Accessibility links

АҚШ тәліптер үкіметін "уақытша кабинет" деп атады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

АҚШ тәліптер жаңадан құрған Кабулдағы ауған үкіметіне "уақытша кабинет" деген баға берді.

"Кез келген әкімшілік өкілі, президент, ұлттық қауіпсіздік қызметінің кез келген маманы тәліптер сөзге тоқтап, халықаралық қауымдастық мүшелерін құрметтейді деп айта алмас еді. Олар әзірге бұған сендіре алған жоқ" деді Джо Байден әкімшілігінің ұстанымы жөнінде айтқан Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки.

Сәрсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Германия және өзге 20 ел өкілімен онлайн кездесуден соң Ауғанстанның жаңа үкіметіне "ісіне қарап баға беріледі", легитимділік жөнінде айту "әлі ерте" деп мәлімдеді.

8 қыркүйекте Германиядағы америкалық Рамштайн әуе базасына келгеннен кейін Блинкен сол жақта Германия сыртқы істер министрі Хайко Мааспен кездескен. Бұл нысан Ауғанстанда "Талибан" (қозғалыс Қазақстан мен өзге елдерде террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған) билікті басып алғаннан кейін сол жақтан эвакуацияланған мыңдаған адамды қабылдайтын пункт ретінде пайдаланылды.

"Тәліптер халықаралық қауымдастықтың өздерін мойындағанын күтіп отыр, бірақ кез келген мойындау, кез келген қолдау соған лайық болуды талап етеді" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Тәліптер Кабул мен Ауғанстанның барлық-дерлік провинциясына тамыз ортасында бақылау орнатқан. Мамырда АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскерін елден әкете бастаған кезде тәліптер үкімет күштерімен соғысты үдетіп, аймақтарды жаулай бастаған.

Тәліптер жаңа үкімет құрамын 7 қыркүйекте жариялады. Жаңа үкіметте бірде-бір әйел жоқ және жетекші орындардың барлығында тәліптер отыр. Олар елді шариғат заңдарымен қатаң басқаруды көздеп отыр. Үкімет құрамында БҰҰ немесе АҚШ-та террорист ретінде танылып, іздеу жарияланған кемінде екі адам бар.

Кабулдағы үкімет құлағаннан кейін Ауғанстаннан қашқан президент Ашраф Ғани 8 қыркүйекте мәлімдеме жасап, ауған азаматтарынан үкіметтің құлауына жол бергені үшін кешірім сұрады. Ол өзіне қатысты айтылған "миллион доллары бар шабаданмен Ауғанстаннан қашты" деген тұжырымды тағы жоққа шығарды. Оның айтуынша, қауіпсіздік бойынша кеңесшілері қан төгілмес үшін оған елден кетуге кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG