Accessibility links

Қытай консулдығы маңында пикет өткізгендерге айыппұл салынып, бір белсенді 15 күнге қамалды


Сот Шыңжаңдағы бауырын араша түсіп жүрген Күнболатұлын тағы да жазалады. Анасы ұлына араша сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

22 маусымда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Шыңжаңдағы туыстарын елге қайтаруды талап етіп, 135 күннен бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикет өткізіп жүрген белсенділердің екеуіне – Гүлбаран Өмірәлі мен Алтынай Араханға айыппұл салды. Сот сонымен бірге белсенді Байболат Күнболатұлын 15 күнге қамады.

Ақпаратқа қарағанда, 22 маусымда үш белсенді пикеттен кейін полицияға шақыртылған. Артынша сол жерде онлайн сот өтіп, әкімшілік жауапқа тартылған.

Байболаттың әйелінің Азаттыққа хабарлауынша, сот Байболатты елшілік алдындағы наразылықты ұйымдастырушы ретінде 15 күнге қамаған.

– Байболат сотта өзінің ешқандай ұйымдастырушы емес, наразылыққа шыққандар туралы ақпарат таратушы блогер екенін айтты. Бірақ сот оның сөзін елемеді. Жазықтан-жазықсыз 15 күнге қамады, - дейді Байболаттың жары.

Сот қаулысында Байболат Күнболатұлының 15 маусымда Қытай консулдығы алдында "заңсыз шеру ұйымдастырып, адамдарға үгіт-насихат плакаттары мен дыбыс күшейткіш колонкаларын таратып бергені" жазылған. Ол сотта өзіне тағылған айыпты ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу", 488-бап, 7-бөлігі) мойындамаған.

Сот "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" Гүлбаран Өмірәліне – 145 мың теңге, Алтынай Араханға 87 мың теңге айыппұл салған. Сот қаулысында олардың 10 маусым күні консулдық алдындағы пикетке қатысқаны жазылған. Құжатта жауапкерлер "Қытайдағы геноцид тоқтатылсын", "Концлагерь жабылсын", "Қазақты қорламасын", "Жазықсыздар босатылсын" деп жазылған плакаттарды ұстап, жергілікті атқарушы органның келісімінсіз және рұқсатынсыз заңсыз пикетке қатысты" деп көрсетілген. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.

Сот бір күн бұрын пикет өткізіп жүргендер азаматтардың бірі Ақиқат Қалиолла мен Алмахан Мырзанқызына да айыппұл салған еді. Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген азаматтардың кейбірі осымен үшінші, кейбірі екінші рет әкімшілік жазаға тартылып отыр. Олар "туыстарымыз үшін жанымыз құрбан, бізді ешқандай айыппұл тоқтата алмайды" деп отыр.

  • Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
  • Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында төрт жарым айдан астам уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
  • Сәуірде Қытайда түрмеде – 13 жыл, "саяси лагерьде" – 1,5 жыл қамауда болған Шыңжаң қазағы Рақыжан Зейнолла Қазақстанға оралған. Оның әйелі Фарида Қабылбек бірнеше жыл бойы күйеуінің бостандығы үшін күресіп, пикет өткізген. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.

Қарай отырыңыз: "Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды (9 сәуір 2021 жыл).

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00
  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG