Accessibility links

АҚШ Шыңжаңда адам құқығын бұзуға атсалысқан 34 ұйымды "қара тізімге" қосты


Қашқар қаласындағы мешіт маңы. Шыңжаң өлкесі, Қытай, 3 мамыр 2021 жыл.
Қашқар қаласындағы мешіт маңы. Шыңжаң өлкесі, Қытай, 3 мамыр 2021 жыл.

АҚШ Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман ұлт өкілдерінің құқығын бұзуға әрі биліктің оларды бақылауда ұстауына атсалысқан қытайлық 14 компанияны экономикалық "қара тізіміне" енгізді. Бұл туралы 9 шілдеде АҚШ сауда министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған.

"АҚШ-тың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздік мүддесіне қайшы келетін іс-шараға қатысқаны не сондай шараға қатысу қатері болғанына байланысты" тыйым салынған ұйымдар тізіміне барлығы 34 ұйым жаңадан енгізілген. Қытайдың 14 компаниясымен бірге олардың арасында Ресей және Иранның ұйымдары да бар.

Тізімге еніп отырған Қытай компаниялары Пекиннің "Шыңжаңдағы қуғын-сүргін, жаппай тұтқындау және озық технологияны қолдана отырып азаматтарға бақылау орнату науқанына атсалысқан" делінген мәлімдемеде. Бұған қоса АҚШ сауда министрлігі ресми мәлімдемесінде Қытай билігі ұйғырларға "геноцид" жасап, "адамзатқа қарсы қылмысқа" барды деген АҚШ үкіметінің айыптауын тағы қайталаған.

Шыңжаңда билік "саяси оқыту орталығы" деп атайтын лагерьлерде миллионнан астам адамды еркінен тыс мәжбүрлеп ұстаған деп санайтын Батыс елдері Қытайдың мекеме-ұйымдары мен жекелеген адамдарға санкция салған еді. Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі 9 шілдеде АҚШ-тың мәлімдемесін "Қытайдың ішкі ісіне араласу әрекеті" деп атап, оның негізді екенін мойындаудан бас тартты.

  • Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
  • АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
  • Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы әрекетін "ішкі саясатымыз" дейді. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді.
  • Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG