеуі полицияға шақыртылды


Қытай консулдығы алдында наразылық білдіріп тұрған бір топ адам. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.
Қытай консулдығы алдында наразылық білдіріп тұрған бір топ адам. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.

21 маусымда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізіп жүрген азаматтардың бірі Ақиқат Қалиолла мен Алмахан Мырзанқызына "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 50 айлық есептік көрсеткіш (145 мың теңге немесе 340 доллар) көлемінде айыппұл салды. Консулдық алдында пикет өткізген тағы бірнеше адам полицияға шақыртылған. Олар да әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген адамдардың Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылық акция өткізіп жүргеніне 22 маусымда 135 күн болды. Олар "туыстарымыз үшін жанымыз құрбан, бізді ешқандай айыппұл тоқтата алмайды" деп отыр.

- Бұған дейін 61 мың теңге айыппұл салған. Айыппұлды төлеуге шамамыз жетпейді. Кеше сотта да соны айттым. Тапқан табыс жоқ. Өзімнің қан қысымым көтеріліп жатыр. Жолға да аз ақша кетіп жатқан жоқ. Қарызданып біттім. Бүгін де үш адамға полиция шақырту берді. Бірақ біз шараны тоқтатпаймыз. Біз тоқтатсақ, Қытайдағы туыстарымыздың қандай күйде болатынын білмейміз. Жанымыз құрбан деп отырмыз. Шығамыз, тайынбаймыз. Қытайдағы туыстарымызды өлтіріп, қамап жатса, қинап жатса, осында жатуымыз керек пе? Ажал жетсе, өлеміз, ажал жетпесе туыстарымыз үшін жанымыз құрбан, – деді сейсенбі күні Алмахан Мырзанқызы Азаттық тілшісіне.

Сот шешімінде Ақиқат Қалиолла мен Алмахан Мырзанқызына Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі бойынша айып тағылғаны жазылған. Сот шешімінде олар 10 маусым күні Қытай консулдығы алдында басқа белсенділермен бірге қолдарына "Қытайдағы геноцид тоқтатылсын!", "Концлагерь жабылсын", "Қазақты қорламасын", "Жазықсыздар босатылсын" деп жазылған плакаттарды, адамдардың суреттерін ұстап, "жергілікті атқарушы органның келісімінсіз және рұқсатынсыз заңсыз пикетке қайталап қатысқан" деп жазылған.

Консулдық алдында акция өткізіп жүрген наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" көп жылға сотталғанына, енді бірі Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарының құжаттарын тартып алып, Қазақстанға шығармай қойғанына шағымданады. Олар Қытайдан жақындарын босатуды талап етеді.

135 күн бойы олар консулдықтан мардымды жауап ала алмаған. Қазақстан соты бұған дейін оларды бірнеше рет әкімшілік жазаға тартты.

Қарай отырыңыз: Қытай консулдығы алдында 100 күн наразылыққа шыққандарды полиция ұстады (18 мамыр 2021 жыл).

Қытай консулдығы алдында 100 күн наразылыққа шыққандарды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00
  • Қазақстанда "Бейбіт митинг туралы заңға" сай, жұрт қандай да бір наразылық шарасын ұйымдастыруы үшін әкімдікке ескертуі тиіс. Билік рұқсат етілмеген кез келген бейбіт акцияны заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар заңды өткір сынаған.
  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер кейінгі жылдары Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
  • АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланды және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
  • Қытайға экономикасы кіріптар Қазақстан билігі Пекиннің саясатын ашық сынаудан тартынады. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңда қалған қазақтардың туыстарының арыз-шағымын "дипломатия жолымен" қарайтынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG