Accessibility links

Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған адам ұсталды


Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

4 қаңтарда "Әблязов митингісі өтеді" деген күні Қазақстанның бірнеше қаласында полиция ондаған адамды ұстады.

Күндізгі сағат 12-лер шамасында Нұр-Сұлтанда полиция қалалық әкімдік маңына келген бірнеше адамды ұстады. Олардың бірі "Шал кет!" деп айғайлады. Күштік құрылымдар ұстау кезінде екі адамға дөрекі күш қолданды. Олар ұсталмай тұрып Азаттық тілшісіне Жаңаөзендегі наразыларды қолдап келгенін және баспана мәселесін шешуді талап ететінін айтқан.

Бірнеше сағат ішінде астанада ұсталғандар 50 адамға жетті. Олардың арасында бес айлық сәбиін көтерген әйел де болды. Ол жылынбақ болып, аялдамаға келген кезде полиция оны коляскасымен бірге көтеріп, ұстап әкеткен.

Полиция бес айлық сәбиімен жүрген әйелді коляскасымен ұстап барады. Нұр- Сұлтан, 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция бес айлық сәбиімен жүрген әйелді коляскасымен ұстап барады. Нұр- Сұлтан, 4 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналған топ ұсталғандар отырған полиция газелінің қозғалуына мүмкіндік бермей, бірақ уақыт жібермей ұстаған.

Әкімдік маңында төрт автозак тұрды. Аумақта мобильді интернет өшірілген.

Алматыда да 4 қаңтарда Республика алаңы жабылып, аумақта мобильді интернет шектелді. Полиция алаң аумағына ешкімді кіргізбеуге тырысты. Кей азаматтар бұған наразы болды.

Шымкентте "митинг өтеді" деген қала әкімдігінің алдына оннан аса адам жинала бастағанда полиция оларды күштеп әкетті. Олар маңғыстаулықтарды қолдайтынын, қымбатшылыққа қарсы екенін, жалақының көтерілуін талап етті. Ұстау кезінде "Назарбаев кет", "маңғыстауды қолдаймыз!" деп айқайлағандар болды. Ұстау кезінде азаматтық киім киген белгісіз адамдар Азаттық тілшісіне фото-видео түсіруге кедергі етіп, көлегейлеп тұрып алды. Жәй киім киген елу шақты адам полицияға адамдарды ұстауға көмектесті.

Мұнда да түстен кейін ұсталғандар жиырмадан асты. Ақтөбеде де елу шақты адам ұсталғаны хабарланды. Ақпараттың жай-жапсары анықталып жатыр.

Қазақстанның батысында бірнеше күннен бері жұрт газ бағасының қымбаттауына наразылық білдіріп, алаңнан тарқамай тұр. Елдегі түрлі саяси күштер мен белсенділер оларды қолдауға үндеген. Бұған дейін шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 4 қаңтарда күндіз митингіге келуге шақырған.

Елдің түкпір-түкпірінде полицияның белсенділерді ұстап жатқаны туралы хабар жиіледі. Алматыда кемінде он белсенді әкімшілік жауапқа тартылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG