Accessibility links

Семейде "Нұр Отанның" екі депутаты "басшылыққа сенімі жоғалғандықтан" партиядан шықты


"Нұр Отан" съезі. Сәуір айы, 2019 жыл.
"Нұр Отан" съезі. Сәуір айы, 2019 жыл.

24 қаңтарда Семей қалалық мәслихатының екі депутаты Айдос Қисаменов пен Дулат Қажмұханбет "басшылыққа сенімі жоғалғандықтан" "Нұр Отан" партиясы құрамынан шығып, депутаттық мандатынан бас тартатынын мәлімдеді.

Партия жұмысында көзбояушылық көп екенін айтқан Айдос Қисаменовтің сөзіне қарағанда, қаңтар оқиғасы кезінде "партия беделінен айырылып, аймақ басшылығы қол қусырып отырған".

Дулат Қажмұханбет те қаңтар оқиғасы кезінде партиядан көңілі қалғанын айтты.

—"Нұр Отан" партиясының аймақтағы басшыларына (олар қала мен облысты да басқарып отыр) өзіндік ой-пікірі, жеке көзқарасы бар тәуелсіз депутаттар керек емес. Оларға өзіне қарсы келмейтін, облыс әкімі Даниал Ахметов не айтса, соны орындайтын адамдар керек, – деді Қажмұханбет.

Жүк вагондарын жөндеумен айналысатын "Темір-Транс" компаниясының директоры Дулат Қажмұханбет – қалалық мәслихатқа 2020 жылы депутат болған. Желтоқсан айында ол Facebook парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласынан үзінді келтіріп, мемлекет "үлкен жетістікке жетті" деп мәлімдеген.

Semey Mall сауда орталығының иесі Айдос Қисаменов те Семей мәслихатына 2020 жылы депутат болып сайланған. Ол бұрын Семейдегі сәулет ескерткішімен байланысты дауға іліккен.

Кей сарапшылар елде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев арасында билікке талас өршіді деген болжам айтады. Кейбірі билік қоғамда түбегейлі реформаға бармай, әдеттегідей тек көзбояушылықпен шектелуі мүмкін деп санайды. Қаңтардың басында Қазақстанның басым бөлігін қамтыған бейбіт митингіге шыққан азаматтар халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, қымбатшылық қысқанына наразылық білдірді. Жаппай наразылық акцияларында елде билікті жаңарту, әкімдерді сайлау жүйесін енгізу және әділ сайлау өткізу жайлы талаптар айтылды. Бірнеше қалада белгісіз адамдар әкімшілік және өзге ғимараттарды, автокөліктерді өртеп, қиратқан.

5 қаңтардан президент Тоқаев елге "террористер" шабуыл жасады деп "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген. Оның бұл бұйрығын халықаралық ұйымдар сынға алған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Қоғам өкілдері бірнеше рет талап еткенімен, үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпай отыр.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Елде тәртіпсіздіктер мен наразылықтар күшпен басылғаннан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтарда видеомәлімдеме таратып, бар билік Тоқаевтың қолында екенін, ал өзі "2019 жылдан бері зейнеткер" екенін айтты.

"Нұр Отан" партяисының съезі 28 қаңтарда өтеді. Бұл партия Назарбаев президент болып тұрған тұста елдің саяси өмірі мен заң шығару тармағында гегемон болды. 2021 жылғы қараша айында Назарбаев Тоқаевқа "Нұр Отан" төрағалығын тапсыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG