Accessibility links

"Былтыр ширақ еді, қазір өлім туралы айтады". Құқық қорғаушылар Арон Атабекпен кездесті


15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.
15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ)қатысушылары 15 жыл қамауда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтты. Бұл туралы бірінші болып Қазақстанның Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы (Bureau.kz) хабарлады.

Bureau.kz хабарлауынша, жазасын Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде өтеп жатқан Арон Атабекке ҰААТ қатысушылары 18 тамыз күні барған.

"Екі қолым ауырады, көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға арбамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болуы керек. Толық (медициналық – ред.) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле алу қауіпті деп есепеймін" деп келтіреді Атабектің сөзін ҰААТ өкілдері Bureau.kz сайтына.

Бюроның жазуынша, мекеме әкімшілігі Арон Атабектің амбулаториялы картасын көрсеткен. Онда оның 2021 жылғы 4 тамызда анализге қан тапсырудан, флюрография мен рентгенге түсуден бас тартқаны жазылған. Мекеме басшысы Әділхан Қапышев Атабектің денсаулығын бақылап отырғанын мәлімдеген.

Арон Атабектің 2021 жылғы 4 тамыз күні жазған қолхаты.
Арон Атабектің 2021 жылғы 4 тамыз күні жазған қолхаты.

Мекеме ұсынған медициналық хаттамада Атабектің сүйек-буыны ауыратыны, екі қолының саусақтары деформацияланғаны, ішінің қатуы салдарынан жарты жыл бойы үлкен дәретке бара алмай жүргені, жүргенде денесі дірілдейтіні және өзге де жағдайы жазылған.

"Бұдан бөлек, хаттамада оның 2021 жылғы 30 шілдеде медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт-дәрігердің тексеруді камерада өткізгені айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артиті секілді диагноз қойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, дәрумен ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және рентгенге түсуге кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан" деп жазады Bureau.kz.

Кездесуде Атабек құқық қорғаушы Елена Семенованың келіп тұратынын, кейінгі уақытта келмегенін айтқан.

"Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса мекеме басшысынан мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, соңына дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген" дейді Bureau.kz.

ҰЛТТЫҚ АЛДЫН АЛУ ТЕТІГІ

Ұлттық алдын алу тетігі – жазалау мекемелерін аралап, ондағы зорлық-зомбылық пен азаптаудың алдын алумен айналысатын орган. Қазақстан бұл органды БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясы аясында 2013 жылы құрған.

ҰААТ-тың Павлодар облысы бойынша жетекшісі, 18 тамыз күні Арон Атабекпен жолыққан топтың ішінде болған Меруерт Шәкірова Азаттыққа бюроның жазғанын толық растап отыр.

Павлодар облыстық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Шәкірова ҰААТ-тың Павлодар облысындағы бөлімі алты адамнан тұратынын, оның үш-үштен екі топқа бөлінгенін, Арон Атабекке соның бірі барғанын айтты. Онымен бірге мекемеге құқық қорғау саласының мамандары Мұрат Баймұрзин мен Александр Бельфер барған.

Сақал-мұртының не себепті өсіп кеткенін сұрағанда Шәкірова Атабектің өзі қырына алмайтынын, сол күні келуі керек болған шаштараздың келмей қалғанын айтты.

– Камерасында болдыңыз, ондағы жағдай қалай?

– Камера лас екен. Біз одан қызметкерлердің тазалап беруіне рұқсат етуін сұрадық. Ол рұқсат бермей отыр. Жеке заттары, жазбалары жоғалып кететінін айтты. Бірақ біз мекеме басшысына тазалаудың жолын табу керегін айттық. Оның мұндай лас жағдайда отыруына жол беруге болмайды дедік.

– Қандай да бір өтініш айтты ма?

– Басқа мекемеге ауыстырмауын сұрады. Одан бөлек таксофонға барып сөйлесудің ауыр тиетінін, қозғалу қиынға соғатынын айтты. Мекеме басшысы "қарастырып көреміз, бірақ таксофонды камераға әкеле алмаймыз, – деді.

– Атабекке былтыр да барғаныңызды айттыңыз. Содан бері не өзгерді?

– Жүдеп қалған, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. [Былтыр] белсендірек, көңілі көтеріңкі болатын. "Бостандыққа шығамын, төрт-ақ жыл қалды, үйіме ораламын" деп отырған. Ал қазір өлім туралы айтады. Солғын тартқан, – дейді Шәкірова Азаттыққа берген сұхбатында.

Шәкірова ҰААТ жұмысы аясында Атабекке жылына бір рет баратынын, бірақ шағынып жатса және тағы өзге төтенше жағдай болып жатса, арнайы кездесу қарастырылғанын айтады.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Шаңырақ оқиғасы: қалай болды және немен бітті

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар" деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбау" айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеді. 2014 жылдың сәуірінен бастап ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек ол жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, "түрме ішіндегі түрме" іспетті мекеме.

2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті.

Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан әкесі туралы жаңалық пен суретті көрген соң, жазба жариялады.

"Папамның қазіргі ахуалы осындай. Сау емес, толық медициналық тексеруден, ем алудан бас тартып отыр. Сенімнің жоғы осыған жеткізіп отыр. Әкемді жылдар бойы хлормен улап, суықпен қорлаған, санитарлық қалашыққа ауысуына рұқсат бермеген, қолжазбаларын тартып алған" деп жазды ол Instagram желісінде.

"Менің жадымда әкем әрдайым жарқыраған, қуатты, дені сау ер адам болды. Түсімде оны дәл осылай көремін. Мына сурет ащы шындықтың дәмін таттырды. Иә, әкем осы жылдардың бәрінде сол жақта болды. Қатаң тәртіптегі түрмеде. Ал Шаңырақ бүгін қаланың маңызды бөлігі... Қазақстан Арон Атабекке лайық емес" дейді Айдана Айдархан.

Материалды әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай үлес қосты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG