Алматыда 7 қаңтарда Республика алаңына баратын жолдар жабық. Алаңға жақын жерде терезесіне оқ тиген бір көлік тұр, ішінде бір адам өліп жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Алматыдағы тілшілері хабарлады.
Тілшілер қаланың шетіндегі Қалқаман ықшамауданында орналасқан, бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары "террористер басып алды" деген №1 және №7 қалалық емханаларға да барды. Аурухана ішінде науқастар мен дәрігерлер ғана жүр.
Кейбір сауда үйлерін, мәселен әл-Фараби даңғылының бойындағы Esentai Mall-ды әскерилер бақылап тұр.
Ал қаланың шыға берісіндегі "Апорт" сауда үйінде орналасқан "Магнум" супермаркетін тонау әлі жүріп жатқанға ұқсайды. Сауда үйінің маңында оны тонауға жол бермеуді ойлаған еріктілер байқалады. Қолына таяқ ұстаған олар супермаркеттен азық-түлікті тонап шығып жатқандарға "бұл да біреудің мүлкі ғой, тимеңдер" деп қайта-қайта ескерту айтып жатыр. Бірақ қолына ілінгенді алып кетіп жатқан тұрғындар олардың ескертуіне назар аудармайды.
Тілшілердің сөзінше, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Банкоматтардың алдында да сондай көрініс, ақша алуға кезекке тұрған адам қарасы көп. Тілшілер сөйлескен кейбір тұрғын қолма-қол ақша таусылғанын, мұндай жағдай тағы бірнеше күнге созылса, жұрт ашыға бастайтынын айтқан. Дүкендерде нан тапшы. Тұрғындар бірінен бірі нан сататын жер сұрап жүр.
Теміржол бекеттерінде кезекке тұрған адам көп. Бұған дейін "Қазақстан темір жолы" елде пойыздардың қайта жүре бастағанын хабарлаған. Қалада қоғамдық көлік жүрмейді.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ.
- Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
- 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР