5 қаңтарда Бейжің олимпиадасында фристайлдың могул түрінен ерлер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасының лидерлері Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд жүлдесіз қалды. Ал конькиші Надежда Морозова Пекиннен медаль алатынына нық сенімді. Азаттық тілшісі Руслан Меделбек Бейжіңнен хабарлайды.
"ҚОЛДАН КЕЛМЕДІ"
Фристайлдың могул түрінен ерлер арасында Рейхерд 8-орын, Колмаков 21-орынмен шектелді. Рейхерд 76,77 ұпай, Колмаков 74.09 ұпай алды.
Олимпиадада жүлде алу үшін спортшы 80 ұпайдан асу тиіс. Бірақ қазақстандық могулистер Бейжіңде 80 ұпайға маңайлай алмады.
Ал олимпиада чемпионы болған швециялық Вальтер Вальберг 83,23 ұпай; күміс жүлдегер канадалық Микаэль Кингсбери 82,18 ұпай; қола жүлдегер жапониялық Икума Хоришима 81,48 ұпай иеленді. Осы цифрлардан-ақ қазақстандықтардың қаншалықты медальдан алыс болғанын аңғаруға болады.
Рейхерд жарыстан соң "суперфиналға шығуға, алтылыққа енуге тырыстым. Жарыс кезінде көңіл-күй, дайындық, жағдайым бәрі жақсы болды. Жоғары трамплинде қиын элементті таза, қатесіз секірдім. Суперфиналға шығуға сәл ұпай жетпей қалды. Көңіл-күйім сәл түсіп тұр. Бірақ қолымнан келгенін жасадым. Ештеңеге өкінбеймін" деді.
Ал Колмаков "нәтижемді жақсы дей алмаймын, жақсы нәтиже көрсету қолдан келмеді" деп қысқа ғана қайырды.
КОЛМАКОВ ПЕН РЕЙХЕРД НЕГЕ ЖҮЛДЕГЕ ҮМІТКЕР БОЛДЫ?
Колмаков 2021 жылы наурызда Алматыда өткен әлем чемпионатында могулдан 82,23 ұпай жинап, қола медаль иеленген. Ал биыл Рукадағы (Финляндия) әлем кубогы кезеңінде 82,10 ұпаймен күміс медаль алған. Колмаковтың осы екі жүлдесі қазақстандықтарға үміт сыйлаған еді.
Жалпы Бейжіңге келген Қазақстан спортшылары арасында әлем чемпионатын былай қойғанда әлем кубогы кезеңдерінде жүлде алғандары саусақпен санарлық. Сондықтан болар Қазақстан делегациясы әлем кубогы кезеңінде бір-екі жүлде алғандардан ғайыптан тайып бір жүлде түсіп қала ма деген үміт пен күдіктің арасында жүр.
Сол үміттің бірі осы Колмаков пен Рейхердте болған. 33 жастағы Рейхерд 2006 жылы алғашқы олимпиадасына қатысқан. Содан бері бесінші рет олимпиадада сынға түсті. Рейхерд 2018 жылғы Пхенчхандағы олимпиадаға фавориттердің бірі ретінде барған еді. Әлем рейтингте екінші орында тұрған. Халықаралық сараптама орталықтардың біразы Рейхердің Пхенчханда кемі қола алады деп болжаған. Бірақ спортшы сайыс кезінде қателесіп, 8-орынмен шектелген еді. Кореядағы ойындарға жүлде үшін барған спортшы Сочи олимпиадасындағы нәтижесін де (5-орын) қайталай алмаған. Сол кезде отызға тақап қалған Рейхерд олимпиада жүлдесіне тағы бір талпынып көру үшін төрт жылға спортта қалған еді.
Бейжіңдегі олимпиададан соң Рейхерд енді олимпиадаға спортшы ретінде қатыспайтынын меңзеді.
"Келесі олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бар. Бірақ спортшы ретінде емес, бапкер ретінде қатысуым мүмкін. Енді олимпиадаға спортшы ретінде қатыспаймын деп ойлаймын. Бірақ бірнеше жарыста, әлем кубогы финалына қатысармын. Барлығы денсаулығыма байланысты. Себебі биылғы маусымда тізе жарақатының салдарынан біраз жарысқа қатыса алмадым" деді ол.
Ал Колмаков карьерасындағы ең үздік нәтиже (әзірге) әлем чемпионатының қола болып қала бермек. Бұл спортшының нәтижесінде тұрақтылық байқалмайды. Бір жарыста күтпеген жерден жүлде алып, келесі жарыста төмен нәтиже көрсетуі мүмкін. Бірақ Бейжіңде күтпеген жүлде болмады.
Колмаков 2014 жылы Сочиде 10-орын, 2018 жылы Пхенчханда 7-орын алып, екі олимпиадада да ондыққа енген еді. Бұл жолы жиырмалыққа енбей қалды.
"ЖҮЛДЕ АЛАТЫНЫМА ЖҮЗ ПАЙЫЗ СЕНІМДІМІН"
5 ақпанда конькимен 3000 метрге жарыста сынға түскен қазақстандық Надежда Морозова 13-орын алды. Бірақ спортшы бұл нәтижеге еш жабырқаған жоқ. Ол 7 ақпанда болатын 1500 метрлік жарыста жүлде алатынына "жүз пайыз сенімді".
- Бар күшімді 1500 метрге салып, осы қашықтықта медаль алуға тырысамын. Қазақстанға медаль әперетініме жүз пайыз сенімдімін, - деп уәде берді.
1500 метр Морозоваға оң жамбасына келеді. Дәл осы қашықтықта ол қарашада Польшада өткен әлем кубогының бірінші кезеңінде 01:56.925 минутта жүгіріп, қола медаль иеленген.
5 ақпанда жарыс жолына Қазақстаннан тағы бірнеше спортшы шықса да, олардың жүлде алатынына сенгендер аз. Мәселен, шаңғыдан әйелдер арасында 7.5+7.5 шақырымдық скиатлон жарысында қазақстандық төрт спортшының бірі жүлдеден бұрын алғашқы ондыққа енсе, сенсация болар еді. Бірақ қазақстандық төрт шаңғышы ішінен ең жоғарғы нәтиже көрсеткені Ксения Шалыгина болды. Оның өзі мәреге 48-орынмен келді.
Шорт-тректен Қазақстан құрамасы аралас эстафетада (екі ер, екі әйел спортшы) бесінші орын алды. Бұл эстафетада Қазақстан құрамасы үшін бесінші орынның өзі жетістік. Себебі дәл қазір шорт-тректен эстафетада Қытай, Италия, Венгрия ешкімге дес бермей тұр. Үш ел олимпиада жүлдесін осы ретпен бөлісті. Бұдан бөлек Канада, Нидерланд, АҚШ, Ресей (төрт ел Бейжіңде пенальти алып, орынсыз қалды) және Оңтүстік Корея құрамалары да мықты.
- Мұның өзі біз үшін жақсы нәтиже, қуаныштымыз, - деді құрама мүшелерінің бірі Денис Никиша жарыстан соң.
Бейжің олимпиадасы 20 ақпанда аяқталады. 6 ақпанда фристайлдан могул түрінен әйелдер арасындағы жарысқа Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева шығады.
ПІКІРЛЕР