Accessibility links

"Әлемді алдау". Қытай олимпиада тұсында Шыңжаңда қысқы спортты дамытып жатырмыз деп мақтанды


Қытай телеарналарының бірінде көрсетілген Шыңжаңдағу шаңғы курорты жайлы видеодан скриншот.
Қытай телеарналарының бірінде көрсетілген Шыңжаңдағу шаңғы курорты жайлы видеодан скриншот.

Пекинде қысқы олимпиада ойындары өтіп жатқанда Қытайдың мемлекеттік медиасы саяси лагерьлерімен әлемге танылған Шыңжаң өлкесін "қысқы спорты қарқынды дамып келе жатқан аймақ" ретінде көрсетіп жатыр. Сарапшылар бұл Пекиннің көзбояуы әрі әлемді алдауы дейді.

ҚЫТАЙ МЕДИАСЫНЫҢ РИТОРИКАСЫ

Қытайдың мемлекеттік медиасы Шыңжаңда қысқы спорттан "бум" болып, мұсылмандар тұратын өлкеде қымбат тау-шаңғы базалары көп салынғанын айтып мақтанып жатыр.

Мәселен, Қытай билігінің Синьхуа ақпараттық агенттігі жариялаған видеода өзін Шығыс деп таныстырған қазақ бір баласының шаңғы спортымен айналысып жүргенін айтады. Видеода Алтай аймағындағы Көктоғай шаңғы курортында шаңғы теуіп жүрген көп адам көрсетіледі және өлкеде шаңғы, сноуборд спортымен айналысуға барлық жағдай жасалғаны да айтылады.

Синьхуа агенттігі тағы бір видеосында Шыңжаңда ұйғыр бапкер аз ұлт өкілдерінен шыққан балаларды шорт-тректен жаттықтырып жүргені көрсетіледі. Жаттықтырушы "Шыңжаңда көп адам шорт-трекпен айналысып, Шыңжаң мен туған еліміздің даңғын шығарады деп үміттенемін" дейді.

СGTN телеарнасы да сюжетінде Шыңжаңдағы тау-шаңғы курорттарын көрсетті. Қытай медиалары Алтай аймағын адам баласы алғаш шаңғы тепкен жері ретінде айтады және осы өлкедегі тауларға қашалған ежелгі петроглифтерді оған дәлел ретінде ұсынады.

"ТҰРҒЫНДАРЫ ДІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ДИСНЕЙЛЕНДТІҢ ТҮРІ"

Франциялық AFP агенттігі де Қытай медиасында Шыңжаңды қысқы спорттың орталығы ретінде көрсетіле бастағанына басты назар аударған.

"Пекин қысым көріп жатқан Шыңжаңды қысқы спорттың жұмағы ретінде "сатпақ". Мемлекеттік медиалар Шыңжаңның шалғайдағы елдімекенінде тұратындардың мұзда жүргенін, аз ұлттардан шыққан жасөспірім спортшыларды көрсетіп жатыр. Ұйғыр блогер Шыңжаңдағы "бақытты әлі көрсе көз тоятын" шаңғы паркі жайлы видео жасаған" деп жазады франциялық агенттік.

AFP агенттігінің мәліметінше, Қытайдың коммунистік билігі қысқы спортқа қажетті инфраструктура салу үшін 157 млрд доллар жұмсамақ. Бұл қаржыдан Шыңжаңға да бөлінеді.

"2015 жылы Қытай қысқы олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алған соң елде тау-шаңғы курорттары төрт есе көбейген. Бір Шыңжаңның өзінде 82 шаңғы курорты салынған" деп жазады AFP.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығы қорғау ұйымының өкілі Майя Ван AFP агенттігіне берген комментарийінде "Қытай үкіметі Шыңжаңдағы туризмді алға жылжыту арқылы бұл өлкені тұрғындары ділі мен еркін ойынан айырылған Диснейландтың бір түріне айналдырмақ. Мұндағы туристердің демалысын билік қолдан ұйымдастырып, бақылайды" дейді.

"ҚЫТАЙ ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫР"

Ал Шыңжаңдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның пайымдауынша, Пекин олимпиаданы пайдаланып, Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығы тапталды дегенді жоққа шығаруға тырысып жатыр.

- Шыңжаңдағы балалардың, жастардың көбі қысқы спортпен жаппай айналысып жатыр деген өтірік. Себебі Шыңжаңдағы балалардың көбі тірі жетім я өлі жетім. Әке-шешелері қамауда не ішкі Қытайға мәжбүрлі жұмысқа жіберілген. Жетімдер үйіне күштеп әкеткен балалар да бар. Олимпиаданы пайдаланып, Қытай әлемді алдауға әрекет жасап жатыр, - дейді ол Азаттыққа.

Шыңжаңның қысы. Қазақ малшылар малдарын айдап барады. 2015 жылы түсірілген сурет.
Шыңжаңның қысы. Қазақ малшылар малдарын айдап барады. 2015 жылы түсірілген сурет.

Ал Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт жастары" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Ораз "Қытай Пекин олимпиадасын қалай пайдаланса да, Шыңжаңдағы зұлымдықты ешкім жоққа шығара алмайды" деген ойда.

- Алтай таулары алты ай қыс болатын, қары қалың мекен ғой. Қытайдағы Алтайда жергілікті тұрғындар шаңғы мен шананы бұрыннан қолданады. Атам заманнан шаңғы, шанамен жүреді. Себебі қар қалың. Ал Қытай олимпиада кезінде Шыңжаңда шаңғы тебушілер көбейді деп көрсеткісі келеді, - дейді ол.

Қытай құрамасы сапында Пекин олимпиадасына Шыңжаңда туған үш қазақ, бір ұйғыр спортшы қатысып жатыр. Олимпиаданың ашылу салтанатында ұлты ұйғыр шаңғышы қыз Дилнигәр Илхәмжан алау жаққан еді. Халықаралық құқық қорғаушылар Қытайдың ұйғыр спортшыға алау жақтыруын "әдейі ұйымдастырылған саяси әрекет" деп атаған.

Ұлты ұйғыр шаңғышы қыз Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) олимпиада алауын жаққан сәт. 4 ақпан 2022 жыл.
Ұлты ұйғыр шаңғышы қыз Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) олимпиада алауын жаққан сәт. 4 ақпан 2022 жыл.

Бекзат Мақсұтхан Қытай Шыңжаңда қысқы спортты дамытуға көп мүмкіндік болса да, дамытуға ықылас танытпайтынын айтады.

- Шыңжаңдағы Алтайда қыс бес-алты ай болады, бірақ Қытай бұл өлкеде қысқы спортты дамытқан емес. Шыңжаңнан қысқы олимпиадаға қатысатын спортшылар бәрібір санаулы. Қытай олимпиада кезінде Шыңжаңды қанша жерден мақтап, халқы спортпен айналысып жатыр деп көрсетуі ол жақтағы мұсылмандардың жағдайы жақсы болып кетті деген сөз емес, - дейді ол.

Қытайдың мемлекеттік ағылшын тіліндегі Global Times басылымы AFP агенттігіндегі мақаланы "абсурд" деп атап, батыс медиаларының жазғанын жоққа шығарды.

"Шыңжаң осы істер арқылы жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартып, экономикалық тұрғыдан дамытып, қоршаған ортаны қорғайды. Мұнда тұрған не бар?" дейді Қытай басылымы.

Қытай билігі мен мемлекеттік медиалар батыс басылымдары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Шыңжаңға қатысты мәлімдемелерін я мақалаларындағы деректерді мойындамайды.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда саяси лагерьлерде бір миллиондай ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "терроризммен күрес" дейді, ал саяси лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс өкілдерін кіргізбей отыр.

Пекин олимпиадасы кезінде БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, алдағы уақытта БҰҰ комиссиарлары Шыңжаңға сапарлап барар деген үмітін білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG