Ресейде "Желілер ісі" бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматы Виктор Филинков Орынбор түрмесінде бір күндік аштық жариялады. Бұл жөнінде оның қоғамдық қорғаушысы Евгения Кулаковаға сүйенген "Медиазона" сайты хабарлады.
Филинков аштықты 30 қазанда жариялаған. Ресейде бұл күні "Саяси тұтқындар күні" атап өтіледі. Құқық қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасында Филинков "барлық саяси тұтқындарға бостандықты талап етеді" және егер өзін жалғызадамдық камерада ұстай берсе, аштықты жалғастыруы мүмкін екенін айтқан.
Былтыр Санкт-Петербург соты "террористік қауымдастыққа қатысы бар" деген айыппен 26 жастағы Виктор Филинковті жеті жылға бас бостандығынан айырған. Оны жалпы режимдегі колонияға жіберген.
"Медиазонаның" жазуынша, Филинков 2017 жылы алғашқылардың бірі болып Ресейдің күштік құрылымдары азаптады деп шағымданған. Өзінің айтуынша, оны сол кезде ФСБ қызметкерлері әуежайдан ұстап алып, орманға апарып, электрошокермен ұзақ уақыт қинаған. "Жасамаған істі жасады деп мойындатқан".
Осыдан екі жыл бұрын да дәл осы күні ол Ресейдегі саяси тұтқындарды қолдап, аштық жариялаған. Бір аптаға жуық уақыттан соң ауруханаға түскеннен кейін қайтадан тамақ іше бастаған.
Оны биыл тамыз айында Орынбордағы ИК-1 түрмесіне этаппен жеткізген. Ақпаратқа қарағанда, оны "киім кию ережесін бұзғаны үшін", "түрме қызметкерімен амандаспағаны үшін" айыппұл камерасына жіберген.
ПІКІРЛЕР