Accessibility links

Еуропарламент депутаттары Қазақстан шенеуніктеріне санкция салуды ұсынды


Страсбургтағы Еуропарламент ғимараты.
Страсбургтағы Еуропарламент ғимараты.

19 қаңтарда Еуропарламентте Қазақстандағы қаңтар басындағы қантөгіс пен оның салдары бойынша резолюция жобасы талқыланды.

Сөз сөйлегендердің басым бөлігі оқиғаны тәуелсіз зерттеуге және Қазақстан билігі өкілдеріне жеке санкция салуға шақырды.

Резолюция жобасы авторларының бірі Хайди Хаутала "бейбіт наразылықтың қалайша озбырлыққа ұласып кеткенін, оған қандай элементтер тартылғанын, жағдайдың ушығуына не түрткі болғанын" анықтау үшін оқиғаны халықаралық дәрежеде тәуелсіз тергеу қажеттігін атап өтті.

- Кінәлілер жазалануы тиіс. Кез келген жолмен билікті сақтап қалғысы келетін клептократтарға қатаң шара қолданылуы тиіс. Өз халқына қарсы қылмыс жасағаны үшін сот алдында жауап беруі керек. ЕҚЫҰ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі, ЕО тәуелсіз тергеуді қолға алуы тиіс, – деді депутат.

Резолюция авторларының бірі Андирус Кубилиус демонстранттарға күш қолдану халықаралық тергеуді қажет етеді деді. Президент Тоқаевтың көшедегі адамдарға ескертусіз оқ атуға шақыруы "бұл әрекеті өмір бойы оның қыр соңынан қалмайды" деді депутат.

Еуродепутат Маркета Грегорова Қазақстан билігінің "наразылармен пікірталас жүргізіп, уәде берген реформаларын жүзеге асырудың орнына адамдарды террористерге балап, аяусыз ұрып-соғып, ұрғаны" "масқара жағдай" деп санайды. Ол Қазақстан басшылығына жеке санкция салуға үндеді.

– Өкінішке қарай, ЕО-ның аймақта үні естілмейді және ол өте кеш және баяу реакция білдірді. Сенімді ақтау үшін біз жоғары деңгейдегі шенеуніктерге санкция салуымыз керек, – деді Грегорова.

Депутат Владимир Бильчик наразылық кезінде және Қазақстанға ҰҚШҰ әскері кіргізілген кезде интернеттің бұғатталуын сынады.

– Интернетті өшіру және шетел әскерін ел аумағына шақыру елдің халықаралық деңгейдегі орнына күдік ұялатады, сонымен бірге Қазақстанның өзі мойнына алған міндеттемелерге сай елді басқару мүмкіндігіне шәк келтіреді, – деді депутат.

Резолюцияға қарсылық білдіргендер де болды. Еуродепутат Тьери Мариани Қазақстандағы оқиғаның жай-жапсары толық ашылмай жатып, Еуропарламент "мерзімінен бұрын айыптаумен" айналысып отыр деді.

– Біздің білеріміз аз, бірақ парламент мүшелерінің басым бөлігі айыптап жатыр. Депутаттардың басым бөлігі Ресей мен Қытайға шүйлігу үшін жағдайды пайдаланғысы келетін сияқты, – деді Мариани.

Еуродепутат Татьяна Жданока да осыған ұқсас ой айтты. Қаңтар оқиғасын зерттеуге көп уақыт кететінін айтқан депутат Еуропарламент "қайтадан судья рөліне кірісті" деді.

Еурокомиссияның ұстанымын комиссар Стелла Кириакидес жеткізді. Ол [Қазақстандағы] дағдарыстың күрделілігін алға тартып, оған интерпретация мен реакция білдіргенде өте абай болу қажеттігін атап өтті.

Комиссардың айтуынша, "ақпаратқа қарағанда жақсы қаруланған және жақсы үйретілген топтар бейбіт наразылықты өз мүддесіне пайдаланбақ болған".

– Оларды солай жасауға не итермелегені анық емес. Бәлкім, бұл топтар әскери құрылымдармен байланысты шығар, олай болса бұл арнайы қызметтің кейбір бөлімі оларды жасырған болуы мүмкін деген болжамға жетелейді. Бұрынғы президент пен қазіргі президентпен байланысты топтар арасында билікке талас болуы да мүмкін. Нақты кезеңде оқиғаға сыртқы күштердің де қатысын жоққа шығаруға болмайды, – деді комиссар.

Ол Еурокомиссия Қазақстан билігімен байланыста отырғанын айтып, Нұр-Сұлтанды "жан-жақты, ашық, тәуелсіз зерттеуге" шақырғанын айтты.

Резолюция авторларының бірі Роза Тун депутаттарға құжатты әзірлеуге аз уақыт берілгенін және оны көлемі жағынан да шектеуге тура келгенін айтты. Ол резолюцияны "тым қысқа" деп атап, құжатты "Қазақстан азаматтарының сұмдық жағдайын толық сипаттауға шамасыз" деп атады. Соған қарамастан ол Еуропарламенттегі әріптестерін құжатқа дауыс беруге шақырды.

Қазақстан бойынша резолюцияға дауыс беру 20 қаңтарда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG