14 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің демалыста екенін, қызметінен кетпегенін мәлімдеді.
6 қаңтарда кей телеграм-арналар ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштің ұсталғанын хабарлап, артынша ақпаратты жоққа шығарған.
"Келіп түскен сұрауларға сәйкес, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш өз қызметінде екенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта ол жыл сайынғы демалысында" делінген ҰҚК хабарламасында.
Елдегі қайғылы оқиғалардан кейін ҰҚК басшылығы өзгергенде Самат Әбіш туралы ештеңе айтылмаған, тек комитет төрағасының орынбасары қызметіне жаңа орынбасардың тағайындалғаны айтылған. ҰҚК-ның ресми сайтында Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары деп көрсетілген.
Елде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейіп, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі "әлсіреді" деген болжам кеңінен тарай бастаған шақта Назарбаев пен жақындарының көрінбей кеткені жайлы ақпараттар жиілеген. Кейінгі кезде жоғарғы билікте отырған Назарбаевтың туыстарының көбі "демалыста" немесе "денсаулығына байланысты жұмысына келмегені" жайлы ақпараттар жиі шығып жатыр.
Экс-президенттің үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева парламенттің бірнеше отырысына қатыспаған. Көмекшілері оның коронавируспен ауырып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін ақпарат құралдары экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың қазақ-қырғыз шекарасынан өткені, Манас әуежайы арқылы Дубайға ұшып кеткенін жазған. Бірақ туыс-жақындары да, Қазақстан билігі де бұл ақпаратты растаған да, терістеген де жоқ.
Осыған дейін журналист Аркадий Дубнов Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтың тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда ұсталғанын, ал экс-президенттің өзі Қытайда екенін жазған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпаған. Әдетте елдегі маңызды мәселелерге пікірін айтып отыратын Назарбаев қаңтардағы оқиғаға байланысты пікірін білдірген жоқ. Осыған дейін бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстаннан кетпегенін, астанада екенін айтқан. Оның айтуынша, Назарбаев "бірқатар консультативтік кездесулер өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста отыр".
Қарай отырыңыз: Назарбаевтан хабар жоқ, қызы "ауырып жатыр" (12 қаңтар 2022 жыл).
Қазақстанда 2 қаңтарда басталған наразылық шаралары шамамен бір аптаға созылды. Оған сұйытылған газдың қымбаттауы себеп болған. Наразылар өзге талаптармен бірге отставкаға кетсе де, саяси ықпалын сақтап қалған 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін де талап еткен.
Наразылықтың соңы Қазақстанның Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған ірі тәртіпсіздікке ұласты. Жүздеген адам үкімет ғимараттарына барып кіріп, кейбірі өртенді. Сауда және қызмет көрсету орындары тоналды. Көліктер аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай енгізген. Билік тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың артында "халықаралық террористер бандасы тұр" деп мәлімдеді. Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрап, ізінше елге ҰҚШҰ-ның бірнеше мың солдаты кірді (13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ әскерінің шығарыла бастайтыны хабарланған). Сарапшылар Назарбаев жақтастарымен текетірес ушыққан шақта ҰҚШҰ әскерінің арқасында Тоқаев билікті уысында сақтап қалды деп санайды.
ПІКІРЛЕР