"Қазақстан билігі "тыйым салынған экстремистік ұйымның ісіне араласты" деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) кемінде 135 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қудалады" деді HRW ұйымы 7 шілде күнгі мәлімдемесінде.
Ұйым Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырды.
Халықаралық ұйымның мәліметінше, кейінгі үш жылда Қазақстанда белсенділерді "экстремизммен" байланысты бұлыңғыр баптармен қудалау күшейген. Соның салдарынан азаматтардың пікір айту және жиналу құқықтары бұзылған.
"Қазақстанда саяси өзгерістің болғанын қалау, сол өзгерістерге шақыру, саяси оппозициялық топтарды қолдау қылмыс болмауы тиіс. Қазақ билігі бейбіт түрде саяси көзқарас айтуды қылмысқа айналдырып, негізгі адам құқықтарын өрескел бұзды" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Ритман.
Ұйым сәуір және мамыр айларында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған немесе тергеуге ілінген жеті адамнан сөйлескен. Бұған қоса, осы істер бойынша белсенділерді қорғаған екі алматылық заңгерден пікір алып, БАҚ-та жарияланған мақалаларды да шолып шыққан.
Ұйым өкілдері қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясына" шыққан сот шешімдеріне назар аударады. Нұр-Сұлтан соты бұл екі ұйымды "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысының идеясын қолдайтын ұйым деп санайды.
Ал Еуропарламент екеуін де "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. ҚДТ мен "Көше партиясы" жақтастары қудалаудың "саяси астары бар" деп санайды. Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.
HRW Қазақстан соты 405-бап бойынша айыпталған белсенділерге шешімдерді әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларға жүргізілген психологиялық-лингвистикалық талдауға сүйеніп шығарғанына алаңдады.
"Ал ұйымдардың қандай да бір экстремистік күштерге немесе күш қолдануға қатысы бары туралы басқа дәлел жоқ" дейді ұйым.
2019 жылы Қазақстанға келген БҰҰ-ның терроризммен күрес кезінде адамдардың құқығын қорғау ісі бойынша арнайы сарапшысы Фионнуала Ни Аолэйн Қазақстанда экстремизм ұғымының ұлттық заңнама мен тәжірибеде қолданылуына едәуір алаңдаушылық білдірген. HRW мәлімдемеде осыны еске салады.
"[Фионнуала Ни Аолэйн] 405-бап бойынша қамауды үкіметтің азаматтық қоғамға жасап отырған озбыр әрекетінің көрінісі ретінде атап көрсетті. Ни Аолайннің сапарынан кейін де 405-бап бойынша қуғындаулар жалғасып жатыр" делінген мәлімдемеде.
"Ар.Рух.Хақ" адам құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның мәліметіне сүйенген HRW ұйымының жазуынша, 2018 жылдан бері кемінде 58 адам 405-бап бойынша сотталған. Оларға бір жыл шартты жаза мен екі жылға дейін түрме жазасы аралығында үкім шыққан. Қазір тағы 77 адам сол бап (18-і қазір қамауда немесе ұйқамақта) бойынша тергеліп жатыр я сол бойынша полиция назарына ілінген.
HRW 405-бап бойынша айыпталған кез келген адамның бірден "экстремизмді қаржыландырған адам" болып шығатынын, сәйкесінше түрлі шектеулерге тап болатынын да атап өтеді.
"Қазақстан билігі бейбіт түрде көзқарасын білдіргендерді басып-жаншуын доғаруы тиіс, сөз бостандығы мен сыни пікірге жол ашып, саяси оппозицияның бейбіт әрекет етуіне мүмкіндік беруі қажет. Қазақстан үкіметі "экстремизм" анықтамасын қайта қарап, халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіруі керек және ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан сот тыйымдарын қайта қарау жолдарын қарастыруы тиіс" делінген мәлімдемеде.
HRW 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін де қайта қарауды ұсынады. Қазақстанның халықаралық әріптестері де Нұр-Сұлтанға осы бағыт бойынша қысым жасап, қудалауды доғаруға көндіруі тиіс деп санайды. Ұйым оларды Еуропарламент пен АҚШ сенаторларының осы бағытта білдірген алаңдаушылығын қолдауға үндейді.
Мәлімдемеде "саяси тұтқындар" Әсет Әбішев пен Асқар Қайырбек және өзге де 405-бап бойынша сотталғандардың аты-жөндері аталады. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен оларды дереу босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР