Accessibility links

Шымкентте қамауда жатқан белсенді Аштаевтың үстінен кемінде бір қылмыстық іс қозғалды


Сот үкіміне наразылық білдіріп тұрған белсенді Жанмұрат Аштаев. 1 маусым 2021 жыл.
Сот үкіміне наразылық білдіріп тұрған белсенді Жанмұрат Аштаев. 1 маусым 2021 жыл.

Шымкент әкімдігі алдында аштық акциясын жалғастырған белсенділерді қолдап, артынша олармен бірге ұсталып, 10 тәулікке қамалған Жанмұрат Аштаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Аштаевтың әйелі белсенді Мөлдір Нұранова хабарлады. Полиция Аштаевтың үстінен кемінде бір қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Нұранованың сөзіне қарағанда, Аштаев қамауда жатқан кезде Шымкент қалалық полиция департаментінің тергеушілері келіп, оның үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" және "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Өзін біраз тергеген. Ол тағылған айыппен келспеген, мойындамаған.

- Күйеуім қамауда жатқан жерінен хат жазды. Онда саяси көзқарасы үшін қудаланып, кезекті рет қылмыстық іс қозғалғанын жазды, - дейді Нұранова.

Қылмыстық істің нақты қай оқиғамен байланысты екені белгісіз.

Аштаев 1 шілде күні қалалық әкімдік алдында өткен аштық акциясына қатысқан. Оны сол күні полиция басқа белсенділермен бірге күшпен ұстап, бөлімшеге жеткізген. Нұранованың айтуынша, бөлімшеде полиция қызметкерлері "оның іші мен оң жақ көзінен ұрған".

Шымкент қалалық полиция басқармасы Аштаевтың үстінен "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бабымен іс қозғалғанын растады. Ал "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен іс қозғалғанын-қозғалмағанын анықтайтынын жеткізді.

1 шілде күні сот Аштаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 10 күнге қамаған.

24 маусым күні белсенділер Ерлан Файзуллаев, Жанмұрат Аштаев, Нұржан Әбілдаев, Ермек Қонышбаев және Мұрат Байдәулетов Түркістан облысы Төлеби ауданы Ұзынарық ауылында саяси қудалауды тоқтатуды талап етіп, аштық жариялаған. Кейіннен бес белсенді аштықты Шымкентте жалғастырды. Өткен аптада белсенділер "денсаулығына және отбасылық жағдайына байланысты" және әкімшілік қамауға алуына байланысты аштықты тоқтатты.

Маусым айының басында Жанмұрат Аштаев өзге екі белсендімен бірге "тыйым салынған ұйымдарды қолдағаны үшін" (нақты жағдайда ҚДТ мен "Көше партиясы", екі ұйымның жұмысына Қазақстанда тыйым салынғанмен Еуропарламент оларды бейбіт оппозициялық ұйымдар деп атаған) сотталған болатын. Сот оның бостандығын 2 жылға шектеп, 3 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Белсенді сот үкімімен келіспейді.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" билік сыншыларына қарсы қолданды деп айыптаған. Нұр-Сұлтан елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG