Пекинде басталатын қысқы олимпиада ойындарынан Азаттық тілшісі Руслан Меделбек хабар тартты. Олимпиаданың айналасындағы барлық ақпаратты, Қазақстан спортшыларының нәтижесін осы парақшадан таба аласыз.
"Қысқы спорттағы жетістікке елдің дамуы да әсер етеді". Халықаралық сарапшылармен олимпиаданы түйіндедік
Пекинде қысқы олимпиада ойындары аяқталды. 2014 және 2018 жылғы қысқы олимпиадада бір-бір қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы Пекинде жүлдесіз қалды. Бұл ойындарда медальдың басым бөлігін Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Ресей, жарыс ұйымдастырушы Қытай, Жапония иеленді. Халықаралық сарапшылар қысқы олимпиададағы жетістікке климат пен елдің экономикалық жағдайы ықпал етеді деп санайды. Ал қазақстандық сарапшы елде бұқаралық спортты дамытпай жетістікке жету қиын дейді. Толығырақ мына сілтемеден оқуға болады.
5,3 млн ғана халқы бар Норвегия қалай қысқы спортта АҚШ, Ресей, Қытайды озды?
Норвегия Пекинде қысқы олимпиадада 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль алып, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Бұрын қысқы олимпиадада бір ел мұнша алтын иеленбеген еді. Норвегияның бұл феноменінің құпиясы неде? Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.
Қазақстаннан Денис Тендей олимпиада жүлдегері шыға ма? Комментатормен талқыладық
Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан жолдама иелене алмады. Олимпиада алдында да, олимпиада кезінде де жанкүйерлер тарапынан спорт шенеуніктеріне "мәнерлеп сырғанаудан неге қазақстандық спортшы қатыспайды?" деген сауал көп қойылды. Дәл қазір Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың ахуалы қандай? Қазақстаннан Денис Тендей олимпиададан медаль алатын спортшы шыға ма? Балаларын мәнерлеп сырғанауға бергісі келетін ата-ана нені ескеруі керек? Осы сауалдарды мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжановамен талқыладық. Сұхбатты мына сілтемеден оқуға болады.
"Тоқаевтың тапсырмасы". Құлыбаев басқаратын ҰОК енді спортқа бөлінетін қаржыны игермейді
Миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) 2018 жылдан бастап бюджеттен спортқа бөлінетін қаржыны толық игеріп келген еді. Ал мәдениет және спорт министрлігінің спорт комитеті мемлекеттік қаржыны ҰОК-қа аударып, тапсырыс беруші рөлін атқарған. Енді сәуірден бастап спорт комитеті мен ҰОК келісім-шартты үзбек. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.
HRW: Қытай олимпиада кезінде де Шыңжаңдағы адам құқығын бұзуды жалғастырып жатыр
Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен Пекин олимпиадасының демеушілерін Қытайдағы адам құқығының бұзылып жатқаны жайлы ауыз ашпады деп сынады.
18 ақпанда HRW ресми мәлімдеме жасап, Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да түркі тілдес халықтарға қысымы Пекин олимпиадасы кезінде де жалғасып жатыр деп мәлімдеді.
17 ақпанда Пекиндегі баспасөз мәслихатында олимпиада ұйымдастыру комитетінің ресми өкілі Ян Цзярун Шыңжаңдағы лагерьлер мен ондағы мұсылмандарды еркінен тыс жұмысқа жегуді "өтірік" деген еді. Ал ХОК өкілі Марк Адамс Шыңжаң мәселесін "БҰҰ және басқа ұйымдарға қалдырамыз" деді.
"Қытай билігінің адам құқығын бұзуы Пекин олимпиадасы кезінде де жалғасып жатыр. Оның ішінде Шыңжаңдағ адамзатқа қарсы қылмыс пен олимпиададағы цензура бар. ХОК пен оның серіктестері үндемеу арқылы Қытайдың адам құқығын бұзуына атсалысып отыр" дейді HRW ұйымының Қытай жөніндегі өкілі Яцю Ван.
Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым Пекин олимпиадасы кезінде көп айтыла қоймады. 17 ақпанда журналистер алғаш рет Шыңжаң жайлы сұраған. Спортшылар да бұл сұраққа жауап бермейді. Мәселен, тілшілер Қытай құрамасы сапында Пекин олимпиадасына қатысып жатқан Шыңжаң қазағы Ақнар Адаққызынан Шыңжаңдағы жағдайды сұраған. Бірақ ол жауап бермеген еді.
БҰҰ мен халықаралық ұйымдар Қытай Шыңжаңда саяси лагерьлерде бір миллиондай ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап отыр деп мәлімдеген. Халықаралық зерттеушілер мен басылымдар Пекин Шыңжаң жұртын еркінен тыс ішкі Қытайға жұмысқа жіберіп жатқанын да жазған.
Қытай Шыңжаңдағы саясатын "терроризммен күрес" дейді, ал саяси лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс өкілдерін кіргізбей отыр.
АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания Шыңжаңдағы қысымға байланысты Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған.
Ащы жеңіліс, 40 жастағы чемпион, Ресей мен Украина спортшыларының достығы. Олимпиададағы сәттер
Пекинде өтіп жатқан олимпиада ойындарында Австрия құрамасына ілінбеген спортшы чемпион атанды. АҚШ спортшысы 40 жаста олимпиада алтынын иеленді. Ресейлік шаңғышылар араға қырық жыл салып, эстафетада топ жарды. Ал Жапония конькишілері финалда құлап, алтын медальдан айырылды. Олимпиада сәттеріне көз сала отырыңыз.
Фристайл акробатикадан Қазақстан спортшылары қандай нәтиже көрсетті?
Фристайл акробатика қиын әрі қауіпті спорт түріне жатады. Спортшылар шаңғымен ылдилай келіп, биік трамплиннен аспанға қарай секіреді де бірнеше сальто жасап қарға қонуы тиіс. Жоғарыда қиын элементтерді орындап, қарға құламай қонған спортшыға жоғары ұпай беріледі. Бұл спорт түрінен Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарына қазақстандық бірнеше спортшы қатысты. Олар қандай нәтиже көрсетті? Фотогалереяны көріңіз.
Ресейлік Камила Валиева олимпиадаға қатысуға рұқсат алды. Бірақ жүлде алса марапатталмайды
Үш судьядан құралған CAS-тың Пекиндегі көшпелі отырысы допинг дауына ілінген ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваға Пекин олимпиадасының әйелдер арасындағы жекелей жарысына қатысуға рұқсат берді. Әйелдер арасындағы сын 15 ақпанда басталды. ХОК егер Валиева Пекинде жекелей жарысса жүлде алса марапаттау рәсімі өтпейтін мәлімдеді. Марапаттау Валиева ісі толық айталған соң болмақ. Пекин ойындарындағы допинг дауының жай-жапсарын мына сілтемеден оқи аласыз.
"Қытай әйелдерінде таңдау жоқ". Олимпиада чемпионының әрекеті Қытайдағы теңсіздікті көрсетті
АҚШ-та туып Қытай атынан Пекин олимпиадасына қатысқан Эйлин Гу фристайлдың биг-айр түрінен чемпион атанған соң Қытай ішінде жұлдызға айналып, оның есімі елдегі интернетте трендке шыққан еді. Бірақ кейінгі күндері интернет қолданушылар Эйлин Гудың инстаграмдағы постын сынап, оның қолында АҚШ пен Қытай паспорты болуы мүмкін деп азаматтығына күдік келтіріп жатыр. Олимпиадада Қытайға алтын әперген спортшы неге сынға қалды? Мына мақаладан оқи аласыз.
Әжіғалиев: Қазақтар да коньки тебе аламыз
Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық Абзал Әжіғалиев шорт-тректен 500 метрге жүгіруде 4-орынмен, Денис Никиша 7-орынмен шектелді.
Әжіғалиевтің 4-орыны Қазақстанның Пекин олимпиадасындағы ең үздік нәтижесі болып тұр. Осыған дейін Қазақстан шорт-трек құрамасы аралас (әйелдер мен ерлер) эстафетасында 5-орын, тағы бір шорт-трекші Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жүгіруде 8-орын иеленген.
Қазақстандық жанкүйерлер Пекин олимпиадасында дәл осы Әжіғалиев пен Никишадан 500 метрлік жарыста жүлде күткен еді. Себебі екеуі де осыған дейін 500 метрде халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген.
Бұған қоса, 500 метр - Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиевтің "оң жамбасына келетін" қашықтық. Екеуі бірнеше күн бұрын Пекинде Азаттық тілшісіне 500 метрден көп үміт күтетіндерін, осы қашықтықта барын салатынын айтқан еді.
Жарыстан соң Абзал Әжіғалиев финалдағы нәтижесін қорытындылады.
- Маған олимпиаданың іріктеуі өте қиын болды. Өйткені былтырғы қысқы маусымда денсаулығыма байланысты көп жарысқа қатыспадым. Олимпиадаға өту қиын тиді. Соған қарамастан олимпиадаға бабымда келдім. Бүгін қазақ халқын қуантқым келді. Себебі шорт-тректі Қазақстанда көп адам білмейді. Олимпиада кезінде бұл спортты бірінші рет көріп жатыр. Мысалы, жазғы спортты көп көрсетеді, қысқы спортты аз көрсетеді. Шорт-тректен әлем кубоктарында жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз. Қазақстан командасы әлемде үздік ондыққа кіреді. Бірақ соған қарамастан шорт-тректі көп адам білмейді. Бүгін осы шорт-тректі бәрі танып, білсін деп ойладым. Қысқы спорт қазақтарға емес деп айтады ғой. Сол стереотипті жойғым келді. Қазақтар да коньки тебе аламыз, әлемдік аренада мықтылармен жарыса аламыз дегенді дәлелдегім келді. Дәлелдедім деп ойлаймын. Бұйырғаны осы финал болды, - деді ол.
Пекин олимпиадасында 500 метрде алтынды венгриялық Лю Шаоан (осы қашықтықта қазіргі әлем чемпионы), күмісті ресейлік Константин Ивлиев, қоланы канадалық Стивен Дюбуа иеленді.
500 метрде әлем рекордының иесі, Пхенчхан олимпиадасының чемпионы қытайлық Ву Дажин 5-орынмен шектелді.
29 жастағы Абзал Әжіғалиев осыған дейін 2014 жылы Сочи және 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасына қатысқан. Пхенчхан ойындарында 500 метрлік жарыста 9-орын алған еді. Пхенчхан және Пекин олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шықты.
Әжіғалиев Қазақстан құрамасына 2009 жылы қабылданып, 2011 жылы астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада қола медаль иеленген. Ал 2016 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрде алтын алды.
26 жастағы Денис Никиша да үшінші рет олимпиада қатысты. Ол былтыр қазанда Пекин мен Нагояда (Жапония) өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метрде екі рет қола медаль иеленген.
"Әлемді алдау". Қытай олимпиада тұсында Шыңжаңда қысқы спортты дамытып жатырмыз деп мақтанды
Пекинде қысқы олимпиада ойындары өтіп жатқанда Қытайдың мемлекеттік медиасы саяси лагерьлерімен әлемге танылған Шыңжаң өлкесін "қысқы спорты қарқынды дамып келе жатқан аймақ" ретінде көрсетіп жатыр. Сарапшылар бұл Пекиннің көзбояуы әрі әлемді алдауы дейді. Мақаланы мына сілтемеден оқи аласыз.
Ресей тағы да дауға ілінді. Жас спортшы Валиеваның сынамасынан допинг табылған. Жағдайдың анық-қанығы
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваның желтоқсанда тапсырған допинг сынамасынан рұқсат етілеген препарат табылып, оның олимпиадаға қатысу-қатыспауы мәселеге айналды. Пекин олимпиадасындағы допинг дауының жай-жапсарын мына сілтемеден оқыңыз.
Чен, Ханю, Валиева деген кім? Мәнерлеп сырғанау неге қызу талқыланып жатыр? Сізді қызықтырған сауалдарға жауап
Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында америкалық Нэтан Чен олимпиада чемпионы атанғанын, әйелдер арасындағы фаворит ресейлік Камила Валиеваның бас дауға қалғанын, екі дүркін олимпиада чемпионы жапониялық Юдзуру Ханюдың жеңілгенін естіген боларсыз. Қазір олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанау жұрт арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл орайда осы спорт айналасындағы маңызды бірнеше сұраққа жауап бермекпіз.
МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДА ЖЕҢІМПАЗ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?
Мұзда мәнерлеп сырғанау қысқы және негізгі бағдарламадан тұрады. Спортшылар алдымен қысқа бағдарламаны сырғанайды. Қысқа бағдарламаға 2.40 минут беріледі. Спортшы қысқа бағдарламада үш секіру элементін орындайды. Оның бірі каскад (екі элементті бірінен соң бірін қосып секіру) болуы шарт. Ал негізгі бағдарламаға 4.30 минут беріледі. Бұл уақыттың ішінде спортшы жеті секіру элементін орындауға мүмкіндігі бар.
Әр секіру элементінің базалық ұпайы болады. Спортшы таза секірсе төрешілер қосымша ұпай беруі мүмкін, құласа базалық ұпайдың біраз бөлігін шегеріп тастайды. Бұдан бөлек спортшы биіне, артистизміне, мұздағы сырғанауына да ұпай шегереді.
Төрешілер екі топқа бөлінеді. Бірі секіру элементтерін бақылайды, екінші топ спортшының артистизміне, биіне, сырғанауына баға қояды.
Қысқа және негізгі бағдарламада секіру элементтері мен артистизмнен ең көп ұпай жинаған спортшы жеңімпаз атанады.
Мәнерлеп сырғанауда ерлер, әйелдер, жұптар (әйел мен ер) арасында және спорттық би (әйел мен ер) бойынша жүлделер сарапқа салынады. Ерлер, әйелдер және жұптар арасында секіру элементтері орындалады. Спорттық биде жұптар секіру элементін орындамайды, олардың мұздағы биі бағаланады.
Олимпиадада мәнерлеп сырғанау жекелей сында және командалық жарыс өтеді. Командалық жарыста сегіз ел мәнерлеп сырғанаушыларынан команда жасақтап, жүлдеге таласады.
ЕРЛЕР АРАСЫНДА НЭТАН ЧЕН ЧЕМПИОН БОЛДЫ, ЖАПОН ХАНЮ ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЛДЫ. ЧЕН МЕН ХАНЮДЫ ТАНЫСТЫРСАҚ
Америкалық Нэтан Чен мен жапониялық Юдзуру Ханю – дәл қазір мәнерлеп сырғанаудың жұлдыздары және басты қарсыластар.
22 жастағы Чен Пекинде 332.60 ұпаймен олимпиада чемпионы болды. Ол өзі орнатқан әлем рекордына (335) сәл жетпей қалды. Америкалық спортшы негізгі бағдарламада бес рет төрттік секіру элемент және екі рет үштік аксель секірді. Мәнерлеп сырғанауда жекелей сында төрттік элементтер мен үштік аксель ең қиыны саналады. Төрттік элементтер мен үштік аксельдерге көп ұпай беріледі.
Жапониялық 27 жастағы Ханю Сочи және Пхенчхан олимпиадасында чемпион болған. Ол – екі рет қатарынан олимпиадада алтын алған алғашқы және әзірге жалғыз мәнерлеп сырғанаушы.
Пекинде Ханю 283,21 ұпаймен 4-орынмен шектелді. Жапониялық негізгі бағдарламада төрттік аксель секіруге талпынып, құлады. Ханю – төрттік аксельді орындауға тырысқан алғашқы спортшы.
Кейінгі төрт жылда мәнерлеп сырғанау жарыстарында алтынға Чэн мен Ханю таласып келеді. Чен 2018, 2019, 2021 жылғы әлем чемпионы атанған. Ханю 2014 және 2017 жылғы әлем чемпионы болған.
Пекин олимпиадасында күміс пен қоланы жапониялық 18 жастағы Юка Кагияма (310,05) мен 24 жастағы Шомо Уно (293) иеленді.
РЕСЕЙ ҚҰРАМАСЫ ҚАНДАЙ ДАУҒА ІЛІНДІ? КАМИЛА ВАЛИЕВА КІМ?
Ресей құрамасы Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста чемпион атанған. Күміс пен қоланы АҚШ және Жапония иеленген. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті медаль тапсыру рәсімін кейінгі қалдырды. Себебі Ресей құрамасында сынға түскен Камила Валиеваның желтоқсанда тапсырған допинг тестінде мәселе болған. Қазір ХОК пен Халықаралық коньки одағы мәселені қарастырып жатыр.
15 жастағы Валиева – Пекинде әйелдер арасындағы жекелей сынның фавориті. Биыл маусымда Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде ол 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатқан.
Дәл қазір Валиева – мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында лидер. Ол бірнеше төрттік элемент пен үштік аксель орындай алады. Пекин олимпиадасында ресейліктер – Александра Трусова мен Анна Шербакова да жүлдеге негізгі үміткерлердің бірі. Трусованы жанкүйерлер «орыс ракетасы» деп атайды. Ол әйелдер арасында бес рет төрттік секіру элемент орындауға талпынып жүр. Щербакова – әйелдер арасында 2021 жылғы әлем чемпионы. Валиева, Трусова, Щербакованы ресейлік маман Этери Тутберидзе жаттықтырады.
ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫН АЛА АЛМАДЫ?
2004 жылы Сочи олимпиадасында Денис Тен қола медаль иеленген. Ал 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова қатысқан еді. Бірақ Пекин олимпиадасына Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан жолдама ала алмады. Тұрсынбаева олимпиада алдында жарақатына байланысты карьерасын аяқтады.
Дәл қазір Қазақстан құрамасында әлемдік мықтылармен бәсекелесе алатын мәнерлеп сырғанаушы жоқ. Олимпиада алдындағы іріктеу жарыстарына қатысқан қазақстандықтар төмен нәтиже көрсетті.
Қазір Қазақстан құрамасын ресейлік маман Сергей Воронов жаттықтырады. Ақпанның басында Таллинде (Эстония) өткен Төрт құрлық чемпионатында қазақстандық 17 жастағы Михаил Шайдаров 234,67 ұпаймен бесінші орын алды. Ол бұл жарысқа олимпиадаға жолдамалар таратылып қойған соң қатысқан еді. Мамандар Шайдаровтан үміт күтуге болатынын айтады.
Шорт-трекші Әділ Ғалиахметов сегіздікке енді
Шорт-тректен ерлер арасында 1500 метрлік жарыста Әділ Ғалиахметов 8-орын алды. 23 жастағы спортшы алғаш рет жекелей сында олимпиада финалына шықты. Бұл қашықтықта алтынды оңтүстік кореялық Хван Дэ Хон, күмісті канадалық Стивен Дюбуа, қоланы ресейлік Семен Елистратов иеленді. Жарыстан соң Әділ Ғалиахметов Азаттық тілшісіне сұхбат берді.
- Финалға шыққаныма қуаныштымын. Себебі алғашқы олимпиадамда финалға шыққаным жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Күш жетпей қалды... Бүгін финалдағы қарсыластарымды кішкентай кезімнен теледидардан көрген едім. Семен Елистратовпен бірге жаттығамын. Ол - менің кумирім. Олимпиада мен үшін тәжірибе, кейінгі кезде жақсы нәтижелер көрсете бастадық. Ол үшін бапкерлерімізге, дәрігерлерімізге алғыс айтамын. Психологқа рақмет. 1000 метрде төмен нәтиже көрсетіп қалған соң үш күндей маған моральдық жағынан қиын болды. Сол кезде психологпен бір сағаттай сөйлесіп, рухымды көтердім, дайындалдым.
- Олимпиадаға дайындық қалай болды? Қайда дайындалдыңыздар?
Ресейдің Уфа қаласында жазғы дайындықты өткіздік. Түркияда веложаттығу болды. Негізінен Қазақстан мен Ресейде жаттығамыз.
- Қазақстанда жаттығатын мұз айдын, база бар ма?
- Астанада "Алау" мұз айдыны бар, бірақ бізге мұз айдынды керек уақытты бермейді. Аз уақытқа беріп, толық жаттығу жасай алмаймыз. "Алауда" жарықпен де проблема болады. Сондықтан Уфаға барамыз. Астанада мұз айдынды жаттығуға аз уақытқа береді.
- Бұл мәселені көтердіңіздер ме?
- Айтылды, бапкерлер де айтты. Біз Ресейге бармай-ақ астанада жаттығуға болады, Үш-төрт айлап үйге бармаймыз, жаттығуда жүреміз. Үйді сағынамыз. Жаттығуымыз толығымен астанада болса үйге де жиі барып тұратын едік.
- 1500 метрлік жарыстың ширек финалында тағы бір қазақстандық Денис Никишамен (жарыс ережесін бұзғаны үшін пенальти алып келесі кезеңге шыға алмады) бірге бір топта жарыстыңыздар. Бір елдің екі спортшысы бір-біріне қарсылас атанғанда қандай сезім боласыздар?
- Біз бәріміз мұздың сыртында доспыз, мұзда әркіміміз өзіміз үшін жүгіреміз. Бір-бірімізге қастандық жасау деген жоқ. Дениспен ештеңе жоспарлаған жоқпыз, әркімнің өз жоспары болады.
- Енді әлем чемпионатына дайындық басталады ғой?
- Иә, 18-20 наурызда Канадада әлем чемпионаты болады, соған барамыз. Одан кейін келесі олимпиадаға дайындаламыз.
Әділ Ғалиахметовті жақынырақ таныстырсақ
23 жастағы Әділ Ғалиахметов Орал қаласында туған. Шорт-тректен 500, 1000 және 1500 метрлік жарыстарға қатысады, бірақ 1500 метрде құрама лидері. 2017 жылы Қазақстан құрамасына қабылданып, әлем чемпионаттары мен әлем кубогы кезеңдеріне қатыса бастады. 2021 қазанда Пекинде өткен әлем кубогы кезеңінде 1500 метрде күміс медаль алған.
2021 жылы Нидерландыда өткен әлем чемпионатында 1500 метрлік жарыста 9-орын алған.
Пекин олимпиадасында ерлер мен әйелдер командалары арасындағы аралас эстафетада Қазақстан құрамасы сапында 5-орын иеленді.
Мәнерлеп сырғанаудан командалық сынның марапаттауы кейінге қалды. Неге?
Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыстың марапаттау рәсімі ресейлік спортшы Камила Валиеваның допинг тестіндегі мәселеге байланысты кейінге шегерілді. Бұл туралы британиялық Inside The Games сайты хабарлады.
Қазір Пекинде журналистер арасында осы тақырып қызу талқыланып жатыр. Халықаралық олимпиада комитеті мен Халықаралық коньки спорты одағы марапаттау рәсімімен мәселе болып жатқанын растады.
Inside The Games сайты ресейлік спортшылардың бірінің Пекин олимпиадасы алдында тапсырған допинг тестінен мәселе шыққанын жазған еді. Кейін оның Камила Валиева екені хабарланды. Ресейлік басылымдар Валиеваның желтоқсандағы тестінде мәселе барын жазып жатыр.
ХОК баспасөз қызметі жағдайға қатысты толығырақ мәлімет беруден бас тартты. Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы да пікір білдірмеді.
Допинг дауына байланысты Ресей олимпиада комитеті туының астында сынға түскен ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар 7 ақпанда командалық жарыста алтын медаль алған. Марапаттау рәсімі 8 ақпанда өтуі тиіс еді. Кеше, 8 ақпанда ХОК журналистерге марапаттау рәсімі кейінге қалғанын хабарлады.
Ресей құрамасы сапында командалық жарысқа ерлер арасында Марк Кондратюк, әйелдер арасында Камила Валиева, жұптық сында Анастасия Мишина мен Александр Галлямов, спорттық биде Виктория Синицина мен Никита Кацалапов қатысқан. Күмісті АҚШ, қола медальды Жапония иеленген.
Қытай құрамасындағы қазақ қызы Ақнар Адаққызы кім?
Шыңжаң қазағы Ақнар Адаққызы Қытай құрамасы сапында конькиден Пекин олимпиадасына қатысып жатыр. Жарыстан соң Азаттық тілшісі қазақ конькишіден карьерасы, отбасы, Шыңжаңдағы жағдай жайлы сұрады. Конькиші туралы мақаланы мына сілтемеден оқи аласыз.
Конькиші Морозова да медальсіз қалды
Конькимен 1500 метрге жүгіруде әйелдер арасындағы жарыста Надежда Морозова 14-орын, Екатерина Айдова 18-нәтиже көрсетті. Осыдан бірнеше күн бұрын Морозова 1500 метрге жүгіруден медаль алатынынан "жүз пайыз сенімді болған" еді.
Ол "Бар күшімді 1500 метрге салып, осы қашықтықта медаль алуға тырысамын. Қазақстанға медаль әперетініме жүз пайыз сенімдімін" деген
Спортшы бұл қашықтықты 1:56.85 минутта жүгіріп өтті. Әдетте 1500 метрде үштікке ену үшін 1:53.00 - 1:55.00 минут нәтиже көрсету керек.
Жарыстан соң Морозова көзіне жас алып, "қатты уайымдап, жанып кеттім" деп қысқа қайырды.
Алматы Пекинмен олимпиада өткізуге қалай таласып еді?
Қазір Қытайда өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарына Алматы қаласы да үміткер болған еді. Екі қала бұл олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алу үшін қалай бәсекеге түсіп еді?
6 ақпан. Галышеваға жүлде бұйырмады. Себебіне үңіліп көрелік
Пекин қысқы олимпиадасында фристайлдың могул түрінен қазақстандық Юлия Галышева да медаль иелене алмады. 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасының қола жүлдегері Қытайдағы ойындарда қателесіп, үздік алтылыққа да енбей қалды. Неге? Мына мақалада себебін іздеп көрдік.
5 ақпанда Қазақстан спортшылары қандай нәтиже көрсетті?
5 қаңтарда Пекин олимпиадасында фристайлдың могул түрінен ерлер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасының лидерлері Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд жүлдесіз қалды. Ал конькиші Надежда Морозова Пекиннен медаль алатынына нық сенімді. Қазақстан шорт-трек құрамасы аралас эстафетадағы алтыншы орынға "қуанды". Олимпиаданың бірінші күніндегі нәтижелерді мына сілтемеден оқи аласыз.
Пекин олимпиадасына қарсылық
Олимпиаданың ашылу салтанаты қалай өтті?
Күнде ПТР тесті, қоршалған отельдер, қаптаған полицей. Пекин олимпиадасы қалай өтпек?
Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қысқы олимпиададан хабар таратпаққа Пекин қаласына жетті. Пандемия тұсында бұл ойындар қалай өтпек? Коронавирусқа байланысты шектеулер қандай? Тілшіміздің Пекиннен алғашқы жазбасын қаз-қалпында ұсынамыз.
Бір күміс? Қазақстан Пекин олимпиадасында медаль иелене ала ма?
4-20 ақпан аралығында Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына Қазақстаннан 34 спортшы қатысады. 2014 жылғы және 2018 жылғы қысқы олимпиадада Қазақстан бір қола медаль иеленген еді. Бұл жолы қандай нәтиже болмақ? Мақаланы мына сілтемеден оқыңыз.
ПІКІРЛЕР