Accessibility links

Жүзуден Нұрдәулет Жұмағали Токио паралимпиадасында қола медаль алды


Нұрдәулет Жұмағали – жүзуден паралимпиаданың қола жүлдегері
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:21 0:00

Токиода өтіп жатқан жазғы паралимпиада ойындарында қазақстандық 22 жастағы Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс әдісімен (SB13 категориясы, көзі дұрыс көрмейтін спортшыларға берілетін классификация) жүзуде қола медаль алды.

Алтынды германиялық Талисо Энгель, күмісті америкалық Дэвид Генри Авраамс иеленді.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстан Токио паралимпиадасында 1 алтын, үш күміс, 1 қоламен жалпы есепте 44-орында тұр.

Алтын жүлдені пауэрлифтингтен Давид Дегтярев жеңіп алды. Дзюдошылар Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев және Зарина Байбатина күміс жүлдегер атанған.

Қазақстан жазғы паралимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2016 жылға дейінгі паралимпиадаларда жүлде иеленбеген еді. 2016 жылы Риода өткен паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алған. Рио паралимпиадасында жүзуден Зүлфия Ғабидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медаль иеленген.

Ғабидулина мен Қойшыбаева да Токио паралимпиадасына қатысты. Ғабидулина финалға шыға алмады, ал Қойшыбаева 4-орын алды.

Токиодағы паралимпиада 5 қыркүйекте аяқталады. Жарысқа Қазақстаннан 25 паралимпиадашы қатысып жатыр. Бұл дода 2020 жылы өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген.

Токио паралимпиадасы алдында өткен олимпиада ойындарында Қазақстан алтынсыз қалып, тек 8 қола медаль иеленген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG