Сергей өткен ғасырда совет өкіметі ондаған жыл атеистік саясат жүргізгеніне қарамастан мұсылман дәстүрі сақталған Өзбекстанның шығысындағы Наманған қаласында ер жеткен. Орталық Азиядағы атышулы екі жихадшы да осы қаладан шыққан.
1980 жылдары орта мектепте оқитын әрі жас коммунист болуға дайындалып жүрген Сергейді пәренжі киген әйелдерді қудалауға базарға жіберген.
Билік бетті бүркеп тұратын, қара түсті кең киімді "ортағасырлық жабайылық" нышаны ретінде күлкіге айналдырған. Әйелдердің жоғары білім алып, қаржылай тәуелсіз болуына үндеген совет мемлекеті ислам киіміне қарсы науқанды белсене жүргізген. Мұны олар "Шығыс әйелінің оянуы" деп атады.
– Айғай-шу, наразылық көп болды, – дейді қазір Ташкентте кітап дүкенін ұстайтын, тарамыс денелі, мұрт қойған, жігіт ағасы жастағы Сергей. – Бірақ олар (пәренжі) қайта оралады деген ешқашан ойға келмеген еді.
Алайда арада қырық жылдай уақыт өткенде, 36 миллионға жуық халқы бар Өзбекстанда мұндай киімдер елде үдеп бара жатқан исламдану процесінің айқын белгісіне айналғандай.
Өзбек қоғамында бұл процестің көрші Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда және басқа да елдерде тыйым салынған - ред) билікке келіп жатқан шақта қабаттаса жүруі Өзбекстандағы орыстар мен орыс тілін ана тілім деп білетіндердің мазасын қашырды. Кейбірі елден кеткісі келеді. Олардың арасында бұған дейін Ресейге не басқа жаққа көшуді құп көрмеген Сергей секілділер де бар.
ҚАЙТА ӨРЛЕУ МЕ, ӘЛДЕ РАДИКАЛДАНУ МА?
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында пәренжі киген адамды сирек көресіз. Есесіне әйелдердің көбі, тіпті жасөспірім қыздар да хиджаб немесе жабық киім киіп жүреді.
Шілдеде президент Шавкат Мирзияев қоғамдық орында хиджабпен жүруге салынған тыйымның күшін жойғаннан кейін хиджаб кигендер күрт көбейіп кетті.
Ер адамдардың көбі сақал жібере бастады. 1991-2016 жылдары Өзбекстанның бірінші президенті, бұрынғы компартия жетекшісі Ислам Каримовтың тұсында сақал қойып жүру мүмкін емес, тіпті қауіпті болатын.
Ол кезде билік полицияға ережеге бағынбаған ер адамдарды ұстап, сақалын күштеп қырғызуды бұйырған. Сақал қойғандардан "исламшыл радикал" емессің бе деп жауап алған. Құқық қорғаушы топтар мен Батыс бақылаушылары билік мақұлдаған мешіттен тыс жерде мінәжат еткен мыңдаған мұсылман түрмеге қамалғанын айтады.
2016 жылы билікке келген Мирзияев әуелі түрмеде отырған мұсылман мен диссиденттің көбін босатып, дін еркіндігін шектеуді біртіндеп бәсеңдететіндей көрінген. Бірақ жақында қайтадан бұрынғы амалға жүгінді: күдікке ілінген исламшыл біраз адам түрмеге қамалды. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі дін бостандығы жөніндегі есебінде осыны айтқан.
Мұндай іс-әрекет елде исламдану үрдісі үдеп бара жатқан соң қолға алынғаны шүбә туғызбайды.
– Радикал жастардың көбейгені байқалады. Үкімет оларды [өз саясатымен жанама түрде] қолдап отыр, – деді Азаттық радиосына Нигара Хидоятова.
Ол 2005 жылы "Азат дихандар" (Озод декханлор) оппозициялық партиясын құрған соң Өзбекстаннан қуылған.
– Жемқорлықтың көбеюі, азаматтық қоғамның әлсіздігі, жастардың сауатсыздығы, жер-жердегі заңсыздық пен әділетсіздік ұшқын тисе лап еткелі тұрған жағдайға әкелді, – дейді ол.
"ТАЛИБАНДЫ" ҚОЛПАШТАУ
Тамызда Ауғанстанда тәліптер билікке келген соң, Өзбекстандағы орыс қауымдастығы исламдану үрдісіне үрпие қарайды. Қазір Өзбекстанда 720 мыңнан астам орыс тұрады (1989 жылы Өзбек ССР-і тұсында 1,65 миллион орыс болған).
Діндар өзбектердің кейбірі Ауғанстанда билікті басып алған тәліптерді қолпаштап, соғыс жайлаған елден америкалықтар "қуылғанынан" рухтанғанын айтып, Telegram арналар мен әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
Адам құқығын қорғаушы, 139 Documentary Center галереясын құрған Тимур Карпов Азаттық радиосына Өзбекстанда "Талибан идеяларын" қолдайтындар расымен бар екенін мәлімдеді.
– [Орыстар мен орыс тілін ана тілі санайтындардың көбінің] көшуге жүгін қамдап, әрі-сәрі күйде отыруының себебі сол, – дейді ол.
Негізінен пуштун өкілдерінен тұратын "Талибан" қозғалысы бұдан былай Усама бин Ладен секілді жихадшыларға қолдау танытпайтынына, Ауғанстандағы өзбек, тәжік сынды аз ұлттарға әділетті қарайтынына сендіру үшін Орталық Азия елдері мен Мәскеуге делегация жіберген.
Бірақ өзбектердің көбі 1999 жылы "Талибан" қозғалысынан қолдау алған өзбек исламшылдарының Қырғызстанның шығысындағы ауылды басып алып, өздерін Ферғана алқабының өзбек жағына өткізуді талап етіп қиғылық салғанын ұмыта қойған жоқ.
Бішкек пен Ташкент бүлікшілердің "көзін жойғанын" мәлімдегенімен, сол бір оқиға біраз орыс пен орыс тілінде сөйлейтіндердің, тіпті прогрессивті көзқарастағы өзбектердің де елден кетуіне әсер етті.
"МӘҢГҮРТТЕНДІРУ"
Қырғыздың танымал жазушысы Шыңғыс Айтматов 1980 жылы шыққан "Ғасырдан да ұзақ күн" романында "мәңгүрт" сөзін қолданған. Шашы тақырлап алынған басына қапталған жас сойылған түйе терісі ыстықтан жиырылып, басын бүріп, сүйегін сындырып жібере жаздай қысып, миын шаншыған азаптан ақыл-есінен айрылған құл "мәңгүрт" деген атымен есте қалды.
Орталық Азиядағы ұлтшылдар орыс тілінде сөйлеп өскен қазақ, қырғыз, түркімен, өзбектерді осылай атайды. Коммунистер "мәңгүрт" ұрпақ қалыптастыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеді.
Совет кезінде бірнеше жаппай миграциямен Өзбекстанға көп адам қоныс аударған. Оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет одағына нацистер басып кіргенде эвакуацияланған жүздеген мың орыс, украин, еврей бар.
Олардың көбі кейін Өзбекстанда қалуды жөн көрді. Олар совет билігінің Қырым татарларын, понтий гректерін, Еділ бойынан немістерді, Ресейдің қиыр шығысынан корейлерді осында жер аударғанына куә болды. 1966 жылы зілзаладан қираған Ташкентті қалпына келтіру үшін Совет одағының әр жерінен ондаған мың адам келді.
"Советтендіру" саясаты жергілікті халық пен республикаға жаңадан қоныстанғандарды орыстандыруға пара-пар болды. Қалада тұратын өзбектің көбі баласын орыс мектебіне берді. Ал өзбек жігіттері екі жыл әскери борышын өтеген кезде орыс тілінде сөйлеуге міндетті болды.
Өзбектерді аса бай мәдени мұрасынан айырған тағы бір нәрсе – 1920 жылдары Мәскеудің пәрменімен өзбектің араб жазуына негізделген әліпбиін әуелі латын қарпіне, ал 1930 жылдары кирилл қарпіне ауыстыруы еді.
Коммунистер билігі кезінде Өзбекстанда араб тілі тек бір университетте ғана оқытылды, ал Совет одағындағы жалғыз теология мектебі ежелгі Бұхара қаласында болды. Билік оны шетелдіктерге, әсіресе, Үндістан премьер-министрі Лал Бахадур Шастри немесе әйгілі америкалық боксшы, ислам дінін қабылдаған Мұхаммед Әлиге "дін еркіндігінің" дәлелі ретінде көрсетті.
Исламның қайта өрлеу дәуіріндегі Ибн Сина секілді күллі әлемге танымал мұсылман ғұламаларының діни еңбектеріне совет тұсында өзбектердің қолы жетпеді. Оларға дінді оқытқан кезде негізгі дұғалар мен рәсімдерді үйретумен шектелді.
ЖИХАДШЫЛАР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
Әйткенмен Ферғана алқабы секілді адам аса тығыз орналасқан өңірлерде ислам күнделікті өмірге дендеп кеткен еді. Алқаптағы ірі қалалардың бірі – Наманған 20-ғасырдың аяғына қарай өзбек жихадшылары пайда болған кезде шешуші рөл атқарды.
1981-1991 жылдары болған совет-ауған соғысы армия қатарына Орталық Азиядан шақырылған мыңдаған адамға әсіредіншіл мұсылман қауымын жақынырақ көруге мүмкіндік берді.
Совет-ауған соғысының екі ардагері Тахир Юлдаш пен Жұма Наманғани (шын аты-жөні Жұмабай Ходжиев – ред.) 1991 жылы Наманғанда бұдан былай шариғат заңдары қолданысқа енгізілетінін жариялады. Олар Наманғанға келіссөз жүргізуге барған Өзбекстан президенті Ислам Каримовты "діни жоралғыны дұрыс орындамадың" деп мінеп, көптің алдында қорлады.
Кейін Юлдаш пен Наманғани Ауғанстанға қашып барып, сол жақта жүргенде "Өзбекстан ислам қозғалысын" құрды. Бұл қарулы топ 1999 жылы Қырғызстанға басып кірді, ал 2001 жылдың күзінен бастап Ауғанстанда АҚШ бастаған халықаралық коалицияға қарсы күресті.
Қозғалыстың негізін қалаған адам өлген соң, оның мүшелерінің көбі "Ислам мемлекеті" террор ұйымына адал болуға серт берді. Олар ұйымды "Ислам мемлекетінің" Хорасан тобына айналдырды. Қазір бұл топ Ауғанстанда "Талибанға" қарсы күресіп жатыр.
Өзбекстандағы орыстар Ауғанстандағы соғыстың егжей-тегжейін біле бермейді. Бірақ оның діншіл өзбектерге қалай ықпал ететінін көріп жүр.
– "Талибан", бәлкім, қазір мұнда келе алмайтын шығар, бірақ олар жергілікті халықтың санасын жаулап жатыр, – дейді Сергейдің күйеу баласы Федор Азаттыққа.
Ресейге көшуге қамданып жүрген ол мұндай шешім қабылдауына өзбек қоғамының исламдануы негізгі себеп болғанын айтады. Федор шағын баспасы мен қымбат пәтерін сатқысы келеді.
Федор бес жастағы қызы Полинаның болашағына алаңдайды. Полина – балабақшадағы өзі барып жүрген топтағы жалғыз орыс.
"Бірге ойнайтын ешкімі жоқ" деді Федор смартфоннан орысша мультфильм көріп отырған қызын меңзеп.
ПІКІРЛЕР