Accessibility links

Тоқаев "Қаңтар оқиғасында" ұсталғандардың жазасын мүмкіндігінше жеңілдетуді тапсырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы полициясының жедел штабында. 12 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы полициясының жедел штабында. 12 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде ұсталғандарға қысым жасалып жатыр деген хабарлар көбейген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де мәлімдеме жасап, бас прокуратураға "жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді" тапсырды.

Тоқаев твитінде қаңтардағы оқиғалар кезінде және төтенше жағдайдан кейін екі мыңға жуық адам ұсталғанын, "қылмыс жасағандар заң бойынша жауапқа тартылатынын" мәлімдеді.

"Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн" деп жазды Тоқаев.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты, бірақ ресми билік қанша адамның қаза болғанын әлі жарияламай отыр.

Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде жоғалған адамдар да көп.

Елде жағдай ушыққан тұста, яғни, 7 қаңтарда Тоқаев "елге террористер шабуыл жасады" деп, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берген еді.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланды.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG