Сәрсенбі, 1 қыркүйектегі жолдауы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие және оның қолданылуын шектеуге болмайды.
"Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі" деді Тоқаев.
Осыдан кейін ол орысша сөйлей кетіп: "Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңымыз бойынша, оның қолданысын шектеуге болмайды" деді.
Артынша, қазақ тілінде сөйлеп: "Болашағын отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін меңгерсе, еш ұтылмайды" деді. "Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасатпен қарауымыз қажет"
Тоқаевтың бұл сөзі Қазақстанда тіл мәселесі қызу талқыға түскен уақытта айтылды. Оған Ресейдегі бірқатар басылымның "Қазақстандағы орыстарды жеккөрушілік" туралы хабары түрткі болды. Орыс басылымдары "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы, азаматтық белсенді Қуат Ахметовтың қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуін "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, дауға Қазақстан тарапынан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев араласты, белсенділердің бұл жұмысын "жабайы ұлтшылдық" деп атады. Осы кезде Қуат Ахметовтың үстінен "алауыздық тудыру" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Сәрсенбідегі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәртебесі туралы сөзінің алдында пікір плюрализмі туралы айтып, радикализмге жол берілмейтінін, ондай әрекет жауапқа тартуға әкелетінін айтқан.
"Ұлтаралық қарым-қатынасты үйлесімді дамыту мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болды, бола береді де. Біз пікір әралуандығын қолдаймыз, бірақ сөйте тұра радикализмнің кез келген формасын қатаң түрде тыйып отырамыз... Адамды тіліне ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз" деді ол.
Сейсенбі, 31 тамыз күні "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы Қуат Ахметовтің елден кеткені белгілі болды.
Адвокаты Абзал Құспанның сөзінше, белсенді мұндай шешім қабылдауына Қазақстан бас прокуратурасының "ұлт араздығын қоздыру" бабымен (174-бап) іс қозғағаны себеп болған.
ПІКІРЛЕР