Accessibility links

"Кабул террористердің Лас-Вегасына айналды". АҚШ әскерінің кетуі Ауғанстанға қалай әсер етеді?


"Талибан" содырлары АҚШ әскерінен қалған ұшақтың ішінде отыр. Кабул, 31 тамыз 2021.
"Талибан" содырлары АҚШ әскерінен қалған ұшақтың ішінде отыр. Кабул, 31 тамыз 2021.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетті. "Талибан" (Қазақстанда және басқа да елдерде террористік деп танылған ұйым) Кабул әуежайына да бақылау орнатты. Ауғанстанда қазір не болып жатыр? АҚШ әскері кеткен соң тәліптер Ауғанстандағы жағдайды бақылай ала ма? "Ислам мемлекеті" террористік тобының әрекеті қандай болмақ?

АҚШ ӘСКЕРІНІҢ КЕТУІ ҺӘМ ТӘЛІПТЕРДІҢ ТОЙЛАУЫ

31 тамызда АҚШ Ауғанстандағы эвакуациясын аяқтап, Кабулдан АҚШ әскери ұшағының соңғы рейсі ұшып кетті. Осылайша АҚШ Ауғанстанда 20 жылға созылған ұзақ соғысына нүкте қойды. Осыдан соң "Талибан" қозғалысы Кабул әуежайын толық бақылауға алып, АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кеткенін тойлап жатыр.

31 тамызда Кабул көшелерінде тәліптер аспанға оқ атып, Батыс әскерилерінің елден кеткенін атап өткен. 15 тамызда тәліптер Кабулды алып, жиырма жылдан соң Ауғанстандағы билікке оралған соң АҚШ пен оның одақтастары асығыс түрде азаматтарын эвакуациялай бастаған. "Талибан" батыс елдеріне 31 тамызға дейін әскерилерін алып кетуді талап еткен еді.

15-31 тамыз аралысында АҚШ пен батыс елдері 123 мың адамды Ауғанстаннан әкетті. Олардың арасында шетелдіктер мен тәліптерден қысым көруі мүмкін ауғандар бар.

Кабул әуежайында жүрген тәліптер. 31 тамыз 2021 жыл.
Кабул әуежайында жүрген тәліптер. 31 тамыз 2021 жыл.

АҚШ әскерилері Кабулдан кеткен соң қаруланған тәліптер әуежайды түгел барлап, қалған техникалардың ішіне кіріп тексеріп жүргені хабарланды. Los Angeles Times тілшісі жариялаған видеода тәліптердің АҚШ әскерилері қалдырып кеткен ұшақтың ішінде отырғаны байқалады. АҚШ командирлері Кабул әуежайында қалған техникалардың бәрі істен шығарылғанын айтқан.

Әуежайда "Талибан" өкілі Забихулла Мужахид "Ауғанстан толық тәуелсіздікке қол жеткізгенін" айтты. Ол "тәліптердің жеңісі басқа басқыншыларға сабақ болады" деді. Радикал топтың өкілі "АҚШ және басқа елдермен жақсы қарым-қатынас" қалайтындарын жеткізді.

АҚШ Ауғанстандағы дипломаттарын Кабулдан Катар астанасы Дохаға көшіргенін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Американың 100-200 азаматы мен АҚШ әскеріне көмектескен ауған Ауғанстанда қалғанын айтты.

АҚШ пен одақтастары азаматтарын жанталаса эвакуациялап жатқан тұста, 26 тамызда Кабул әуежайының маңында екі жарылыс болып, кемі 170 адам қаза тапты. Олардың 13-і – америкалықтар. Бұл шабуылды "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының Хорасан тобы мойнына алған.

АҚШ 30 тамызда Кабул әуежайына қарай жіберілген кемі бес зымыранды ракетадан қорғану жүйесі атып түсіргенін хабарлады. Кейін әуежайға ракета шабуылын да "Ислам мемлекеті" террористік тобы мойнына алды.

"АУҒАНСТАН ТЕРРОРИСТЕРГЕ ЫҢҒАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛДЫ"

Ресейлік сарапшы, Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу халықаралық орталығының директоры Александр Кореньков "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында енді Ауғанстанда "Талибан" радикалды тобы мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының текетіресі басталатынын айтады.

— Кабулдан америкалық әскерилер шықты. Енді Ауғанстанда не болады?

— Біз енді Кабул мен Ауғанстан террористердің Лас-Вегасына айналып бара жатқанына көнуіміз керек. Мұнда кез келген, тіпті шағын топтар, билікті басып алуға ұмытылмаса да, атын шығару үшін үлкен терактілер жасауға тырысады. Тәліптер Кабулды алғалы екі апта өтті және осы уақыт олардың жағдайды бақылауда ұстай алмай отырғанын көрсетті. Иә, олар көшелерді аралап, әдемі фотоға түсіп жүр, бірақ тәліптер "Ислам мемлекетімен" өз бетінше күресе алмайды. Америкасыз олар болашақта да күресті жалғастыра алмайды. Жағдай ушығып кетуі мүмкін. Бұған "Ислам мемлекетінің күшеюі" мен "Талибанның" өз ішінде жік шығуы себеп болуы да мүмкін. Өйткені тәліптер келісімге бармай отыр, ешкіммен билікті бөліскісі келмейді, ел тағдырына толық жауап бергісі келеді. Жауапкершілікті толық мойынға алған соң кез келген жаман жағдайға тәліптерді кінәлайды. Тәліптердің саясатымен келіспегендер "Ислам мемлекетінің" я Панжшердегі оппозицияның қатарына өтеді.

— 26 тамызда Кабул әуежайында теракт болып, кемі 170 адам қаза болды. "Ислам мемлекеті" шабуылды өз мойнына алды. Шабуылдағандардың түпкі мақсаты не?

— "Ислам мемлекетінің" бар мақсаты – жағдайды ушықтыру. ИМ үшін жағдай ушыққаны жақсы. Мұны олар Сирия мен Ирактағы жағдайдан түсінді. Мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік қызметкерлерді, қарапайым азаматтарды жойып, ел ішінде дүрбелең тудыруды қалайды. Осы дүрбелең кезінде елдің бір аумағын басып алуға тырысады. Бұл қазірдің өзінде Нангархар мен Құнар провинцияларында болды. Яғни, олар ел аумағының бір бөлігін алып, сол жерге өз ережесін енгізуге тырысады. Олар Сирия мен Иракта солай жасады, енді бұл ойларын Ауғанстанда жүзеге асырғысы келеді. Сирия және Иракпен салыстырғанда Ауғанстанның мәселесі – мұнда террористермен күресетін мемлекеттік институт қалмады. Яғни, тағы айтпағым, Ауғанстан қазір террористерге ыңғайлы мемлекетке айналды.

— Америка әскерилері Кабулдан кетті, енді тәліптер "Ислам мемлекеті" содырларымен келісімге келе ала ма әлде соғыса ма?

— "Ислам мемлекетімен" келісімнің бір жолы ғана бар, ол – осы топтың лидеріне бас иіп, мойындау. ИМ өзі ыңғайлап алған ислам дінімен келіспегендерсең келісімге келмейді. "Ислам мемлекеті" үшін келісім деген түсінік жоқ, сондықтан олар соғысты жалғастырады. Қазір ИМ ыңғайлы жағдайда тұр. Тәліптер халықаралық қауымдастықпен келісімге келіп, көмек сұраса "Талибан" қатарындағы жастардың көбі "Ислам мемлекеті" тобына қосылады. Себебі "Талибанның" бұл жастары сол халықаралық қауымдастыққа қарсы соғысты. Сондықтан "Ислам мемлекетінің" міндеті – күту және жаңа терактілер жасау. Меніңше, олар жақын уақытта осыған көп мән береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG