Accessibility links

"Диктатордың кек алуы". Светлана Тихановскаяның күйеуі Сергей Тихановский 18 жылға сотталды


Істі болған Артем Саков, Игорь Лосик, Владимир Цыганович, Сергей Тихановский (артқа қарап тұр) сотта (солдан оңға қарай), 14 желтоқсан 2021 жыл.
Істі болған Артем Саков, Игорь Лосик, Владимир Цыганович, Сергей Тихановский (артқа қарап тұр) сотта (солдан оңға қарай), 14 желтоқсан 2021 жыл.

14 желтоқсанда Беларусьтің Гомель қаласындағы тергеу изоляторында "Тихоновский ісі" бойынша айыпталған алты адамға сот үкімі шықты.

Жабық өткен сотта шығарылған үкімге сай, 2020 жылы елдегі президент сайлауына түспек болған "Страна для жизни" ютуб каналының блогері Сергей Тихановский – 18 жылға, Азаттық радиосы Беларусь қызметінде кеңесші болған блогер Игорь Лосик 15 жылға сотталды.

Сондай-ақ блогер Владимир Цыганович – 15 жылға; "Страна для жизни" ютуб каналының операторы Артем Саков пен модераторы Дмитрий Попов – 16 жылға; Беларусь социал-демократиялық тіркелмеген партиясының лидері Николай Статкевич 14 жылға сотталды. Сот алтауы да жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтейді деп тапты.

Игорь Лосик, Сергей Тихановский, Николай Статкевич, Владимир Цыганович, Артём Саков и Дмитрий Попов
Игорь Лосик, Сергей Тихановский, Николай Статкевич, Владимир Цыганович, Артём Саков и Дмитрий Попов

Беларусь соты түрмеге қамағандардың барлығы – Беларусь режимінің басшысы Александр Лукашенконың саясатын сынағандар. Сот айыпталғандардың бәрі Сергей Тихановскийдің айтқанымен әрекет еткен деп санайды. Беларусь режимі алты адамға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "әлеуметтік араздықты қоздырды", "орталық сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтірді", "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген бірнеше айып таққан.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, сотталғандар 10 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алады. Айыпталғандардың барлығы айыптарды мойындамайды, бұл соттың саяси астары бар деп санайды.

Сергей Тихановский – Беларусь президент сайлауына түскен Светлана Тихановскаяның күйеуі. Батыс елдері мен оппозиция 2020 жылы тамыздағы сайлауда Тихановская жеңіске жетті деп біледі. Еуропа елдері мен АҚШ Беларусьті 26 жыл басқарған Александр Лукашенконың жеңісін мойындамаған.

Тихановская сайлаудан кейін екі баласымен Литваға кетіп, қазір Беларусь оппозициясының лидеріне айналды. Ол 14 желтоқсандағы сот үкіміне қатысты Twitter желісінде "Бұл адамдардың тірі жүргенінің өзі режим үшін қылмыс еді. Олар еркін Беларусьте өмір сүргісі келгені үшін репрессияға ұшырады. Диктатор саяси тұтқындардың ісін жабық өткізіп, мықты қарсыластарынан кек алып жатыр. Ол репрессиясы үнсіз жалғастырғысы келеді. Бірақ әлем бәрін көріп отыр, біз тоқтамаймыз" деп жазды.

Игорь Лосик пен Сергей Тихановский (солдан оңға қарай, бері қарап тұр) сотта. Гомель, 24 маусым 2021 жыл.
Игорь Лосик пен Сергей Тихановский (солдан оңға қарай, бері қарап тұр) сотта. Гомель, 24 маусым 2021 жыл.

"Тихановский ісі" бойынша айыпталғандар 2020 жылы тамыздағы президент сайлауы алдында ұсталып, қамалған еді. Сот биыл 24 маусымда басталған. 173 күнге созылған процесс Беларусь тарихындағы ең ұзақ соттардың бірі болды.

Ал Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай блогер Игорь Лосиктің сотталуын сынға алды.

"Осы іс бойынша айыпталғандардың сотын бес ай бойы жабық өткізу әділеттілікті мазақ ету болды. Лукашенко режимін басылымдарға, Игорь сияқты журналистер мен блогерлерге қысымды тоқтатып, оларды әйелдері мен балаларына жіберуге шақырамыз" деді Флай.

2020 жылы президент сайлауында ОСК Лукашенко жеңіске жетті деп жариялаған соң Беларусьте халық сайлау нәтижесін мойындамай жаппай наразылыққа шыққан.

Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталып, олардың 800-ден астамы саяси тұтқын деп танылған. Лукашенко режимі тәуелсіз басылымдарды, әлеуметтік желідегі оппозициялық каналдарды, азаматтық топтарға қысымды күшейтіп, көбін жауып тастады. Оппозициялық белсенділердің көбі сотталды я елден кетті.

Бұған дейін Беларусь соты президент сайлауына түспек болған Виктор Бабариконы 14 жылға, Мария Колесникованы 11 жылға соттаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG