Accessibility links

HRW Қазақстан билігін "ескертусіз ату" бұйрығынан бас тартуға шақырды


Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "ескертусіз ату" бұйрығынан тез арада бас тартуға шақырды. Ұйым 7 қаңтарда жариялаған мәлімдемесінде "бұл Қазақстанның халықаралық құқықтық нормадағы адамның өмір сүру құқығын қорғау және құрметтеу міндетіне қарама-қайшы" деп жазды.

HRW билік "адамды өлтіруге амал қалмағанда" баруы тиіс екенін, тиісті ведмстволар "зорлық және заңсыз кісі өлтіру фактілерін жедел, тәуелсіз түрде дұрыстап тексеруі керектігін" ескертті.

Ұйымның дағдарыс және қақтығыстар бойынша директорының орынбасары Летта Тайлар "Қауіпсіздік күштері адам өмірін сақтауға әрекет етуі тиіс, егер сақтай алмаса жауапқа тартылуы керек. Бұл Қазақстан билігі үшін маңызды" деді.

Бұған дейін АҚШ, Еуропа одағы, БҰҰ адам құқығы жөніндегі комиссары Қазақстан билігін мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған.

7 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеүндеуінде күштік құрылымдарға "террористерге" қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді. Ол халықаралық қауымдастықтың мәселені бейбіт жолмен шешу туралы үндеуін "ақымақтық" деп сынаған.

"Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылып жатыр. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін?" деген еді Тоқаев.

Тоқаев үндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасады" деп мәлімдеп, елде "лаңкестерге қарсы операция жалғасып жатыр" деді.

Қазақстан басшысы елдегі ахуалға "шолақ белсенділер", "өзін еркін баспасөз құралымыз деп санайтындар", "сырттағы қайраткерлер", "демагогтар" айыпты деп санайды.

Тоқаев үндеуінде өзі айтқан "содырларды", "лаңкестерді", "шолақ белсенділерді", "еркін баспасөз құралдарын", "сырттағы қайраткерлерді" нақты атамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG