Accessibility links

ҚДТ мен "Көше партиясына" байланысты айыпталған бұрынғы шахтер істің созылып кеткенін айтады 


 Бүркітбай Насырханов.
Бүркітбай Насырханов.

Билік пен "Қазақмыс" корпорациясын сынап, ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалыстарын қолдады деп айыпталған, кеншілердің құқығын қорғаушы бұрынғы шахтер Бүркітбай Насырхановтың сотында судья мен мемлекеттік айыптаушы ауыстырылды. Ақпаратқа қарағанда, бұрынғы судья Сексенов Сәтбаев қаласынан Қарағандыға ауыстырылған, сол себепті іс судья Ибраевқа берілген. Сот WhаtsApp арқылы онлайн өтіп жатыр. Ұзақ үзілістен кейін қайта жалғасқан сот процесі қайтадан үзілді. Бұл іс бойынша келесі отырыс 16 шілдеге белгіленді.

Сот процесі сәуір айында басталған. Оған дейін бірнеше ай бойы тергеу амалдары жүрген.

—Күтуден әбден шаршадым. Менің тағдырымды айқындайтын кез жетті. Маған шешімнің шығарып қойғанын білемін, сол себепті бұл шара тезірек аяқталса деймін, – деді сотта Бүркітбай Насырханов.

Насырханов сотта мемлекет тағайындаған адвокат Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың тізіміне байланысты сұрау салсыншы деп өтініш берді. Ол отырыс кезінде "қара тізімнен" ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалыстарын көрмегенін айтты.

Ол бұрын да, қазір де өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Белсенді "жеке пікір айтуға және билікті сынауға құқығым бар: дейді.

Дүйсенбі күні жаңа мемлекеттік айыптаушы Сүлейменова іс материалдарымен танысу үшін сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады.

Процесті Қарағанды қаласынан Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының заңгері Данияр Ахмади бақылап жатыр.

Бұған дейін сотта жауап берген куәгерлер Насырхановтан ҚДТ-ға үгіттейтін ұран естімегенін айтқан. Оларды сотқа шақырту туралы өтінішті Насырханов түсірген, ал мемлекеттік айыптаушылар бұған қарсы болған. Ал айыптау жағының куәгерлері – Сәтбаев қаласының ішкі істер бөлімінің қызметкері мен экстремизммен күрес бөлімінің жедел уәкілі Насырханов "тұрғындарды митинг пен шерулерге шақырды, бірақ оны ешкім қолдамады" деп айтқан.

Қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен белсенділер құрған "Көше партиясын" Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған. Еуропарламент Қазақстан билігін "экстремизм" бабын оппоненттеріне қарсы қолданбауға шақырған. Өткен аптада Human Rights Watch ұйымы да Нұр-Сұлтан Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG