Accessibility links

Жаңаөзенде "KMG-Security" ереуілі жалғасып жатыр. Оларға Қаражанбастағы жұмысшылар қосылды


Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.
Жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан KMG-Security жұмысшылары. Жаңаөзен, 16 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен "KMG-Security" жұмысшылары ереуілінің жалғасып жатқанына төрт күн болды. Кейінгі үш күнде күзетшілер мекеме кеңсесінің алдына түнеп шыққан. Басшылықпен келіссөз сәтсіз аяқталған. 16 шілдеде Жаңаөзендегі ереуілге Қаражанбас мұнай кенішін күзетіп жатқан "KMG-Security" компаниясының тағы бір бөлімшесінің күзетшілері қосылды. Олар мәселені шешу үшін мекеме басшылығына 17 шілдеге дейін уақыт берді.

Қаражанбас мұнай кенішін күзететін "KMG-Security" күзетшілері де талаптарын видео арқылы компанияның басқарма бастығы Талғат Тоқаловқа жолдады. Олар видеода азық-түлік пен коммуналдық қызмет, жолақы қымбаттап кеткенін алға тартып, қазіргідей жалақыларымен күн көрудің қиынға айналғанын айтады. Бұған қоса, қаражанбастықтар Ақтау мен кеніш арасындағы жол шығынын да өздері өтейтінін айтып, шағымданады.

- Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеден төмен болмасын. Елдегі мереке күндерінде ақша төленсін. Жылдың соңында 13-айлық төленсін. Өзге аудандар мен ауылдардан келетін әріптестерімізге жолақысы берілсін. Еңбек демалысы толық төленсін. Егер жоғарыдағы талаптар орындаламаса, жұмысқа шығудан бас тартамыз. Осы талаптарымызды 17 шілдеге дейін шешуді сұраймыз, – дейді видеода күзетшілер арызын жария еткен адам.

Ал Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған "KMG-Security" күзетшілері 16 шілдеде Азаттық тілшісіне осыған дейін басшылықпен келіссөз жүргенін, одан нәтиже шықпағанын айтты. Жұма күні Азаттық тілшісі тікелей эфирде ереуілден ақпарат таратты.

Күзетшілердің бірінің айтуынша, 15 шілдеде "KMG-Security" компаниясы басқарма басшысының орынбасары, генерал-майор Мейірхан Жаманбаев екі рет келіп, жалақыны сатылап көтеруді ұсынған, бірақ жұмысшылар келіспеген.

– Жаманбаев бізге жалақыны үш санатқа бөліп көтеруді, бірінші санатқа – 150 мың, екінші санатқа – 140 мың, үшінші санатқа 135 мың беруді ұсынды. Біз онымен келіспедік, - дейді ереуілдеп тұрған күзетшілердің бірі.

Азаттық тілшісі Жаңаөзенде жүрген Мейірхан Жаманбаевтан жауап ала алмады. Ал Нұр-Сұлтандағы "KMG-Security" компаниясының қызметкерлері басқарма басшысы Талғат Тоқалов "орнында жоқ, іссапарда жүр" деді.

Жаңаөзендегі "KMG-Security" компаниясы күзетшілерінің наразылығы 13 шілдеде басталған. Мекеменің мыңнан астам күзетшісі жұмысын толық тоқтатып, айлық жалақысын 150 мың теңгеге (352$) өсіруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап етіп тұр. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Асқар Маминге, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Алик Айдарбаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымовқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа, "KMG-Security" компаниясының басқарма басшысы Талғат Тоқаловқа бағыттаған талап арыздарына 833 адамның қол қойғанын, ереуілде 400 адам тұрғанын айтады.

"KMG-Security" (бұрынғы - "Semser Security", "Семсер") компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG