Accessibility links

5,3 млн ғана халқы бар Норвегия қалай қысқы спортта АҚШ, Ресей, Қытайды озды?


Шаңғышы Тереза Йохауг шаңғыдан 30 км марафонда жеңіске жетіп, Норвегияға 16 алтынды алып берді. 20 ақпан 2022 жыл.
Шаңғышы Тереза Йохауг шаңғыдан 30 км марафонда жеңіске жетіп, Норвегияға 16 алтынды алып берді. 20 ақпан 2022 жыл.

Норвегия Пекинде қысқы олимпиадада 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль алып, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Бұрын қысқы олимпиадада бір ел мұнша алтын иеленбеген еді. Норвегияның бұл феноменінің құпиясы неде?

-Бір жастан асқаннан бері шаңғы тебемін, - деді фристайлдың биг-эйр түрінен Пекин олимпиадасының чемпионы атанған 24 жастағы норвег Бирк Руд баспасөз мәслихатында.

Ал Пекинде екі алтын, бір күміс, бір қола иеленген 33 жастағы биатлоншы Тарьей Бе жарыстан соң "көптеген норвегиялықтар сияқты тәй-тәй басқаннан бастап-ақ шаңғы тептім" дейді.

Пекинде шаңғы жарысынан екі алтын медаль иеленген Йоханнес Хёсфлот Клебо сұхбаттарының бірінде "норвегтер шаңғы киіп өмірге келеді" деп қалжыңдаған еді.

БАРЛЫҒЫ БАЛАЛАР СПОРТЫНАН БАСТАЛАДЫ

Пекинде Норвегия биатлон, шаңғымен жарыс, щаңғымен трамплиннен секіру, коньки, фристайл спортынан медаль алды. Жүлдегерлердің барлығының биографиясында спортты бала кезінен мектеп жанындағы я тұрғылықты жеріндегі спорт клубтарынан бастағаны айтылады.

Норвегияның Пекинде 16 алтын иеленіп, бір миллиардтан аса халқы бар және осы олимпиаданы өткізуге миллиардтаған қаржы жұмсаған Қытайды, спорт державасы саналатын АҚШ пен Ресейді де артқа тастауын сарапшылар балалар спортының дамуымен және қысқы спортқа қажетті климатпен байланыстырады.

Британиялық Guardian сайтының жазуынша, Норвегияда балаларға арналған 10 мыңнан аса спорт клубы бар. 2018 жылы бұл клубтарда қысқы спортпен айналысатын балалар мен жастардың үлесі 93 пайыз болған.

Норвегия делегациясы Пекин олимпиадасының ашылу салтанатында. 4 ақпан 2022 жыл.
Норвегия делегациясы Пекин олимпиадасының ашылу салтанатында. 4 ақпан 2022 жыл.

Норвегия 2018 жылы Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында 14 алтынмен жалпы есепте бірінші орын алғанда-ақ сарапшылармен, журналистер бұл елдің қысқы спорттағы феноменіне үңілуге тырысып келеді.

Норвегия ұлттық олимпиада комитетін 2015-2019 жылдары басқарған саясаткер Том Тведт 2018 жылы Guardian сайтына берген сұхбатында "12 жасқа толғанға дейін спорт балалар үшін қызықты іс болуы тиіс. Сондықтан біз 12 жасқа дейінгі балаларды жарыстырмаймыз, жеңімпазды анықтамаймыз. Балалар спорттан ләззат алуы керек. Медаль алғандардың барлығы спортты жергілікті клубтарда бастаған. Егер атлеттің нәтижесі жақсара бастаса оларды Olympiatoppen деген элиталы спорт орталығымызға әкелеміз. Бұл жерде алдыңды қатарлы спорт ғылымын іске қосамыз" деген еді.

Яғни, Норвегияда балаларды жастайынан жарыстырып, нәтиже көрсетуге қысым жасамайды.

Норвегия 1988 жылы Калгаридегі қысқы олимпиадасында Норвегия бірде-бір алтын ала алмай сәтсіздікке ұшыраған соң елде қысқы спортқа үлкен реформа жасалды. Ел билігі Olympiatoppen деген спортшыларға арналған база мен ғылыми орталық құрады да жергілікті клубтағы мыңдаған балалардың ішінен мықтыларын іріктеп осында әкеліп дайындайды.

Араға төрт жыл салып, 1992 жылы Альбервильде (Франция) өткен қысқы олимпиадада Норвегия 9 алтын, 6 күміс, 5 қола иеленеді.

Қазір Норвегиядан олимпиадада медаль алған спортшылар осы Olympiatoppen орталығынан шыққан.

ӨМІР СҮРУ САПАСЫНЫҢ СПОРТҚА ЫҚПАЛЫ

Aspen Institute дерегінше, Норвегия Батыстың басқа елдерімен салыстырғанда спортқа аз ақша бөледі. Мәселен, 2018 жылы Норвегия спорт федерациясының жылдық бюджеті 18,6 млн доллар болған. Ал Ұлыбританияның спортқа бөлген бюджеті шамамен 187 млн долларға жеткен.

Сарапшылар Норвегия басқа дамыған елдерге қарағанда спортқа аз бөлсе де, елдегі өмір сүру сапасы жоғары екенін айтады. Норвегия Бақытты елдер индексінде ондыққа енеді, БҰҰ-ның Адам даму индексінде бірінші орында тұр.

Биатлоншы Йоханнес Тиннес Бе Пекин олимпиадасында бірнеше медаль алды.
Биатлоншы Йоханнес Тиннес Бе Пекин олимпиадасында бірнеше медаль алды.

Елде балалар спорты толығымен тегін. Мемлекет қаржысынан бөлек, стипендиялар мен гранттар көп. Мәселен, Olympiatoppen сайтында жыл сайын спортшыларға арналған субсидия мен стипендиялар бөлінетіні жазылған.

Olympiatoppen орталығының басшысы Торе Овребе Aspen Institute сайтына берген сұхбатында "елдегі өмір сапасының жоғары болғаны, тегін медицина мен білім беруі әлемдік деңгейдегі спортшылар дайындауға көмектесті" дейді.

СПОРТ КЕШЕНДЕРІ МЕН МУЛЬТИМЕДАЛИСТЕР

Бұдан бөлек, Норвегияда қысқы спортқа арналған жарыс кешендері де өте көп. Жыл сайын шаңғы, биатлон, коньки спортынан әлем кубогы кезеңдері мен әлем чемпионаттары өтеді. Мәселен, биыл наурызда Холменколленде биатлоннан әлем кубогының кезеңі, Осло мен Драмменде шаңғы жарысынан әлем кубогының этабы, Лиллехаммерде шаңғымен трамплиннен секіруден әлем кубогының кезеңі ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ Норвегияда қысқы спортта бір спортшы бірнеше медаль алып бере алады. Мәселен, Пекин олимпиадасында биатлоншылар – Йоханнес Тиннес Бе төрт алтын, бір қола; Марте Ройселанн Олсбю үш алтын, екі қола; шаңғышыылар – Йоханнес Клебо екі алтын, бір күміс, бір қола; Тереза Йохауг үш алтын иеленді.

Шаңғышылар Эрик Валнес (сол жақта) пен Йоханнес Клебо (оң жақта) командалық спринт жарысында алтын иеленді. 17 ақпан 2022 жыл.
Шаңғышылар Эрик Валнес (сол жақта) пен Йоханнес Клебо (оң жақта) командалық спринт жарысында алтын иеленді. 17 ақпан 2022 жыл.

Бұл елден бір өзі олимпиада ойындарында 8 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль алған биатлоншы Уле Эйнар Бьорендален шыққан.

Қазір Норвегия билігі қысқы спорттан бөлек жазғы спортқа да көңіл бөле бастаған. Бұл ел әсіресе жеңіл атлетиканы дамытуға күш салып жатыр. Былтыр Токиода өткен жазғы олимпиадада Норвегия 4 алтын, 2 күміс, 2 қоламен жалпы есепте 20-орын алды. Төрт алтынның екеуін жеңіл атлеттер әперді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG