Accessibility links

Құқық қорғаушы Арон Атабекті босату жөнінде президентке хат жолдады, оған 2,5 мың адам қол қойған


15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.
15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.

Диссидент ақын Арон Атабекті босату жөнінде қол жинау аяқталды. Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы хатқа бес күн ішінде 2,5 мың адам қол қойған. 20 қыркүйекте құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хатты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағанын хабарлады.

Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы хатқа қол жинау өткен аптада басталған.

Бұған дейін, Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан еді.

– Қазір Арон Атабектің жағдайы ауыр. Денсаулығы өте нашар. Бірнеше апта бұрын тапсырған анализдері қатты алаңдаушылық туғызады. Бірақ ол емделуден түбегейлі бас тартып отыр. Қоғамның парызы осыны [ақынның денсаулығының нашар екендігін] билікке ескертіп, алаңдаушылық білдіру, президенттен рақымшылық жасауды сұрау. Әрине, президент рақымшылық туралы шешімді өзі қабылдайды. Бірақ құдай сақтасын, егер Аронның өміріне мен денсаулығына бір нәрсе болатын болса, мемлекет, нақты жағдайда президенттің өзі жауапты болады. Себебі бұған дейін оның денсаулығында кішігірім мәселелер болған, қазір оның жағдайы өте нашар. Біз мемлекетке Аронды құтқару үшін пайдалануға болатын заңды мүмкіндік беріп отырмыз, – деді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, қыркүйек айында рақымшылық туралы комиссияның отырысы өтуі тиіс. Әзірге нақты күні белгісіз.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Қарай отырыңыз: Арон Атабек рақымшылыққа іліге ме? (6 қыркүйек 2021 жыл).

Арон Атабек рақымшылыққа іліге ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:49 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG