Accessibility links

Қаңтардағы оқиғадан кейін Шымкентте бірнеше белсенді екі айға қамалды


Шымкенттегі уақытша қабылдау орнына жиналған ұсталғандардың туыстары. 10 қаңтар 2022 жыл.
Шымкенттегі уақытша қабылдау орнына жиналған ұсталғандардың туыстары. 10 қаңтар 2022 жыл.

11 қаңтар күні кешке Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты белсенді Ерғали Құлбаевты екі айға қамауға санкция берді. Бұл туралы белсендінің адвокаты Бақытжан Сатыбалдиев айтты.

Сот қаулысына қарағанда Құлбаев "Бұзақылық" (293-бап) және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен күдікке ілінген.

- Сотта (бұлтартпас жазасын қолдану туралы сот отырысында – ред.) Ерғали Құлбаев тағылған айыпты мойындамады. Апелляциялық шағым түсіреміз, - деді Сатыбалдиев.

Құлбаевты полиция үйінен 8 қаңтарға қараған түні алып кеткен.

Бақытжан Сатыбалдиев Құлбаевтан бөлек, белсенділер Карима Хайдарбекова, Марат Қасымбеков пен Нұрлыбай Татаевтың да қорғаушысы. Ол Нұрлыбай Татаевтың үстінен 293 ("Бұзақылық"), 269-баптан ("Ғимараттарға құрылыс нысандарына шабуыл жасау") бөлек 380-бап ("Билік өкіліне күш қолдану") және 202-баппен ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою") іс қозғалып, екі айға қамалғанын айтады. Хайдарбекова да екі айға қамалған, бірақ оның үстінен қандай іс қозғалғаны белгісіз. Марат Қасымбековтен хабар алу мүмкін болмай тұр. Істің бәрін қаладағы арнайы прокуратураның тергеушілері тергеп жатыр.

Бұдан бұрын Шымкенттегі қаңтар оқиғаларына байланысты бірнеше белсенді ұсталған. Белсенді Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмағамбетова, Нұрлан Сыздықбек, Айбек Сәбитов, Асылжан Асабаевтың ұсталғаны хабарланған.

- Шымкенттегі наразылықтарға анам Ләззат Досмағамбетова қатысқан жоқ. Үйде болды, - дейді белсендінің қызы Айжан.

Досмағамбетованың отбасына оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен іс қозғалғаны хабарланған.
Қылмыстық іс қозғалып түрмеге жабылғандар жатқан Шымкенттегі Сәуле ықшамауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде күдіктілердің туыстары көрінбейді. Түрме күзетшілері "қанша адам жеткізілгенін айта алмаймыз" деді.

Қамалғандар 15 күнге карантинге жабылған. Карантин біткенше оларға туыстарының ас суын, киім-кешек кіргізуге рұқсат берілмейтінін айтқан.

11 қаңтардағы ресми ақпаратқа қарағанда Шымкенттегі қаңтар оқиғалары қатысты 57 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, санкция берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG