Accessibility links

Жығылғанға жұдырық. Қытай фанаттары төмен нәтиже көрсеткен жас спортшыны табалады


Мәнерлеп сырғанаудан Қытай құрамасында сынға түскен 19 жастағы Ю Жу қысқа бағдарламада құлаған сәт. 7 ақпан 2022 жыл.
Мәнерлеп сырғанаудан Қытай құрамасында сынға түскен 19 жастағы Ю Жу қысқа бағдарламада құлаған сәт. 7 ақпан 2022 жыл.

Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан Қытай құрамасында сынға түскен 19 жастағы Ю Жу командалық жарыс кезінде бірнеше рет құлап, төмен ұпай алып қалды. Осыдан соң Қытайдың әлеуметтік желілерінде спортшыны айыптағандар көбейді. АҚШ-та туып, 2018 жылы Қытай азаматтығын алған жас спортшыны "қытай тіліне шорқақ" деп сынағандар да бар.

"МАСҚАРА, ҰЯТ"

Ю Жу мәнерлеп сырғанаудан 6 ақпанда қысқа бағдарламада құлап, аз ұпай алып қалған Қытайдың интернет кеңістігінде спортшыны табалау, құраманы артқа тартты деп айыптау басталды. Weibo желісінде #ЮЖуқұлады деген хэштег бір күннін ішінде 200 миллионнан астам рет көрілген, ол туралы мыңдаған пост жазылған.

7 ақпанда Ю Жу негізгі бағдарламада тағы да екі рет құлап, элементтерді дұрыс орындай алмады. Спортшы биін аяқтай сала жылап жіберді. Осыдан кейін қытайлық фанаттар сынды күшейтіп, оның жеке басына өтті.

Ю Жу бағдарламасын таза орындай алмаған соң жылап жіберді. Пекин, 7 ақпан 2022 жыл.
Ю Жу бағдарламасын таза орындай алмаған соң жылап жіберді. Пекин, 7 ақпан 2022 жыл.

"Жылағаннын көргім келмейді. Жылаған мәселені шеше ме?" деп жазған интернет қолданушылардың бірі.

Қытайлықтардың бір тобы спортшының нәтижесін масқара, ұят десе; бір тобы оның қытай тілінде дұрыс сөйлей алмайтынына, әкесінің беделді жерде жұмыс істейтініне тиіскен.

Ю Жу 2002 жылы АҚШ-та туған, дүниеге келгендегі есімі – Веберли Жу.

2018 жылы Қытай азаматтығын алған соң есімін Ю Жу деп өзгерткен. Мәнерлеп сырғанаумен АҚШ-та айналыса бастаған, 2018 жылы мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында АҚШ чемпионатында жеңіске жеткен. Кейін Қытай азаматтығын алып, Пекинге көшіп келген.

Ю Жудың әкесі Сунчунь Жу – АҚШ-тан Қытайға қоныс аударып, Пекин университетінде жұмыс істейтін танымал ғалым. Қытайлықтар арасында жас спортшы ұлттық құрамаға әкесінің беделі арқылы өтті деп жатқандар да бар. Енді бірі Қытайда туған мәнерлеп сырғанаушы қыздарды таңдамай, АҚШ-та туып-өскен спортшыны құрамаға алынғанын сынаған.

Жас спортшыға интернетте шабуыл күшейген тұста Weibo #ЮЖуқұлады хэштегіне шектеу қойып, Ю Жу жайлы жасылған 300-ден аса пост пен аккаунты жойған.

"КИБЕРБУЛЛИНГ"

7 ақпандағы жарыстан соң Ю Жу журналистерге берген сұхбатында "жеңілдеп қалдым, себебі қысым көп және адамдар да күткені көп. Енді қазір алға жылжып, жекелей сында барымды саламын. Шыны керек, көп жаттықтым. Меніңше, психологиялық жағынан жиналу керек. Сырттан болып жатқан қысымды ойламауға тырысамын" деді ол.

Қытай фанаттары тарапынан қысым күшейген тұста елдің белгілі спортшылары мен танымал адамдар жас спортшыны қолдап жатыр. Қытай билігінің сөзін сөйлейтін Global Times газетінің экс-редакторы Ху Сицзинь желіде "қытайлықтардың бұл әрекетін "адамға тас лақтыру" әрі "кибербуллинг" деп атады.

Ал мәнерлеп сырғанаудан Қытай құрамасының мүшесі, ерлер арасында сынға түсіп жатқан Боянг Джи "Ю Жу еңбекқор спортшы, олимпиададағы алғашқы өнері жақсы я жаман болсын оны айыптамауымыз керек. Олимпиадаға қатысып жатқан спортшыға қысым жасау орынсыз" деді.

Ю Жу мұз айдында құлаған сәт. 6 ақпан 2022 жыл.
Ю Жу мұз айдында құлаған сәт. 6 ақпан 2022 жыл.

Ю Жу нашар нәтиже көрсетті деп сынға қалып жатқанда АҚШ-та туған, Қытай атынан Пекин олимпиадасына қатысқан Эйлин Гу (әкесі америкалық, шешесі қытай) фристайлдан алтын алған соң Қытай интернетінің жұлдызына айналды. Қытайлық фанаттар оның АҚШ-та туғанына назар аудармады, есесіне оның қытай тілін жақсы білетінін мақтап жатыр. Қытай интернет қолданушылары Эйлин Гуге "Қар ханшайымы" атағын да беріп үлгерді.

Қытай Пекин олимпиадасында жақсы нәтиже көрсету үшін шетелден спортшылар алған. Ю Жу мен Эйлин Гудан бөлек Қытай хоккей құрамасында АҚШ пен Канададан келген спортшылар көп.

9 ақпанға дейін Қытай Пекин олимпиадасында үш алтын, екі күміс медаль алып үлгерді. Ойындар 20 ақпанда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG