2 желтоқсанда Алматыда полиция он айға жуық уақыттан бері Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген бірнеше адамды тағы ұстап әкетті. Блогер Нұрәлі Айтеленов және журналист Күлтегін Аспанұлы полицияның оларды Республика сарайының алдында ұстап жатқан сәтінен видео жариялады. Ұсталғандар арасында Қытайда қамалған үш ұлын елге жіберуді талап етіп жүрген 65 жастағы зейнеткер Халида Ақытхан да бар.
Блогерге түсініктеме берген полиция өкілі азаматтардың "заңсыз бейбіт жиынын өткізгенін" алға тартады. Ал видеода олардың Республика сарайы алдындағы сәкілердің бірінде отырғаны, қолдарында плакат, өзге де заттар жоқ екені көрінеді. Олар полицияға "митинг жасамағанын" айтады. Құқық қорғау органдары сонда да оларды жетектеп алып кетеді.
Полиция әзірге түсініктеме берген жоқ.
Журналист Күлтегін Аспанұлының айтуынша, күн сайын Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп келген топ бүгін, 2 желтоқсанда Республика сарайының алдына сұхбат беруге келген. Полиция оларды бұған дейін де бірнеше рет ұстаған.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 2 желтоқсанда олардың акция өткізгеніне 298 күн болды. Туыстарына араша сұраған жандар биыл қазанда астанаға барып, онда да наразылық білдіріп, полиция қудалауына ұшыраған.
Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
9 айдан астам уақытқа созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
- Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР